Ринат Абу Мухаммадтың Қазақстанның түрмелеріндегі оқиғаларға байланысты насихаты

Categories: Жамағаттар,Жиһад,Такфир

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен!

Біз Оны ғана мадақтайтын және Одан ғана көмек пен кешірім тілейтін Аллаһқа мақтаулар болсын! Аллаһтан өзіміздің нәпсіміздің және амалдарымыздың жамандығынан пана іздейміз. Кімді Аллаһ тура жолмен жүргізсе, оны ешкім адастыра алмайды. Ал кімді Аллаһ тастап қойса, оны ешкім тура жолға сала алмайды. Жалғыз Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқтығына және Мухаммад – Аллаһтың құлы, әрі Оның Елшісі екеніне куәлік береміз. Уа, Аллаһ, оған, оның отбасы мен сахабаларына және Ақырет Күніне дейін оның жолы мен басшылығына ілескендердің барлығына рахымың мен игілігіңді сыйлай гөр!

Содан соң:

Балқашта болған оқиғаны айтар болсақ, осы іске тікелей не жанама түрде қатысты болған кісілердің назарына: мейлі ол кісілер осы оқиғаның тікелей қатысушылары болсын, мейлі билік өкілі болсын, мейлі ол өз дүниетанымына сай ақпарат таратушы БАҚ өкілдері болсын, мейлі тіпті ол осы оқиғаны сырттай бақылаған Қазақстан Республикасының қарапайым азаматтары болсын — бәріне арналады. Мен Құранның қасиетті мәтіндері мен Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне сүйене отырып, осы мәселені қысқаша түсіндіріп кетуді жөн көрдім.

Кіріспе

Біріншіден, Құран мен Сүннеттің шариғи мәтіндеріне қарасақ, шайтанның мұсылмандарды азғырып адасуға алып баратын екі жолы бар екенін аңғаруға болады. Бұл жолдардың біреуіне ол күнәларға, селқостық пен босаңсуға бейім әрі дінге салғырт қарайтын кісілерді итермелейді. Ол мұндай мұсылмандарға күнәлар мен өз әуес-қалауларына еруді әдемі етіп көрсетіп, Аллаһ пен Оның Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бағынбауға бас ұрғызады. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Жәннат (нәпсіге) жек көрінішті нәрселермен қоршалған, ал Тозақ (нәпсіге) ұнамды нәрселермен (құмарлықтармен) қоршалған». Әл-Бухари.

Ал екінші жолға шайтан ғибадат етуде, Аллаһқа бағынуда ыждағаттылық танытатындарды итермелейді. Мұндай адамға ол шектен шығушылықты әдемі етіп көрсетіп, оны бүлдіру үшін дін мәселесінде нысапсыздық қылдырады.[1] Құдіретті де, Ұлы Аллаһ Тағала былай дейді: «(Мухаммад, оларға): “Әй, Кітап иелері! Діндеріңде орынсыз шектен шықпаңдар және бұрынғы хақ жолдан өздері адасқан әрі басқаларды адастырған, тура жолдан ауытқыған қауымның қалауына ермеңдер!” – де» (әл-Мәида сүресі, 77-аят).

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Діндегі шектен шығушылықтан сақтаныңдар, өйткені сендерге дейінгілерді діндегі шектен шығушылық опат еткен

Шайтан шектен шығып нысапсыздық танытқандарды дінді қате түсініп, өз құмарлықтарына (әуес-қалауларына) еруді әсем етіп көрсетіп азғырады. Ғалымдар оларға ақиқат пен тура жолды түсіндіріп көрсете алмауы үшін, өз адасуымен алданып қала беруі үшін шайтан оларды ғалымдарға жүгінуден бас тартқызады. Немесе оларды ғалымсымақтармен байланысуға шақырады, мұндайлар әлгілерді тек өзіне ұнаған нәрсесін айтқаны үшін ғана ғалым деп санайды. Аллаһ Тағала былай дейді: «Әуес-қалауыңа ерме. Әйтпесе ол сені Аллаһтың жолынан адастырады» (Сад сүресі, 26-аят).

Аллаһ Тағала тағы былай дейді: «Аллаһтан бір жол-жорықсыз, өз әуесқалауына ергеннен әрі адасқан кім бар?» (әл-Қасас сүресі, 50-аят).

«Сондай жаман ісі өзіне әдемі көрсетіліп, оны жақсылық деп есептеген біреу тура жолға ерген біреумен тең бе? Расында, Аллаһ қалағанын адастырып, қалағанын тура жолға салады» (Фатыр сүресі, 8-аят).

Қандай ақыл-парасат, қандай дін адамдардың қанын қақысыз төгіп, жарылыстар ұйымдастырып қиратуды жиһад деп атай алады?!

Кіріспеде айтылғандай, шайтан хауариждер тәрізді құлшылық етуде ыждағатты кісілердің дінін шектен шығу, нысапсыздық таныту арқылы бұзғысы келетінін айтқаннан соң, бүліктерден құтылу жолы – ғалымдарға  жүгіну екенін ескерткіміз келеді. Бұған айғақ ретінде Ибн ‘Аббастың түсіндіруінен кейін тура жолға қайтқан екі мың хауарижді, сондай-ақ Жәбирмен кездескеннен кейін бір топ адамдардың көзқарасы түзелгенін айтуға болады.

Сонымен, осы кіріспеден кейін айтқым келгені: шын мәнінде, қамауда жатқан бірнеше мұсылмандар түрме күзетшілеріне шабуыл жасап, олардың бірін өлтіріп, содан кейін жарылғыш зат арқылы өздерін жанкешті еткен Балқашта болған оқиға, сондай-ақ Ақтөбедегі оқиғалар (Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің ғимаратын жару, өзін-өзі жару, полицей жасақтарын өлтіру), оған дейін болған Маңғыстаудағы оқиға (қамауда жатқандардың түрмеден қашып шығуы, күзетшілердің қанын төгу) және қазақ жерінде болып жатқан сол іспеттес қайғылы оқиғалардың барлығы – бұл шайтанның азғыруының нәтижесі, ол шектен шыққандарға сол істерін әдемі етіп көрсеткен. Осы оқиғалардың бәрі зор қылмыс, жиіркенішті іс әрі жер бетінде бұзақылық тарату[2] болып табылады. Ең жаманы – кейбіреулердің осындай әрекеттерді жиһад деп ойлауына шайтанның түрткі болуы! Немесе басқа мұсылмандар сондай әрекеттермен айналысатындарды аяуы. Енді осыдан кейін, өзін-өзі өлтіру немесе мұсылманның және мұсылмандармен келісім-шарттағы кәпірлердің қанын төгу, жұртшылықтың зәресін алу, жетім-жесірлер қалдыру, сондай-ақ ғимараттарды, оның ішіндегілерімен қоса жарып жіберуді қандай ақыл-есі дұрыс адам, қандай діні дұрыс кісі жиһад деп айта алады?!

Тап осы жерден бастап жоғарыда айтылған қан төгудің қаншалықты қауіпті әрі ауыр күнә екеніне қатысты Құран мен Сүннеттің мәтіндерін еске түсіру қажет. Осындай бұзақылық жасайтын мұсылмандар жасап жатқан істерінің Аллаһтың дініне түк қатысы жоқ екенін білсін! «Ислам діні» мен «террор» деген ұғымдар екеуі «үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын», әрі олар өзара еш байланысы жоқ екенін БАҚ өкілдері, осы оқиғаларға сырттай куә болып отырған қоғам білсін! Исламның еш кінәсі жоқ, бірақ мұсылмандар кінәсіз емес екенін де білсін! Сондықтан Ислам туралы мұсылмандарға қарап баға бермеңіздер. Өйткені, егер Отанымыздың бір азаматы шетелге барып, сол жақта жантүршігерлік қылмыс жасаса, біздің еліміздің адамдарының бәрі сондай қылмыс жасайды екен деп баға берсек, дұрыс болмайтынын бәріміз білеміз ғой?!

Аллаһтан тура жолдан тайғандарды тура жолға салып, оларды адасушылықтардан жарыққа шығаруын, әрі мұсылмандарды зиянкестік жасаушылардың зиянынан сақтауын жалбарына сұраймыз, расында, Ол – Естуші, дұғаға Жауап Беруші!

Адам қанын төгу күнәсінің ауырлығы мен қауіптілігіне куә болатын Құран, Сүннет мәтіндер еске алайық!

Пәк Аллаһ Тағала Адам атаның ұлдарының бірі туралы былай дейді: «Сонда оның нәпсісі туысын өлтіруге қызықтырды да, ол оны өлтіріп, зиянға ұшыраушылардан болды» (әл-Мәидә сүресі, 30-аят).

Аллаһ Тағала тағы былай дейді: «Соның салдарынан[3] Исраил ұрпақтарына: Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған[4] біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамзатты өлтіргенмен тең және кім оны құтқарса барлық адамзатты құтқарғанмен тең деп жаздық»[5] (әл-Мәидә сүресі, 32-аят).

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Әрбір қақысыз қан төгілген сайын, оның күнәсі Адам атаның баласына да жазылады, себебі ол осы істі бастаған!» Әл-Бухари. [6]

Аллаһ Тағала Исраил ұрпақтары туралы былай деді: «Сендерден өздеріңнің қандарыңды төкпеулерің және бір-біріңді  жұрттарыңнан қуып шығармауларың жөнінде уәде алған едік. Кейін сендер осыны мақұлдап, осыған куә болған едіңдер» (әл-Бақара 2: 84).

Ол сондай-ақ былай деді: «Оларға Тәуратта: жанға жан, көзге көз, мұрынға мұрын, құлаққа құлақ, тіске тіс және жараларға – құн төлеу (қысас) жаздық»[7] (әл-Мәидә 5: 45).

Өзін-өзі саналы түрде өлтірген кісіге байланысты Құран мен Сүннет мәтіндерін еске алайық!

Біздің аймақта да дәл осындай құбылыс қатты байқалады.

Пәк және Ұлы Аллаһ былай деді: «Әй, мүміндер! Өзара малдарыңды бұзықтықпен жемеңдер. Бірақ өз ризалықтарыңмен саудаласу — басқа. Және бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында, Аллаһ сендерге ерекше мейірімді. Ал кім осы айтылғанды дұшпандығы және зұлымдығымен істесе, оны жақын арада Отқа саламыз. Бұл Аллаһқа оңай(ән-Ниса 4: 29-30).

Сабит ибн Даххактан Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Кім қандай да бір нәрсемен өзін өлтірсе, Қиямет Күні сол нәрсемен азапталады». әл-Бухари 6047, Муслим 176.

Сондай-ақ, Абу Хурайрадан, Аллаһ оған разы болсын, оның былай деп айтқаны жеткізіледі: «Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Кім әдейі өзін таудан тастап опат етсе, мәңгілікке (тасталатын) Тозақтың (отына) үздіксіз төмен қарай құлай береді; кім әдейі у ішіп өзін опат етсе, мәңгілікке (тасталатын) Тозақтың (отында) сол уды қолында ұстап, үздіксіз ішумен болады; кім өзін темірмен өлтірсе, мәңгілікке (тасталатын) Тозақтың (отында) сол темірмен өзінің қарнын үздіксіз өз қолымен  ұра береді», — деп айтатын». әл-Бухари № 5778, Муслим № 175.

Сондай-ақ, Абу Хурайрадан Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Кім өзін-өзі тұншықтырса, өзін-өзі тұншықтыруын Отта жалғастырады, ал кім өзін-өзі сойып өлтірсе, мұны Отта да істейді». әл-Бухари 1365.

Жундабадан (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: Көп жарақаттары бар бір адам өзін-өзі өлтірді, және сонда Аллаһ Тағала былай деді: «Менің құлым өз еркімен менен озды, сол үшін мен оған Жәннатты харам еттім». әл-Бухари 1364.

Жәбир ибн Самурадан (Аллаһ оған разы болсын): “Бірде жарақат алған бір адам өзін-өзі өлтіргенде, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған жаназа намазын оқымады”,  – деп жеткізіледі.  Шейх әл-Әлбани бұл хадистің сахихтығын растаған. Қз.: “Сахих ат-тарғиб” 2457.

Мұндай мәтіндер өте көп, алайда бұл күнәның қаншалықты жиіркенішті екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Мұсылманды өлтіру қақылы да, қақысыз да орын алуы мүмкін. Қақылы өлтіру – бұл адамды қақысыз өлтіру үшін тең мөлшерде есе қайтару (қасас) және белгілі қылмыстар үшін өлім жазасымен жазалау.

Ал мұсылманды қақысыз өлтіруге келер болсақ, ол қасақана және абайсызда болып тағы екіге бөлінеді.

Аллаһ Тағала адамды қасақана  өлтіру туралы былай дейді: «Кім бір мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы  ішінде мүлде[8] қалатын Тозақ болады. Сондай-ақ Аллаһ оған ызаланады, лағынеттейді және зор қинау әзірлеп қояды» (ән-Ниса 4: 93), — деді.

«Олар Аллаһпен бірге басқа құдайларға жалбарынбайды. Аллаһ өлтірілуін харам еткен кісіні, оған құқы болмаса, өлтірмейді және зина жасамайды. Кімде-кім осыларды істесе, күнәға жолығады. Ал кім осылай істесе, жазасын алады. Оған Қиямет күні, еселенген азап болады. Ол онда қор болып, мүлде қалады. Бірақ бұл тәубе қылғандарға, иман келтіргендерге және ізгілік жасағандарға қатысты емес. Аллаһ олардың жамандықтарын жақсылықтарға ауыстырады. Өйткені Аллаһ өте Жарылқаушы, ерекше Мейірімді» (әл-Фурқан 25: 68-70).

«Және де заңды болғаннан өзге Аллаһ харам еткен жанды өлтірмеңдер» (әл-Әнғам, 6: 151).

«Кедейшіліктен қорқып, балаларыңды өлтірмеңдер. Біз оларды да, сендерді де ризықтандырамыз. Расында, оларды өлтіру — зор күнә» (әл-Исра 17: 31).

«Сондай ақымақтықпен, еш білімсіз балаларын өлтіргендер және Аллаһ туралы өтірік сөйлеп Аллаһтың өздеріне берген несібесін харам еткендер зиянға ұшырады. Олар адасушылыққа түсті және тура жолға ілеспеді» (әл-Әнғам 6: 140).

Ал Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Қиямет Күні адамдардың арасында қаралатын ең бірінші мәселе – адам қанын төгу!»[9] әл-Бухари 6864, Муслим 1678.

Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің қоштасу қажылығында адамдарға құтпа айтып, соның ішінде мұсылманның қанының, дүние-мүлкінің, арының ұлықтығын сол жер мен сол уақыттың ұлылығымен теңеді. Абу Бакр (Аллаһ оған разы болсын) былай деп баяндайды: “Құрбан Айт күні  Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізге құтпа айтты да, соңынан: «Ал сендер бүгін қандай күн екенін білесіңдер ме?», — деп сұрады. Біз: «Аллаһ пен Оның елшісі жақсырақ біледі», — деп жауап бердік, ал ол үнсіз тұрып қалды және біз оны өзгеше атайды ма деп ойлап қалдық. Бірақ ол: «Бұл — Құрбан Айт күні емес пе?», — деді. Біз: “Иә”, — деп жауап бердік. Кейін ол: «Ал бұл  қандай ай?», — деп сұрады.  Біз: «Аллаһ пен Оның елшісі жақсырақ біледі», — дедік. Ал ол үнсіз тұрып қалды және біз оны басқаша атайды ма деп ойлап қалдық, бірақ ол:  «Бұл — зуль-Хижжа емес пе?», — деді.  Біз: “Иә”, — деп жауап бердік. Сонда ол былай деді: «Ақиқатында, сендердің араларыңдағы қарым-қатынастарың сендер үшін осы қалаларыңдағы, осы айларыңдағы осы күндерің қандай қасиетті болып табылса – қандарың да, мал-мүліктерің де және ар-намыстарың да сондай қасиетті болатындай болуы керек! Осындағылар мұны осында жоқтарға хабарласын. Өйткені, ақиқатында, осындағы  адам бұл жөнінде осыны өзінен жақсы түсінетін адамға жеткізуі мүмкін». әл-Бухари 1741, Муслим 1679

Ибн ‘Умардан жеткен хадисте, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Мүмін өз дінінің кеңшілігін тыйым салынған қанды төкпейінше сезетін болады». әл-Бухари 6862.

Ибн ‘Умардың өзі болса былай деген: “Егер біреу шыға алмайтындай бір жағдайға түссе, демек ол тыйым салынған қанды төккені!” [10] әл-Бухари 6863.

Убада ибн әс-Самит, Аллаһ оған разы болсын, бірде Аллаһтың Елшісінің айналасына сахабалардың бір тобы жиналғанда, былай деп айтқанын жеткізген:  «Маған «Аллаһтан өзге ешкімге құлшылық қылмаймыз, ұрлық, зинақорлық  жасамаймыз, балаларымызды өлтірмейміз, жүректерімізбен тоқылған өтірікті таратпаймыз,  шариғат мақұлдаған нәрсе бұйырылғанда мойынсұнудан бас тартпаймыз» деп ант беріңдер. Сендерден кім осы антына берік болса, Аллаһ оны марапаттайды. Ал кім осы аталған күнәлардың біреуін істесе, ал Аллаһ оның күнәсын жасырса, онда Аллаһтың Өзі шешеді және егер қаласа – оны кешіреді, ал қаласа – жазалайды». әл-Бухари 18, Муслим 1709.

Абдуллаһ ибн Умардың, Аллаһ оған және оның әкесіне разы болсын, сөздерінен жеткен хадисте  Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Бізге қару көтерген – бізден емес». әл-Бухари 6874, Муслим 161.

Абдуллаһ ибн Мас‘удтан, Аллаһ оған разы болсын, жеткен хадисте Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Үш жағдайдан басқа кезде мұсылманның қанын төгуге рұқсат етілмейді: зинақорлық жасаған үйленген адамды өлім жазасымен жазалау кезінде, өмір үшін өмірді алған кезде; және біреу діннен шығып үмметті тастап шыққан кезде». әл-Бухари 6878, Муслим 1676.

Сондай-ақ, Ибн Маc‘удтан, Аллаһ оған разы болсын, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Мұсылманды балағаттау – бұзақылық, ал онымен соғысу – күпірлік!»  әл-Бухари 48, Муслим 116.

Ибн Аббастан, Аллаһ оған және оның әкесіне разы болсын, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Аллаһқа ең жек көрінішті адамдар мына үшеуі:  Қорықты орында[11] бола тұра ақиқаттан ауытқыған;   надандық (жахилиет) дәуірінің салттарын Исламда сақтағысы келген адам және біреудің қанын қақысыз төккісі келген».  әл-Бухари 6882.

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтатын: «Кім менің үмметіме соғыспен қарсы шығып, олардың арасындағы иман келтіргендерді ескермей, өзі келісім-шарт жасасқандармен жасаған келісімін орындамай, ізгілер мен пасықтарды (қосып) өлтірсе, оның маған еш қатысы жоқ, ал менің оған (еш қатысым жоқ)». Муслим № 1848.

Әл-Бардан, Аллаһ оған разы болсын, Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Бұл дүниенің түгелімен опат болуы мүміннің заңсыз өлтірілуінен Аллаһ үшін маңыздырақ емес!»[12]

Абу Са‘идтен және Абу Хурайрадан, оларға Аллаһ разы болсын, жеткен хадисте Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер көктер мен жердің бүкіл тұрғындары бір мүмінді бірлесіп өлтіруге айыпты болған болса еді, Аллаһ міндетті түрде олардың барлығын Отқа тастар еді», — деп айтқан.

Абу Бакрдан, Аллаһ оған разы болсын, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткен: «Егер көктер мен жердің тұрғындары бірігіп, мұсылманды өлтірген болса еді, Аллаһ оларды міндетті түрде жүздерімен Отқа тастар еді».

Муғауиядан, Аллаһ оған разы болсын, жеткізілетін хадисте, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Аллаһ күпірлікте өлгеннен және мүмінді қасақана өлтіргеннен басқа кез келгенге оның күнәсын кешіре алады».

Абу Мусадан, Аллаһ оған разы болсын, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Ібліс өзінің әскерін жинаған кезде, оларға: «Кім бүгін мұсылманды жеңсе, оған мен тәж кігіземін», — деп айтады. Және оған шайтанның біреуі келіп: «Ол өз әйелімен ажыраспайынша мен оны азғыруымды тоқтатпадым», — дейді. Бірақ Ібіліс: «Ол оған қайта үйлене алады», — деп айтады. Сонда басқасы келіп: «Ол ата-анасына мойынсұнбаушылық танытқанынша мен оны азғыруымды тоқтатпадым», — дейді. Ал Ібіліс: «Бірақ ол оларға игі пиғыл көрсетуді қайтадан бастай алады», — дейді. Сонда үшіншісі келіп, былай дейді: «Ол көпқұдайшылыққа түспейінше мен оны азғыруымды тоқтатпадым!» Ібіліс: «Сен! Сен!» — деп жауап береді. Сонда Төртіншісі келіп: «Ол адам өлтірмейінше мен оны азғыруымды  тоқтатпадым», — дейді. Оған ол: «Сен! Сен!» — деді және оған тәж кигізеді».

Ибад ибн Саммиттен, Аллаһ оған разы болсын, жеткен хадисте Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Кім мүмінді өлтіріп, сонысына қуанған болса, Аллаһ одан ерікті амалдарын да, парыз амалдарын да қабыл етпейді!» Бұл хадисті Абу Дауд келтіреді, және ол кейін Халид ибн Дахқанның былай дегенін жеткізеді: “Мен Яхья ибн Яхьдан «сонысына қуанған болса» деген сөздер туралы сұрадым, және ол: «Бүлік кезінде соғысатындар туралы сөз болып тұр.[13] Біреу екіншісін өлтіріп, өзін тура жолда деп есептейді және жасаған қылмысы үшін тәубе етпейді», — деді.[14]

Осыншама аят, хадис келтіргеннен кейін өзін мұсылманмын деуші кісі сонша қауіпті күнәны қалайша жасамақ?! Немесе кейбір БАҚ өкілдері осыдан соң қалайша мәселе өзегі Исламның өзінде дей алады?!

Қоғам жағымды, жағымсыз сипаттармен өмір сүргенін, сүріп те жатқанын, әрі кешелекте де өмір сүретінін ұмытпауымыз керек. Және сондай-ақ қоғам өзгеретінін де ұмытпаңыздар! Бұрын біз (адамдар) коммунизмге ұмтылатынбыз, ал қазір адамдардың мақсаты түбегейлі басқа. Ал ертең бізіді не күтіп тұрғанын да білмейміз. Егер бұрындары еліміздің, мәселен, 10 % тұрғындары қылмыс жасап, ал қалған 90 % заңға бағынатындар болған болса, енді осы 10 %-дың ішіндегі адамдардың белгілі бір бөлігі және әлгі 90 % адамдардың белгілі бір бөлігі Исламды ұстана бастағанын ұмытпауға тиіспіз. Намаз оқи бастады, ораза тұта бастады, қажылық жасай бастады, сақал өсіріп, орамал таға бастады. (Қоғамда) қиындықтар, проблемалар әрқашан болатын және ол қазір де сол күйінде қалды. Яғни тұрғындардың заңға бағынбайтындары сол қалпында қалды. Бұрындары қылмысты тек қылмыс әлемінің өкілдері жасайтын, олардың арасында Ислам дінін ұстанатындар болмаған еді. Ал қазір заңға бағынатындардың ішінде дінді ұстанатындары пайда болғаны тәрізді қылмыстық ортада да өзін Исламға телитіндер пайда бола бастады. Міне, сондықтан бүкіл қылмысты Исламға үйіп-төге салудың қажеті жоқ. Қоғамды жалпылай емдеу керек. Тіпті, керек десеңіз, Ислам дінін ұстанатындардың арасында қылмыс жасайтындардың саны азайғанына сенімдімін. Бұл жөнінде кез келген ішкі істер қызметкерінен сұрап көрсеңіз болады. Бүкіл ауруды Исламға әкеп жапсыруды қою керек. «Сақалдылар, намаз оқитындар, ораза ұстайтындар, орамал тағатындар өйтті, бүйтті», — деудің қажеті жоқ. Кез келген криминалды газетті ашып қараңыз, елімізде жасалып жатқан қылмыстың көпшілік пайызы кімдерге тиесілі екен: сақал өсіріп, орамал таққандарға ма әлде сақал өсірмейтін, орамал тақпайтындарға ма? Менің ойымша, криминалды статистика туралы жазатын БАҚ-на сүйеніп, жұртқа естіре былай жария ету қате екеніне бәріміз келісеміз: сақал өсірмейтін ерлер, орамал тақпайтын әйелдердің не істеп жатқанына қараңыздар! Қазіргі кезде дін ұмытылған, бірақ ол қоғамда қайта жаңғырып жатыр, сондықтан осы дін өкілдерінің ұнамсыз тұстары дереу көзге түсетіні бар. Әрине, БАҚ-тың көмегінсіз емес.

Тақырыбымызға оралып, мұсылмандармен келісім-шарттағы кәпірлерді әдейі өлтіру туралы Құран мен Сүннет мәтіндерін келтірейік!

Мұсылман жерінде өмір сүретін және мұсылман басшысы келісім-шарт жасасқан кәпірді (му’ахад), сонымен бірге мұсылмандардың бірі оған қауіпсіздік кепілдігін берген кәпірді (мустамин) өлтіру – тыйым салынған! Мұндайды істеп қойған адамға қатал жаза қолданылады. ‘Абдуллаһ ибн ‘Амрдан (Аллаһ оған және әкесіне разы болсын) жеткен хадисте, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім му’ахадты өлтірсе, Жәннаттің иісін де сезбейді, ал Жәннаттің хош иісі қырық жылдық қашықтықтан шығып тұрады». әл-Бухари 3166.

Дәл осы хадисті имам ән-Нәсәи де (4749) келтіреді, бірақ басқа нұсқасын: «Кімде-кім зиммиді өлтірсе, онда ол Жәннаттің иісін де сезбейді, ал Жәннаттің хош иісі қырық жылдық қашықтықтан шығып тұрады»[15].

Сонымен бірге Абу Бакрден (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Рұқсат етілмеген уақытта му’ахадты өлтіргенге Аллаһ Жәннатты харам етеді». Абу Дәуд 2760, ән-Нәсәи 4747. Хадистің иснады сенімді.

Қорытынды

Және соңында айтарым:

Әй, жастар! Аллаһтан қорқыңдар, осы дүниеде бақытсыздыққа, о дүниеде азапқа итермелейтін шайтанның оңай олжасына айналмаңдар!

Аллаһтан қорқыңдар, мұсылман қарттарды, үлкендерді, кішілерді, әпке-қарындастарымызды, аналарымыз бен қыздарымызды өлтірмеңдер!

Еліміздегі тұрақтылыққа қызғанышпен қарайтын пәлеқорлардың қолшоқпарына айналмаңдар!

Уа, мұсылмандар! Шариғат хауариждер мен такфиршілерді жек көру керек екенін бұйыратынын ұмытпаңдар! Өйткені олардан ең алдымен өзіміз жапа шегеміз. Олар қысымға алынса, Ислам да қысымға алынғаны деп ойламаңдар! Оларды аяп, жандарың ашымасын!

Уа, мұсылмандар! Аллаһтан қорқыңдар, тыйым салынған қанды төкпеңдер, өзгенің дүние-мүлкіне қол сұқпаңдар!

Сонымен қатар, елімізде орын алып жатқан оқиғаларды сырттай бақылап отырған шенеуніктерге, не оған бағыныштыларға, қарапайым азаматтарға айтарым: БАҚ-тың тұтқындарына айналмаңдар, олар сенімсіз ақпарат таратады немесе сенімді мәлімет айтып, бірақ оларға өз дүниетанымына сай түсініктеме береді. Аллаһ бізге ойлайтын ақыл-парасат берді. Ойланыңдар, шындықты іздеңдер, сол салада істейтін мамандардан сұраңдар! Бұған Аллаһ Тағаланың Өзі бұйырады: «Егер өздерің білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар».

Аллаһ Тағала былай дейді: «Әй, мүміндер! Бұзақы біреу хабар келтірсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер» (Хужжурат сүресі, 6-аят).

Неге осы сіздер туралы апталық басылымдарда жағымсыз нәрсе жазса, сіздер газеттерде жазылған нәрсенің бәріне сене берудің қажеті жоқ дейсіз, ал дініңізге тіл тигізген кезде неге оларға құлақ саласыз?

Уа, адамдар! Ислам – бұл мейірімділік діні екенін біліңіздер! Аллаһ Тағала былай деген: «Біз сені бүкіл әлемге мейірім етіп қана жібердік» (Әнбия сүресі, 107-аят)

Қоғамымыздың жоғарыда атап өткен барлық мүшелерінің назарына тағы айтарым бар:

«Аллаһқа қайтарылатын күннен қорқыңдар. Сол күні әрбір адам істегенін алады және оған әділетсіздік қылынбайды» (әл-Бақара сүресі, 281-аят).

«Сол күні әркім істеген игілігін әзір табады да, істеген жамандығының арасымен өз арасының ұзақ қашықтықта болуын қалайды» (Әли ‘Имран 3: 30).

«Сол күні, кісі туысынан қашады: шешесінен, әкесінен, әйелінен және балаларынан. Ол күні әркімнің ісі — ауыр (әркім өз халімен әлек)» (Абаса 80: 34-37).

Ұйқыларыңнан ояныңдар, ұқыпсыздықтарыңнан арылыңдар және жер бетінде бұзақылық таратуда шайтанның қаруы болмаңдар!



[1] Бұған мысал ретінде дінге жан ашу дегенді желеу етіп кейбір мұсылмандардың алды-артына қарамай кез келген кісіні күпірлікте айыптауларын келтіруге болады. Мұндай құбылыс көбіне Қазақстанның батыс аймағында белең алған. Бұл жөнінде шейх Ибн ‘Усаймин: “Біздің кезімізде өздерін діннің қатарына жатқызып, діни қызғанышсымаққа негізделіп, Аллаһ пен Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) күпірлікте айыптамаған адамдарды күпірлікте айыптап жүргендерді кездестіруге болады!”. Қз.: “Шарх әл-Қауа‘ид әл-муслә” 77.

Міне осы ұстаныммен олар ислам елдерінің әмірлерін күпірлікте айыптап, ал сол елдердің өздерін кәпірлердің жерлері деп үкім шығаруға асығады. Шейх Салих әл-Фаузан былай дейтін: “Кім мұсылмандардың барлық әмірлерін күпірлікте айыптаса және оларға қарсы шығуға шақырса, сол – хауариж!” Тыңдаңыз: “Шарх Науақидуль-Исләм”.

Жас мұсылман жігіттер мен мұсылман қыз-келіншектердің өз ата-аналарын күпірлікте айыптап жатқандарын да көруге болады, ал егер ата-аналары шариғат бойынша шынымен сондай болса да, қалайша олар ата-анасына қатысты өшпенділік көрсетіп, артық кететеді екен?! Өйткені тіпті кәпір ата-аналар туралы Аллаһ Тағала: «Маған және әке-шешеңе шүкір ет. Қайтар орның — Мен жақ. Егер екеуі білмеген нәрсеңді Маған ортақ қосуға зорласа, оларға бағынба! Олармен дүниеде жақсылықпен жолдас бол!» (Луқман 31: 15), — деп бұйырады.

Тіпті ата-аналар баласына ширк жасатуға талпыныс танытса да, Аллаһ оларға мұндай ұлы күнә жасау мәселесінде бағынбауды бұйырады, бірақ бәрібір оларға ізгі қарым-қатынас жасауды әмір етеді! Ал өз балаларын ширк жасауға мәжбүрлемейтін ата-аналар туралы не айтуға болады, алайда балалары олармен туысқандық қатынасты үзіп, тіпті оларды асырауды міндетті емес деп есептейді?! Имам әл-Хаттаби былай дейтін: “Мұсылман ұл бала өз ата-анасын, тіпті олар кәпір болса да, асырауға міндетті”. Қз.: “Фатхуль-Бари” 5/234.

Шейх Ибн әл-Қайим «Туысқандық байланысты үзуші Жәннатқа кірмейді» деген хадисті келтіріп: “Туысқандық байланысты ұстап тұру міндетті болып табылады, тіпті кәпірлермен де”, — деген. Қз.: “Ахкаму әһли-ззиммә” 2/317.

Сондай-ақ ғалымдарды, олардың айтқандары өздерінің қалауларына сәйкес келмейтіндіктен, екіжүзділікке айыптап жатқандарды көруге болады. Өз негізінде халал болған нәрселердің көбін харам етіп жүргендерді де, сондай-ақ білімдері жеткіліксіз және құзырсыз адамдардың Ислам үмметінің көкейтесті мәселелерін талқылап, шешуге кірісіп жүргендерін де көре аламыз. Бір әйелдердің басқа әйелдерді әкелерінен де, күйеулерінен де сұрамай жихадқа шығуға шақырып жүргендерін де көрудеміз.

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп ақиқатты айтты: «Ақиқатында, адамдар үшін сондай бір өтірікшілерге сеніп, шыншылдарға сенуді қоятын; қиянатшылдарға аманат тапсырып, сенімге лайықты адамдар жайлы «опасыз ба» деп күдіктенетін; және сөз рууайбидаларға берілетін замандар келеді». Одан: “Рууайбида деген кім?” – деп сұрағанда, ол: «Жаппай адамдарға қатысты мәселелер туралы сөйлейтін ақымақ!» — деді. Ахмад 2/291, Ибн Мажжәһ 4036. Хафиз Ибн Хажжәр, хафиз Ибн Касир, шейх Ахмад Шакир және шейх әл-Әлбани хадисті сахих деді.

Өзгенің мал-мүлкінің қалайша опасыздықпен тартып алынып жатқанын, ал онымен қоса тыйым салынған қанның төгілуіне жол беріліп жатқанын да көруге болады. Абу Қатада Филистыни сияқты біреудің адам өлтіруді, оның ішінде әйелдер мен балаларды өлтіруді рұқсат етіп жатқанын көрудеміз. Алайда мұндай нәрсе ақиқаттан алыс, Аллаһтың да, Аллаһтың Елшісінің де (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл шектен шығушылыққа салынған адамдардың оларға жапсырып қойған нәрселеріне еш қатысы жоқ. Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Өздеріңе қарсы соғысқандармен Аллаһ жолында соғысыңдар, бірақ  рұқсат етілгеннің шегінен шықпаңдар. Негізінен, Аллаһ шектен шығушыларды жақсы көрмейді» (әл-Бақара 2: 190).

Ибн Аббас Аллаһ Тағаланың осы сөздеріне түсіндірме беріп, былай деді: “Әйелдерді, балаларды, қарттарды және сендерге бейбітшілікпен бет бұрып, өздеріңмен соғыспайтындарды өлтірмеңдер! Ал егер осыны істесеңдер, онда сендер – шектен шығушыларсыңдар!” Қз.: “Тафсир әт-Табари” 2546.

Имам ән-Науауи былай деді: “Кәпірлердің әйелдері мен балаларын, егер олар шайқасуға қатыспайтын болса, өлтіруге тыйым салынғандығы туралы ғалымдар бірауызды келісімде!” Қз.: “Шарх «Сахих» Муслим” 11/292.

Имам Ибн Рушд: “Әйелдер мен балаларды, егер олар соғыспайтын болса, өлтіруге болмайтындығы жөнінде мұсылмандардың ішінде келіспеушіліктер жоқ ”, — деді.  Қз.: “Бидаятуль-мужтахид” 1/386.

Өкінішке орай, біздің кезіміздегі көптеген мұсылмандар бой ұрып жатқан шектен шығушылықтардың мысалдары өте көп.

Шейх Ибн әл-Қайим шайтанның айлаларының түрлерін атап өтіп, былай деп жазған: “Кейбір ізгі саләфтар былай дейтін: «Аллаһтан қандай бұйрық келмесін, міндетті түрде шайтан осыған ықпал етудің екі тетігіне ие болады: не босаңсу мен немқұрайлылық, не шектен шығушылық пен нысапсыздық. Және ол осы екі жағдайдың біреуімен үстем болуын тоқтатпайды». Адамдардың санаулысынан басқа көпшілігі бұл екі халдың бірінде: не немқұрайлылықта, не артық кетуде болады. Және кейбіреулері ғана Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабалары жүрген тура жолда бекем тұрады!” Қз.: “Иғасату-лләхфан” 1/116.

Сондай-ақ Ибн әл-Қайим былай деп жазған: “Адамдамдардың көпшілігі Аллаһқа Ол тыйым салған нәрселері арқылы ғибадат етіп, мұнысы мойынсұну және жақындау екендігіне нық сенеді. Және мұндай адамның жағдайы, өзінің істеп жатқаны күнә екендігін түсінетін адамның жағдайынан жаман!” Қз.: “Иғасату-лләхфан” 2/181.

Біз Аллаһ Тағаладан бізді шектен шығушылықтардан сақтап, тура жолда нық тұрушылардан етсін деп тілейміз!

[2] Аллаһ Тағала сондай-ақ: «Жер жүзі түзетілгеннен кейін бүлікшілік қылмаңдар», — деп бұйырды (әл-Ағраф сүресі, 56-аят).

Әл-Қуртуби: «Аллаһ Тағала, Оған мадақтар болсын, тәртіп орнатылғаннан кейін қандай да болмасын, кез келген бұзақылық жасауға тыйым салды және бұл (үкім) барлық адамдарға қатысты», — деді. Қз.: “Тафсир әл-Қуртуби” 6/145.

[3] Имам ад-Даххак былай деді: “Яғни Адамның ұлы өз бауырын зұлымдықпен өлтіргені себепті”. Қз.: “Задуль-масир” 2/339.

[4] «Жер бетінде бұзақылық тарату» деген сөздер оны жасағандығы себепті адамның өмірі халал болып кететін қылмысты білдіреді. Қз.: “Тафсир Ибн әл-Жәузи” 2/341, “Тафсир Ибн Касир” 2/46.

[5]  Тыйым салынған қанды төкпей өлген адамның артықшылығы туралы Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейтін: «Кім Аллаһты Оған ешкімді серік қоспаған және харам етілген қанды төкпеген күйімен кездестірсе – Жәннатқа кіреді!» Ахмад 4/152, Ибн Мажжәһ 2618. Хадис сахих. “әс-Сильсилә әс-сахиха” 2923. Ал мұсылманға Жәннат емей, не керек?!

[6] Осыда қақысыз адам өлтіру күнәсінің үлкендігіне нұсқау бар! Көптеген имамдар адам өлтірудің күнәсі шарап ішуден, зина жасаудан және өсім жеуден едәуір жаман деп есептеген. Ал имам ән-Науауи былай деп айтқан: ”Біздің жақтастарымыз: «Көпқұдайшылықтан кейін ең үлкен күнә — адам өлтіру!» — деген“. Қз.: “Шарх «Сахих» Муслим” 2/262.

[7] Ғалымдардың арасында бұл аятқа сүйену керектігінде және ол тек Таурат иелеріне қатысты емес екендігі жөнінде келіспеушіліктер жоқ.  Сондай-ақ, осы аятқа негізделіп ғалымдар әйелді өлтірген еркекті өлім жазасымен жазалау қажет дейді.  Қз.: “Тафсир Ибн Касир” 2/32, “Тафсир әш-Шәукани” 2/46.

[8] Бұл аят мұсылманды өлтіруге қатысты түсірілген ең қорқытушы аят болып табылады. Ғалымдардың «…оның жазасы ішінде мүлде қалатын Тозақ болады» деген аятты түсінудегі пікірлері әртүрлі болды. Егер мұсылманды өлтіру көпқұдайшылық болып табылмаса, онда қалайша адам Тозақта мәңгі жанады?! Біреулері: бұл аятта сөз қорқыту туралы болып тұр, яғни мұндай адам Тозақта ұзақ уақыт болады дейді. Басқалары бұл аятта сөз мұсылманды өлтіру – рұқсат етілген деп, осыны істейтін адам туралы болып тұр дейді, өйткені мұндай жағдайда ол харамды халал еткені үшін кәпір болады деп есептейді. Ал үшіншілері: «Мұсылманды өлтіру әрекетінің өзі адамды Тозақта мәңгі қалуға лайықты етеді, алайда мұны істеген адам мұсылман болған болса, онда бірқұдайшылдығы оның Тозақта мәңгі қалуына кедергі болатын себеп болады, өйткені бірде-бір бірқұдайшыл күнәхар Тозақта мәңгі қалмайды!» — дейді. Қз.: “Фатхуль-Бари” 12/196, “Тафсир Ибн Касир” 2/374-375, “Тафсир әл-Бахруль-мухит” 3/483.

Бұл пікірлердің барлығы әһлю-Суннаның сенімдеріне қайшы келмейді және дұрыс болып табылады.

[9] Имам әл-Мунауи былай деген: Құлдар арасында есеп ең алдымен кісі қанын төгуден басталатын себебі, бұл күнә ширктен кейінгі ең үлкен күнә және дәл осыдан есеп-қисап басталатындығы бұл күнәның қаншалықты үлкен екенін көрсетеді!” Қз.: “Фәйдуль-Қадир” 3/347.

[10] Көптеген тура жолға ерген адамдар дәл осы тыйым салынған қанды төгемін деп адасушылыққа ұшыраған. Бұған мысал ретінде харижилерді келтіруге болады, олардың бұрыннан айналысатын ісі – адам өлтіру, қазір де солай. Өйткені, қақысыз қан төгу – үлкен күнә екеніне еш күмән жоқ, ал үлкен күнә иманды әлсіретеді, оның үстіне, хадистерде адам өлтіру адасушылыққа алып барар жол деп көрсетілген, әрі ондай адам Аллаһтың көмегінен мақұрым қалады! Егер Аллаһ адамды тура жолмен жүргізбесе, қалайша ол өзі тура жолмен жүрмек?! Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Аллаһ кімді тура жолға салса, оны ешкім адастыра алмайды. Ал Ол кімді адастырса, оны ешкім тура жолға сала алмайды!» Абу Дәуд.

[11] Сөз Меккедегі Қорықты (Харам) Мешітінің территориясында күнә жасау туралы болып тұр.  Хафиз Ибн Хажжәр былай дейтін: “Бұл хадис Қорықты аймақта кіші күнә жасау  басқа жерде үлкен күнә жасаудан жаман екендігіне сырттай нұсқап тұр”. Қз.: “Фатхуль-Бари” 12/219.

[12] Тек игіліктен мақұрым қалған пасық қана мұндай сөздерге назар аудармай, ойланбауы мүмкін!

[13] Бұған мысал ретінде араб елдеріндегі төнкерістерді келтіруге болады.

[14] Мұсылманды өлтіру былай тұрсын, тіпті ол туралы жаман ойлаудың өзіне тыйым салынған! Ибн Умар, Аллаһ оған разы болсын, былай деп баяндайтын: “Мен Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Қағбаны тауап жасап жүріп: «Сен қандай әдемісің және сенің жұпар иісің қандай әдемі! О, сен қандай айбындысың және сенің қасиеттілігің қандай айбынды! Мухаммадтың жаны Қолында болғанмен (Аллаһпен) ант етемін, мүміннің қасиеттілігі Аллаһтың Алдында сенің қасиеттілігіңнен ұлы! Оның мал-мүлкі мен қаны — қол сұғылмайтын (нәрсе) және қасиетті және біз ол туралы тек жақсы ойлауымыз керек». Ибн Мажжәһ 2619. Хадистің сахихтығын әл-Бусайри, шейх Ахмад Шакир және шейх әл-Әлбани растаған. Қз.: “әс-Сильсилә әс-сахиха” 3420.

[15] Әй, мұсылмандар! Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір жерде кәпірді өлтіру кісіні Тозаққа алып барады деп уәде етіп жатыр, ал басқа бір жерде, хауариждердің мұсылман екеніне қарамастан оларды өлтіру Жәннатқа алып барады деп уәде етіп жатыр! Егер кімде-кім осы нәрсеге сене алмай абдырап, келісе алмайтынын білдіріп жатса, онда ол кісінің надандығы, шешім шығаратын шақта шариғатқа емес, эмоцияларға ерік беретіні анық болды.

Тыңдау үшін сілтеме