Ринат Абу Мухаммадтың Тараз қаласында орын алған оқиғаға байланысты берген насихаты

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен!

Сұрақ: Әссәләму ‘аләйкум уа рахматуЛлаһи уә баракәтуһ! Жақында Тараз қаласында орын алған оқиғада бір пасық күнәһар кісі бірнеше адамды о дүниелік етті, кейіннен полицей жасақтары оны ұстап алғаннан соң, қасақана түрде өзін де, әлгі полицейлерді де жарып жіберді. Осы оқиғаға қатысты насихат айтсаңыз!

Жауап: Уә ‘аләйкум әссәләм уә рахматуЛлаһи уа бәракатуһ! Таразда болған оқиға туралы айтар болсақ, бұл – сөзсіз, ешқандай ақтауға келмейтін аса ауыр қылмыс. Бұл қылмыс Исламға, мұсылмандарға қарсы жасалған қылмыс. Осы әрекетке барған кісі Аллаһтың дініне де, мұсылмандарға да зиян тигізді. Сондай-ақ бұл қылмыстан кейін адам қаны төгілді, қарапайым жұрттың жүрегіне қорқыныш ұялады, осы тұрғыдан алғанда «бұл – адамзатқа қарсы жасалған қылмыс» дей аламыз.

Осылардың барлығының артында кім тұрғанын Бір Аллаһ біледі. Мүмкін, бұл ши’алардың әрекеті шығар, себебі олар осындай қастандық жасауымен тарихта танымал болған. Мүмкін бұл еліміздегі тыныштықты, экономикамыздың шарықтап өсуін, исламның дамуын көре алмайтын кейбір Батыстық біреулердің ұйымдастырған нәрсесі шығар. Бұған мысал ретінде Ауғанстан мен Кавказ елдерін келтіруге болады. Бәлкім, басқа біреулер шығар, қалай болғанда да, мұндай әрекеттер хауариждер атты адасқан сектаның пасық істері екені күмәнсіз.

Осындай оқиғалардан кейін Исламды жамандайтын кісілерге айтарымыз: Ислам – мінсіз дін, бірақ мұсылмандар мінсіз емес. Егер бір қазақстандық азамат бір жерде ессіз әрекет жасаса, енді осыдан кейін бүкіл Қазақстан азаматтары осындай ессіз десек қалай болар еді?! Әрине, мұндай қорытынды шығару — қателік. Дәл осы мәселеде де: белгілі бір нақты мұсылманның келеңсіз әрекетінен кейін бүкіл Ислам сондай екен деп қаралаудың қажеті жоқ.

Сонымен қатар, біздің хауариждерге деген ұстанымымызды айта кеткім келеді. Әһлю-Сунна уәл-жәмә’а (яғни Сүннет пен жамағатты ұстанатындар) хауариждерді дінге жаңалық енгізген, мұсылмандардың біртұтастығына сызат түсірген адасқан ағым деп қарастырады, бұған әһлю-Сунна уәл жәмә’а бірауызды келіскен. Алайда хауариждер мұсылман ба әлде мұсылман емес пе деген мәселеде әһлю-Сунна уәл-жәмә’аның ғалымдары екі пікірде болған. Хауариждерді діннен шыққан кәпір деп есептеген ғалымдардың ішінде имам әл-Бухари, Абу Бакр ибн әл-‘Араби, әс-Субки, әл-Қуртуби және т.б. бар. Хауариждер Аллаһ пен Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тыйым салған нәрсесін рұқсат еткендігі себепті бұл ғалымдар оларды кәпір деп санаған. Және хауариждер діннен жебе нысананы тесіп кететіні сияқты шығып кететіні туралы хадистерге сүйеніп ғалымдар оларды кәпір деген. Ал басқа бір топ ғалымдар (және олар көпшілік) оларды кәпір емес деген.

Міне, осы тұста хауариждердің негізгі белгілерін, түпкі сипаттарын айта кеткен жөн:

1. Олар мұсылмандарды үлкен күнә жасағандары үшін кәпірлер деп санайды;

2. Олар өздерімен келіспеген мұсылмандарды кәпір деп, олардың қанын, мал-мүлкін рұқсат етілген деп есептейді;

3. Олар мұсылмандардың заңды басшысына қарсы шығуға болады деп есептейді;

4. Басшының күнәсын табу үшін хауриждер олардың қателіктерін ақтарады да жүреді, оларды жұрттың көзінше қаралап, елді анархияға шақырады.

5. Олар өздері туралы жақсы ойлы, ал басқалар жөнінде жаман ойда болады.

6. Олар жаман нәрсені жақсы деп есептейді. Және мұсылмандар өмір сүретін жерді кәпірлердің жері деп атайды.

7. Олар жас және ақыл-есі бойынша парықсыз.

8. Олар «жамандықтан қайтару», «жиһад» тәрізді асыл үндеулер мен асқақ ұрандарды бүркеніп, соларды желеу етеді.

9. Олар ғалымдарды қаралап, оларды кәпір деп айыптайды.

10. Олардың қатарында шынайы ғалымдар жоқ.

11. Олар лаңкестік (террористік) актілер жасауға рұқсат етіледі деп есептейді.

Сондай-ақ қазіргі кезде орын алып жатқан нәрселерге байланысты айтарымыз. Өкінішке орай, қазіргі күнге дейін кейбір мұсылмандар осындай лаңкестік әрекеттермен айналысатындарды, жазықсыз жандарды жер жастандырып, дінімізге күйе жағушы қылмыскерлерді аяп жүр. Тіпті, кейбір мұсылмандар әлгі қылмыскерлерді біле тұра оларды жасырады. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Аллаһ Тағала қылмыскерді жасырғанды лағынет етті!» Бұл кімнің сөзі, бауырлар? Аллаһтың Елшісінің сөзі ғой! Ал «общактың»[1], көшенің, түрменің тағут заңы бойынша кісі қандай қылмыс жасаса да, оны ұстап беруге болмайды. Осы ма ұстанатындарың, бауырлар? Аллаһтан басқа ешкімде күш те қуат та жоқ!

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі) хауариждерді өлтіруді бұйырды[2], ал сен оны қорғаштап жүрсің.

Қайда бара жатырсың, бауырым?! Қалайша сен Аллаһтың мейірімінен үміт ете аласың, егер Аллаһ Тағаланың Өзі сені лағынеттеп жатса?

Мен бүкіл мұсылмандарды осы Тозақ иттеріне қарсы күресте бірігуге, әрі билік өкілдеріне көмектесуге шақырамын.

Олардың кесірінен кейін ең көп соққы көретін біз боламыз, бауырлар! Егер енді тағы бірнеше жарылыс болса, бізді халықтың өзі жек көретін болады. Қазір мұсылмандарға қатысты қаншама шешімін таппай жатқан түйткілді мәселелер бар. Енді ойланшы, осы келеңсіз жайттардың бәрі кімнің кесірінен болып жатыр? Хауариждерден ғой. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бекерден-бекер оларды өлтіріңдер демеген, өйткені жер жүзінде ешкім олар сияқты бұзақылық қылмайды.

Қазақ тіліне ықшамдап аударған: www. al-hanifiya.kz



[1] общак – қылмыстық лексиконда зонада, түрмеде отырушылардың қылмыстық «авторитеттер» (беделділер) тарапынан белгілі ереже-қағидаларға сәйкес басқарылатын қауымы (аудармашыдан).

[2] Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Соңғы замандарда жаратылыстардың ең абзалының (Пайғамбардың)  сөздерін айтатын жас және ақылы бойынша зердесіз (парықсыз) адамдар пайда болады, алайда олар садақтан атылған жебе сияқты Исламнан шығады. Бұл адамдардың иманы олардың кеңірдектерінен төмен түспейді, сондықтан да оларды қай жерде кездестірсеңдер — өлтіріңдер, өйткені оларды өлтірген (адам) осы үшін Қиямет Күні сый алады». әл-Бухари 3611.

Сондай-ақ Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Олар жаратылыстардың ең жамандары, әрі Туба оларды өлтіргенге және олар өлтіргенге». әл-Хаким 2/146. Хадис сенімді (сахих).

Алайда әрбір мұсылман өзі хауариж деп санайтын адамын, тіпті егер ол сондай болса да, өлтіру керек дегенді білдірмейді, өйткені мұны мұсылман әмірі (мемлекет басшысы) оларға дәлел жеткізгеннен кейін орындайды. Яғни Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хауариждерді өлтіру туралы бұйрығы кез келген адамға емес, мұсылмандардың әмірлеріне (мемлекет басшыларына) қатысты. Имам әл-Бухари өзінің “Сахихындағы” тарауды «Хауариждерді оларға дәлел келтіргеннен кейін өлтіру туралы» деп атап, мына аятты келтірген: «Аллаһ адамдарды тура жолға салғаннан кейін, олар сақтануға тиіс болған нәрселерді ашық білдірмейінше, оларды адастырмайды»  (әт-Тауба 9: 115).

You may also like...