Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен!

Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Міне осы мысалдарды адамдар үшін көлтіреміз. Бірақ оларды білімге ие болғандар ғана түсінеді» (әл-‘Анкабут 29: 43).

Шейх Ибн әл-Қайим өзінің танымал өлең жолдарында мынандай ұлы сөздерді айтқан: “Надандық – өлтіретін ауыру, оның шипасы екі нәрседе — Құран мен Сүннетте, ал дәрігері – дана ғалым болып табылады!” “Шарху усули сәласа” 18.

‘Абдуллаһ ибн ‘Аббастан жеткен деректе алты мың хауариждерден құралған топ халифа Али ибн Әбу Талибтен бөлініп шығып, «Харура» деген жерде қоныстанғаны туралы баяндалады. Және адамдар Алиге келіп: «Уа, мүміндердің әмірі, адамдар саған қарсы шықты!» — деп айтуын тоқтатпады. Ол бұған: «Оларды қойыңдар, өйткені өздері бірінші болып бастамайынша, мен олармен соғыспаймын, және олар жуық арада осыны істейді деп ойлаймын», — деп жауап беретін. Және барлығы осы қалыпында тұрған кезде, Ибн Аббас бесін (зухр) намазынан кейін Алиге келіп: «Уа, муминдердің әмірі, маған рұқсат ет: мен ол адамдарға барып, сөйлесейін», -деді. Али оған: “Олар саған жауыздық жасайды деп қорқамын”, — деп айтты.[1] Сонда Ибн Аббас: “Мен жұмсақтық танытамын және олардың ешқайсысын қорлап сөйлемеймін!” – деді. Содан соң Али оған рұқсат берді және: “Олармен Құран арқылы айтыспа, Сүннет арқылы айтыс”, — деп айтты.  Ибн Аббас: “Мен Аллаһтың Кітабын олардан жақсы білемін!” – деп жауап берді.  Сонда Али оған: “Дұрыс, алайда Құранды әртүрлі тәпсірлеуге болады”, — деді.[2]

Ол хауариждерге түстен кейін келді де, оларды түскі тамақтың үстінде кездестіріп үлгерді. Ибн Аббас былай деп баяндаған: “Оларға келіп, ғибадатта олардан артық ынталы жандарды мен ешқашан көрмеген адамдарды көрдім.[3] Мені көріп, олар былай деді: “Қош келдің, уа, Ибн Аббас. Сені бізге не алып келді?” Ол: “Мен сендерге Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларынан – мухаджирлер мен ансарлардан, және оның көкесінің баласынан келдім. Құран оларға түсірілген болатын, олар оның мағынасын сендерден жақсы біледі, ал сендердің араларыңда олардың біреуі де жоқ! ” – деді.

Олардың кейбіреулері: «Онымен сөйлеспеңдер!» — деп айқайлай бастады. Сонда сол кездері хауаридж болып жүрген Ибн әл-Қауа орнынан тұрып, адамдарға қарап, оларды Ибн Аббастан сақтандырып: “Ей, Құранға ілесушілер! Егер бұл Ибн Аббасты біреулер білмесе де, мен оны білемін, бұл оның халқы туралы Аллаһ былай айтқан болатын: «Олар – керісуші адамдар болып табылады» (әз-Зухруф 43: 58). Оны қожайынына (Алиге) қайтарыңдар және Аллаһтың Кітабынан қайтпаңдар!” – деді.[4]

Ал басқалары: “Айта бер, біз сені тыңдаймыз”, — деді. Және сонда Ибн Аббас оларға Алидің келесі шарттарын жеткізді: “Сендер харам етілген қанды төкпейсіңдер, жолдарда қарақшылық жасамайсыңдар және зиммийлерді[5] жәбірлемейсіңдер. Егер де осылардың бірін істесеңдер, біз сендерге қарсы соғыспен шығамыз!”

Сондай-ақ Ибн Аббас оларға былай деді: “Маған сендер Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) күйеуі болып табылатын немере інісін бір нәрселерде күнәлап жатыр деген хабар жеткізілді. Ол Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алғашқы иман келтірген адам еді, ал сендер оған наразысыңдар ма?! Шынымен де солай ма?!”

Олар: “Біз оған үш нәрсеге бола өте наразымыз“, — деді.

“Қандай?” – деп сұрады Ибн Аббас.

Олар: “Біріншіден, ол адамдарды Аллаһтың дініне төреші етіп тағайындады, ал Аллаһ: «Үкім тек Аллаһқа тән»[7], — дейді. (әл-Ән’ам 6: 57).

Екіншіден, ол Муғауия және Айшамен соғысқан кезде, олжа мен тұтқын алмады. Егер олар кәпір болған болса, онда бұл рұқсат етілген еді, ал егер олар мүмін болған болса, онда тұтқын алуға да, олармен соғысуға да рұқсат етілмеген еді!

Үшіншіден, мұсылмандар оған ант беріп, оны өздерінің әмірі етіп тағайындаса да, ол өзінен «мүміндердің әмірі (амируль муъминин)» деген атақты алып тастады,  ал егер ол мүміндердің әмірі болмаса, онда ол кәпірлердің әмірі болып табылады! ” — деді.  

Абдуллаһ: “Тағы қандай да сұрақтарың бар ма?” – деп сұрады. Олар: «Жоқ, осы жеткілікті!» — деді.

Ибн Аббас: “Егер мен сендердің көзқарастарыңды Аллаһтың Кітабы және Пайғамбардың Сүннетімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)[8]  жоққа шығарсам, сендер өз пікірлеріңнен бас тартасыңдар ма?!” – дегенде, олар: “Иә”, – деп жауап берді.

Абдуллаһ сонда былай деді: “Оның адамдарды Аллаһтың дініне төреші етіп тағайындауына байланысты айтар болсақ, онда Аллаһ Тағала: «Әй мүміндер! Сендер ихрамда аң өлтірмеңдер. Сендерден біреу оны қасақана өлтірсе, оның жазасы — өлтіргеніндей бір мал, оны сендерден екі әділ кісі Кағбаға баратын бір құрбанды үкім етеді» (әл-Маида 5: 95), — деп айтады ғой..

Аллаһ Тағала сондай-ақ ері мен әйелінің арасындағы келіспеушіліктер туралы былай деді:  «Егер де екеуінің арасының ашылуынан қауіптенсеңдер, еркектің ағайынынан бір төреші, әйелдің ағайынынан бір төреші жіберіңдер. Егер ол екеуі жарастыруды қаласа, Аллаһ та екеуінің арасын үйлестіреді» (ән-Ниса 4: 35).

Аллаһпен сендерге жалбарынамын! Айтыңдаршы, ал адамдардың қанына, өміріне және оларды табыстыруға қатысты  адамдар төрелігі маңыздырақ емес пе?!

Олар: “Әрине, маңыздырақ“, — деді.

Ибн Аббас: “Қалай, енді бірінші іс бітті ме?” – деп сұрағанда, олар: “Иә, Аллаһпен ант етеміз”, — деп жауап берді.

Абдуллаһ былай жалғастырды: “Сендер Али соғысқанын, бірақ ол Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) істегендей тұтқын да, олжа да алмағанын айттыңдар. Сонда сендер күң ретінде сендердің аналарың Айшаны алып, оған күңге істейтіндеріңді істейін деп пе едіңдер?! Егер сендер: «Иә», — десеңдер, онда күпірлікке түсесіңдер, ал егер сендер Айша — аналарың емес деп айтсаңдар да, күпірлікке түсесіңдер, өйткені Аллаһ Тағала былай деді: «Пайғамбар мүміндерге олардың өздерінен жақын, ал оның жұбайлары – олардың аналары» (әл-Ахзаб 33: 6).

Кейін Абдуллаһ былай деді: “Қалай, енді мұнымен де іс бітті ме?”

“Иә, Аллаһпен ант етеміз , – деп жауап берді олар.

Абдуллаһ  өз сөзін жалғастырды: «Сендер сонымен қатар Али өзінің «мүміндердің әмірі» деген атағынан бас тартты дедіңдер. Худайбия бітімі жасалған күні Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көпқұдайшылдармен жасасқан келісім-шартта «Мухаммад – Аллаһтың елшісі» деп жазғысы келгенде, мушриктер наразы болып: «Егер біз сенің Аллаһтың Елшісі екендігіңе сенгенде, сені қуып жібермейтін едік және сенімен соғыспайтын да едік. «Мухаммад ибн Абдуллаһ» — деп жаз», — деді. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олардың талаптарына көніп: «Уа, Али, мұны өшір де, «Абдуллаһтың ұлы Мухаммад» деп жаз, ал Аллаһ менің Аллаһтың елшісі екенімді біледі!» — деді».

Осыдан кейін Ибн Аббас: “Қалай, мұнымен де біттік пе?” – деп сұрағанда, олар: “Аллаһпен ант етеміз, иә”, — деді.

Ибн Аббас былай деді: “Олардан (хауаридждерден)  екі мың адам қайтты және адасуда қалғандар өлтірілді. Және оларды мухаджирлер мен ансарлар өлтірді”.

Бұл тарихи деректе Ибн Аббас, Аллаһ оған разы болсын, оларға айқын және бұлтартпайтын дәлел ұсынғаннан кейін, екі мың хауаридж өз адасушылықтарынан бас тартты деп жеткізілген.

Бұл деректе сонымен қатар ғалымдарға жүгіну — жауыздықтан және бүліктерден құтылу екендігіне нұсқау бар. Ал Аллаһ Тағала былай деді: «Егер өздерің білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» (ән-Нәхл 16: 43).

Сондай-ақ  білім иелерінің дінді дұрыс түсінуге көмектесуінің мысалы болып — ‘Уруа ибн әз-Зубайрдың басынан өткен мына оқиға табылады:  ол былай деп баяндаған: “Бірде мен – ол кезде жас едім – Айшадан мына аят жөнінде сұрадым: «Ақиқатында, Сафа мен Маруа – Аллаһтың рәсімдік белгілерінен. Және кім Қағбаға қажылық немесе умра жасаса,  олардың арасын айналып өтсе, күнәхар болмайды» (әл-Бақара 2: 158). “Сен бұл жөнінде не айтасың? Мен бұл екі төбенің арасын (әс-Саффа мен Маруа) айналып өтуді жасамауда қиындық көріп тұрған жоқпын”. Ол былай деп жауап берді: “Жоқ! Егер бұл осылай болғанда, онда: «Оларды айналып өтпеген – күнә жасамайды», — деп айтылар еді. Бұл аят Исламға дейін қажылығын Манат деген пұттың айналасынан бастайтын ансарлар жөнінде түскен, ал Ислам келгеннен кейін олар Сафа мен Маруаның арасын айналып өтуден қауіптенетін. Олар не істейтіндерін білмеді де, Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл жөнінде сұрады және Аллаһ осы аятты түсірді .

‘Уруа ибн әз-Зубайр ең жақсы табиғиндердің және Мәдинаның ең атақты жеті фақиһтарының бірі болып саналатын. Алайда Айшаға өз сұрағын қойған кезінде, ол әлі жас еді. Және мұнда жастың кіші болуы да дінді дұрыс түсінбеудің себебі екендігіне[9], сондай-ақ ғалымдарға жүгіну игілік және құтқарылу болып табылатындығына анық нұсқау бар!

Аллаһтың Елшісінің (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) өлімінен кейін зекет төлуден бас тартқандардың жағдайы да осылай, өйткені олар Аллаһ Тағаланың мына сөздеріне сүйенді: «(Мұхаммед ) олардың малдарынан садақа ал[10], ол арқылы оларды тазартып, ұлықтау үшін». Олар бұл әмір тек Пайғамбарға (Аллаһтың оған игілілігі мен сәлемі болсын) қатысты деп ойлады. Бұл адамдар араб тілін жетік білді, бірақ білім иелеріне жүгінбегендігінен адасушылыққа түсті. Сол үшін Әбу Бәкр олармен, олар зекетті қайта төлеп бастамайынша, соғысты!

Ғалымдар дінді дұрыс түсінуге көмектесетін осындай мысалдар Исламда өте көп.

Ибн Уаһб былайдейтін: “Егер мен имам Мәлик пен имам әл-Ләйс ибн Са’дты көріп үлгермегенімде, адасушылыққа түсер едім!” “Шәрх әл-Мууатта” 1/29.



[1] Хауариждердің сипаттарының бірі қиянятшылдық еді және әлі де солай. Олар мұсылмандарды өлтіруде еш қиындық көрмейді және осы себептен Али Ибн Аббас үшін қорықты. Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай дейтін: “Хауариждер мұсылмандар үшін яһудилер мен христиандардан да жаман. Олар өздерімен келіспейтін мұсылмандарды өлтіруде күш-жігерлерін танытады. Олар мұсылмандардың қанын төгуді, олардың мал-мүлкін тартып алуды, олардың балаларын өлтіруді және оларды күпірлікте айыптауды рұқсат етеді!” Қз.: “Минхажу-Ссунна” 5/248.

[2] Сүннетке жүгінбей Құранды толық түсіну мүмкін емес, өйткені егер Құранның өзі ғана жеткілікті болатын болса, Аллаһ Тағала Өзінің Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны (Құранды) түсіндіруді бұйырып, балай деп айтпас еді: «Саған да адамдар үшін түсірілгенді түсіндірерсің деп, Құранды түсірдік» (ән-Нәхл 16: 44). Құранды түсінудегі Сүннетті елемеудің дәл өзі көптеген секталардың адасуларына себепші болды. Әбу Надра, олар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерін айтып жатқан сахаба — Имран ибн Хусайнмен бірге болғанда, бір адам өзінің наразылығын білдіріп: «Одан да бізге Аллаһтың Кітабы туралы айтқаның жақсы болар еді», — деп айтқанын баяндайды. Сонда Имран ашуланды да: «Ақиқатында, сен – ақымақсың! Аллаһ Құранда зекетті атап өтті, ал онда екі жүз дирхамнан бес дирхам төлеу керек егендігі қайда көрсетілген?! Намазды атап өтті, ал бесін намазы төрт ракағаттан тұрады деген нұсқау қайда?! Қағбаны айналуды (тауафты) атап өтті, ал айналу саны –  жетеу деген нұсқау қайда?! Ақиқатында, мұның барлығын Сүннет тәпсірлеп түсіндіреді!» — деді. әл-Ажжурри “әш-Шари’а” 104. Иснады  сахих.

[3] Адамдарды бірінші кезекте олардың сенімдері бойынша бағалау керек, ал қалған құндылықтар кейіннен. Егер де адамдарды олардың беріліп салынған құлшылықтарына қарай бағалау керек болғанда, онда хауариждердің дәрежесін сахабалардың дәрежесінен де жоғары қоюға тура келер еді, өйткені Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Ақиқатында, сендердің намаздарың, олардың намаздарымен салыстырғанда, және сендердің оразаларың, олардың оразаларымен салыстырғанда, өздеріңе түкке тұрғысыз болып көрінетін болады». Муслим 1064. Алайда іс жүзінде бәрі басқаша. Өйткені хауариждер алғашқы бүліктің және мұсылмандардың бөлінуінің себепшісі болды. Ақиқатында, дұрыс сенімнің ізінен ізгі амалдар жалғасады. Және дәл осы сипат әһлю-Суннаның шынайы мұсылмандарын әртүрлі ағымдар мен жамағаттардан ерекшелейді.

[4] Бұл – хауариждердің сипаттарының бірі – өздерін ғалымдарға мұқтаж емес деп есептеу және олардың маңызын кеміту.

[5] Зиммий – мұсылман жерлерінде өмір сүретін және жизия (салық) төлейтін кәпір. Жизия балалардан, әйелдерден, қарттардан, еш нәрсесі жоқ кедейлерден, ақыл-есінен айырылғандардан және ауру адамдардан алынбайды. Қз.: Ибн әл-Қайим, “Ахкаму әһли-зимма” 1/43-51.

[7] Әбу Рафи’ былай деп баяндаған: «Хауариждер Алиге қарсы қару алып шыққанда, олар: «Үкім Аллаһқа ғана тән! Үкім Аллаһқа ғана тән!»,  — деп үнемі қайталай берді. Ал Али: «Өтірікті тұспалдап, ақиқатты айтып жатыр!» — деді». Муслим 1774.

Біздің кезімізде де хауариждердің соңынан ілескен адамдар сол аяттарды келтіріп, оларды басшылыққа алып, көптеген рұқсат етілмеген нәрселерді істеп жүр. Осының өзі хауариждердің Құранның аяттарын және хадистерді дұрыс түсінбейтініне нұсқайды, бұл жөнінде бізге Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хауариждер туралы: «Олар Құранды ол олардың жағында болады деп оқиды, ал ол оларға қарсы болады!» — деп айтты. Муслим 1066.

[8] Міне — Исламда не дәлел болып табылады – Аллаһтың Кітабы және Оның Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннеті!

[9] Жастың кішілігі – хауариждердің сипаттарының бірі.  Али ибн Әбу Талиб былай деп баяндайтын: “Мен Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін естігенмін: «Соңғы замандарда жастары кіші және ақылдары келте адамдар пайда болады»”. Әл-Бухари 3611, Муслим 1066.

Имам ән-Нәуауи былай деді: “Бұл хадистен білімнің тұрақтылығы мен күші жастың егделігімен келетінін білеміз”. “Фатхул-Бари” 12/300.

Уа, мұсылмандар! Біздің кезімізде ислам үмметінің аса маңызды мәселелерін шешуге кірісіп жүргеніндердің негізін араларында олардың көзқарастарын ұстанатын ең болмағанда он шақты егде тартқан адамдардың табылуы қиын  жастар құрайтынына назар аударыңдар!

[10] Имам ән-Нәуауи Аллаһтың Құрандағы жолдауы үш түрге бөлінеді дейтін: біріншісі – барлық иман келтіргендерге деген жолдау; екіншісі — тек Пайғамбарға (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) деген жолдау; үшіншісі – Пайғамбарға (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) деген, бірақ, сондай-ақ бүкіл үмметке де қатысты жолдау. “Шарх Cахих Муслим” 2/231.