Сүннеттің Құранда келтірілген айқын дәлелдері, немесе «құраншылар» кімдер

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен!

Әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ, Аллаһтың Елшісіне Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын!

Аллаһ Тағала біреулерді тура жолмен жүргізіп, мәңгі шаттықтың мекеніне кіргізу үшін және басқаларды Қиямет күні ақтаудан жұрдай етіп жазалау үшін, адамдарға ақиқатты білім түрінде түсірді. Аллаһ Тағала былай деді: «Ол сондай Аллаһ, қайсыларың ізгі іс жүзінде жақсы екендеріңді сынау үшін өлім мен тіршілікті жаратқан» (67: 2).

Мухаммадқа (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алғашқы түсірілген аяттар оқу туралы бұйрықтарды қамтыған және білімнің артықшылығына деген нұсқауды алып келген болатын. Аллаһ Тағала былай деді: «Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса Ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Ол адамзатқа білмеген нәрселерін үйреткен»  (96: 1-5).

Аллаһ білім нығметін адамды жарату нығметімен бірге қойды, ал осы білімнің ең ұлы ұлы артықшылығына әрі онымен тек өмір ғана теңдесе алатындығына нұсқайды, өйткені білім – бұл өмірдің (тіршіліктің) бір бөлігі, себебі пайдалы білім адамның жүрегін тірі етеді, ал оның жоқтығы оны өлтіреді.

Сондай-ақ Аллаһ: ««Раббым, білімімді арттыр!», — де» (20:114), — деп, Одан білім сұрауды бұйырды.

Әрі Аллаһ амал істеуден бұрын білім алуды бұйырып: «Біл: Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ, әрі күнәң үшін кешірім сұра!» (47:19), — деді.

Осы себептен білім иелері болып табылатын адамдар басқа адамдардың арасында ең жоғары дәрежеге ие. Олар надандықтың тіршіліксіз шөл даласындағы бұл дүниедегі әрбір сапар шегіп жүрген жолаушы олардан біліммен сусындап, шөлін қандырып, жан тыныштығына ие бола алатын бақтар сияқты.

Аллаһ Тағала былай деді: “«Білгендер мен білмегендер тең бе?!», — деп айт” (39:9).

Аллаһ сондай-ақ былай деп айтты: «Аллаһ сендерден сондай иман келтіргендердің, ғылым берілгендердің дәрежелерін көтереді» (58:11).

Әрі Аллаһ: «Аллаһ, періштелер және әділет үстінде тұрушы ғылым иелері расында тым Үстем, хикмет Иесі Аллаһтан басқа ешбір құдай жоқтығына куәлік берді» (3:18), — деп айтты.

Қай жерде болса да осы білім бақтары құрғап қалса, сол жерге аптапты шөл басып келіп, тіршіліктің кез келген өскінін өлтіреді, әрі өзімен бірге адасушылықтарды, бұзақылық пен тоқырауды алып келеді.

Ал білім жоқ жерде құмарлық (әуес-қалау) билік етеді, өйткені адамның нәпсісі өзіне ұнаған нәрселерді істегенге бейім, ал бұл барлық адасушылықтардың себебі болып табылады, бұл туралы Аллаһ Тағала: «Ақиқатында, көп адамдар білімсіз, өздерінің әуес-қалауларымен адастырады» (5: 119), — деп айтқанындай.

Аллаһ сондай-ақ былай деп айтты: «Аллаһтан бір жол-жорықсыз, өз әуес-қалауына ергеннен артық адасқан кім бар?» (28:50).

Ал дұрыс басшылық пен  білім – бұл Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ізінен ілесу, бұл туралы Аллаһ Тағала былай деп айтқанындай: «(Мухаммад) оларға: «Егер Аллаһты сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Аллаһ сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені Аллаһ аса Жарылқаушы, ерекше Мейірімді», — де» (3: 31).

Аллаһ сондай-ақ былай деп айтты: «(Мухаммад): “Менің жолым осы. Мен және маған ергендер Аллаһқа ашық дәлел үстінде шақырамыз. Аллаһ Пәк. Сондай-ақ мен серік қосушылардан емеспін”, — де» (12: 108).

Ибн әл-Қайим былай деген: «Аллаһ амалдарды екіге бөлді, әрі олардың үшіншісі жоқ. Не Аллаһтан және Оның Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келгенге ілесу, не құмарлыққа (әуес-қалауға) ілесу.  Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алып келмеген кез келген нәрсе құмарлық (әуес-қалау)» (Қз.: «И’ләмуль-мууакқи’ин» 1/81).

Умар ибн әл-Хаттаб былай деп айтатын: «Сендер ең қорланған адамдар едіңдер, әрі Аллаһ сендерге Өзінің Елшісін (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жіберіп, сендерді ұлықтады.  Және сендер Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жолынан өзге қандай жолдармен болса да ұлылыққа қол жеткізуге ұмтылсаңдар, Аллаһ сендерді қорлайды» (әл-Хаким 2/245).

Құран – бұл көптеген мағыналар табуға болатын Кітап, онда айқын және астарлы мағыналы аяттар бар, әрі әркім Құранды бұрыс, өзінің құмарлықтарына ұнамды етіп тәпсірлеуі мүмкін.  Сондықтан да Аллаһ Тағала бізге Құранды түсіріп қана қоймай, онымен бірге Кітапты түсіндіретін Елшісін жіберді.

Аллаһ Тағала былай деді: «Ал саған Біз Ескертуді (Зикрді) түсірдік, сен оларға түсірілгенді түсіндіруің үшін және олар ойланулары үшін» (43: 44).

Құранды бұрыс түсіну артық кетушіліктерге немесе осалдыққа жетелейтін ең ұлы адасушылық болып табылады.

Зияд ибн Худайр былай деп баяндаған: «Бірде Умар ибн әл-Хаттаб менен: «Исламды не бұзатынын білесің бе?», — деп сұрады. Мен: «Жоқ», — деп жауап бердім. Ол: «Оны ғалымдардың қателіктері, екіжүзділердің Аллаһтың Кітабы туралы айтысулары және адастырушы имамдардың шешімдері», — деді»  (әд-Дарими 1/71). Екінші салиқалы халифа Умар ақиқатты айтқан болатын.

Пайғамбарлардың мирасын сақтаушылар ғалымдар болып табылады, бұл туралы Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, ғалымдар пайғамбарлардың мирасқорлары болып табылады, ал пайғамбарлар мирасқа динар да, дирхам да қалдырмайды, бірақ мирасқа тек қана білімді қалдырады, ал кім оны алса, соған ұлы үлес тиген болады» (Абу Дауд 3641, әт-Тирмизи 2682), — деп айтқанындай.

Ал білім өздігінше кетіп жоғалмайды, ол ғалымдармен бірге кетеді. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Ақиқатында, Аллаһ өзінің кұлдарынан білімді жай ғана тартып алмайды, бірақ Ол білімді дүниеден білімділерді алып кету арқылы алып қояды; ал Ол бірде-бір ғалымды тірі қалдырмаған кезде, адамдар өздеріне надан көсемдерді таңдап алады. Және оларға сұрақтар қояды, ал олар білімге ие болмастан, пәтуалар шығарады, нәтижесінде өздері де жолдан таяды, өзгелерді де адасушылыққа салады!» (әл-Бухари).

Сондықтан да адасушылықтар ақиқатты ұстанушы ғалымдар жоқ немесе аз болған жерлерде таралады, қазіргі заманның адасушылықтары ақиқатты ұстанатын ислам ғалымдары аз болған елдерде басқа жерлерге қарағанда көбірек таралғаны сияқты.

Кезінде атеизм (құдайсыздық) надандығы билік орнатқан және рухани вакуумда 70 жылдан астам уақыт бойы өмір сүрген ақиқатқа ұмтылған миллиондаған адамдарына адасушылықтың мыңдаған уағыздаушылары шабуыл жасаған  бұрынғы Кеңес Одағы елдері де бұдан айырықша емес. Ал бұрынғы Кеңес Одағы елдерінде ақиқатты ұстанушы ғалымдарды айтпай-ақ, мүлде мұсылман ғалымдары болмаған болса, олардағы адамдардың жағдайы туралы не айтуға болады?!

Сондықтан да біздің елдеріміз адасушылықтармен тасқындады, ал сол адасушылықтардың біреуі Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннеттін тәрк ету болып табылады.

Орыс тілді интернет кеңістігінде бұл тақырып бойынша мақалалар аз кездесетін болғандықтан, біреулерді күмәндарынан арылту, ал басқаларға ақиқатты көрсету үшін, Сүннеттің Құрандағы айқын дәлелдер арқылы теріске шығару мүмкін емес болған осындай дәлелдеріне нұсқау қажет болды, ал жетістік тек Аллаһпен бірге!

Осы мақалада сондай-ақ «құраншылар» және олардың елшісі – Рашад Халифа туралы сөз қозғау қажет.

Талдау үшін негіз ретінде бір автордың Сүннетті тәрк ететін адамдардың сайттарында таралған мақаласын аламыз. Мақаланың бүкіл мағынасын автордың мақаласынан алынған мына абзацқа сыйғызуға болады:

«“Елші (Расуль)” сөзі “Елшілік (Рисалә)” сөзінен туындаған. Елші Жолдауды жеткізеді. Сондықтан да Елшіге бағыну ол жеткізетін немесе алып келген Жолдауға ғана бағынуды білдіреді. Біз Құраннан Елшінің Құранды және тек қана Құранды оқытып-үйрететінін, уағыздайтынын және түсіндіретінін білеміз».

Келтірілген абзацта үш пайымдау бар:

1) Елші – тек Кітапты ғана алып келуші.

2) Елшіге бағыну – тек Кітапқа ғана бағыну.

3) Елші тек Кітапты ғана оқытып-үйретеді және түсіндіреді.

Алғашқы екі пайым қате болып табылады, ал үшіншісі бір жағынан қате. Аллаһтың рұқсатымен, осы пайымдарға жауап беріп, Аллаһтың ардақты елшілері – Мусаның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) және мырзамыз Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үлгі-өнегесіне тоқтаймыз.

Мақаланы түсіну ыңғайлы болуы үшін, оны алты шағын тарауларға бөлдік:

1-Тарау. Елші тек Кітаппен ғана келмейді.

— Муса Перғауынға Кітапсыз келді.

— Суннет уахи болып табылады.

2-Тарау. Елші тек Кітапты ғана оқытып-үйретпейді.

3-Тарау. Елшіге бағыну – оның Сүннетіне бағыну.

— Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетінің заң шығарушылық билігі.

— Сүннетке ілесу міндеттілігі және оны тастайтындарға қорқытулар.

4-Тарау. Елші Кітапты түсіндіреді.

— Абыздар мен «құраншылар» туралы мәселе.

5-Тарау. «Құраншылардың» елшісінің бидғаты.

6- Тарау. Астарлы дәлелдерге қарсы айқын дәлелдер.

Қорытынды

1-Тарау:  Елшілер тек Кітаппен ғана келмейді.

Құранда Муса мен Перғауынның оқиғасы суреттеледі. Аллаһ Мусаға Тууа алқабында сөйлеп, оған Перғауынды Исламға шақыруды бұйырды (79:15-21). Мусаның шынайы елші екендігіне екі мұғжиза белгі (айғақ) болды: ақ қолы және жыланға айналатын таяғы (28: 31-32). Муса белгілерін Перғауынға көрсетті, бірақ Перғауын бұл белгілерді қайтарып тастады (28: 36). Перғауын Мусаның белгілерін сиқыр деп атады да, Мусаға сиқыршылармен айқасуды ұсынды, Муса сиқыршылармен айқасты және оларды жеңіп шықты, соның нәтижесінде сиқыршылар Исламды қабылдады (26:44-48).

Алайда Перғауын өзінің күпірлігінде қасарыса түсті де, Мусаға ілесуден және Исламды қабылдаудан бас тартты, әрі ол сондай-ақ Исраил ұрпақтарын Мысырдан жіберуден де бас тартты. Аллаһ мысырлықтарға апаттар жіберді (7:130, 133), бірақ Перғауын Исраил ұрпақтарын ұстап тұруын жалғастыра берді, содан соң Аллаһ Мусаға өз халқымен бірге Мысырдан шығып кетуді бұйырды (20:77-78).

Перғауын әскерін жинап, Исраил ұрпақтарын жоюды шешті. Мусаның алдынан теңізде жол ашылды да, исраилдықтар одан аман-есен өтті, ал Перғауын мен оның әскері опат етілді.

Аллаһ Тағала былай деді: «Оны да, әскерлерін де қолға алып, теңізге тастадық. Залымдардың соңының не болғанын көр! Оларды Тозаққа шақыратын бастық қылдық. Сондай-ақ олар Қиямет күні жәрдем көрмейді. Олардың соңынан бұл дүниеде қарғыс ертіп қойдық. Әрі Қиямет күні олар мәрхаметтен алыстатылғандардан болады. Расында, бұрынғы ұрпақтарды (Перғауынды және әскерін) жоқ еткеннен кейін Біз Мұсаға адамдардың түсінулері үшін Кітапты (Тауратты) көрнеу дәлелдер, туралық және мархамет түрінде бердік» (28: 40-43).

Муса Перғауынға Кітапсыз келді

Ең алдымен Муса Перғауынға келген кезінде елші болғандығын айтып кету қажет.

«Муса: «Әй, Перғауын! Шынында мен бүкіл әлемнің Раббысы тарапынан жіберілген бір елшімін», — деді» (7: 104).

«Екеуің барып: «Біз, Раббыңның саған жіберген елшісіміз; ал енді Исраил ұрпақтарын бізбен бірге жібер. Енді оларды қинама, саған Раббыңның мұғжизасымен келдік. Есендік тура жолдағыларға болсын», — деңдер!» (20: 47).

Муса Перғауынға Исламды уағыздау үшін Кітапсыз келді! Бұған келесі аяттар айғақ болады: «Расында, бұрынғы ұрпақтарды (Перғауынды және әскерін) жоқ еткеннен кейін Біз Мұсаға адамдардың түсінулері үшін Кітапты (Тауратты) көрнеу дәлелдер, туралық және мархамет түрінде бердік» (28: 42-43).

Сондай-ақ әл-Ағраф  сүресінде (138-145) Исраил ұрпақтары Мысырды тастап шықаннан кейін, Мусаға Таурат тақтайшаларын алу үшін аттану бұйырылғандығы туралы айтылған.

Бұл «Мусаға Таурат Перғауын өлгеннен кейін ғана сый етілді, ал оған дейін Муса Перғауынды Қасиетті Кітапсыз Исламға шақырды» дегенді білдіреді.

Сүннет уахи болып табылады

Кітап уахидің жалғыз ғана түрі болып табылмайды, Аллаһ Мусамен тікелей дәнекерлерсіз сөйлесті және оған Исламның негіздерін үйретті, әрі мұсылмандарға Муса арқылы бұйрықтар берді.

Аллаһ былай деп айтты: «Ол отқа барған сәтте: «Әй, Муса!», — деп шақырылды. «Рас, Мен Раббыңмын. Кебісіңді шеш. Өйткені сен қасиетті Тууа ойпатындасың. Сені ұнаттым. Енді уахи етілгендерді тыңда. Рас, Мен Аллаһпын. Менен басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ. Сондықтан маған құлшылық қыл. Сондай-ақ Мені еске алу үшін намазды толық орында. Әркім істегенінің бодауын алуы үшін, Мен мезгілін құпиялаған Қиямет анық келеді» (20:11-15).

Аллаһ сондай-ақ былай деп айтты: «Расында Мусаға: «Құлдарымды (Исраил үрпақтарын) түнделетіп алып кет, оларға теңізде құрғақ жол аш. Олардың қуып жетулерінен қорықпа да, шошыма!», — деп уахи қылдық» (20: 77).

Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деді: «Муса мен оның туысына: «Екеуің Мысырда елдеріңе үйлер салыңдар да, үйлеріңді намаз орны қылып, намаз орындаңдар. Ендеше мүміндерді сүйіншіле», — деп уахи еттік» (10: 87).

Муса мен Харун Перғауынға былай деді: «Бізге ақиқатты жасынға шығарып, бет бұрғандарға азап болатындығы туралы уахи етілді» (20: 47-48).

Аллаһ Құранда Мусаның Сүннетін анық уахи деп атады, демек Мухаммад Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шығатын діндегі кез келген сөздер де уахи болып табылады, өйткені ол да елші еді. Мұны Аллаһтың Өзі Құранда былай деп айтып дәлелдейді: «Жолдастарың (Мухаммад) адаспады да, ауытқымады. Ол өз ойынан сөйлемейді. Сөйлегені көкейіне салынған уахи ғана» (53: 2-4).

Аллаһтың сөздері жалпы болып табылады, яғни Мухаммад Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дінде айтқан барлық нәрсе уахи болып табылады. Сондықтан да уахиді тек Құранмен шектейтін адамдар дәлел келтіруі қажет. Кері болған жағдайда олар Аллаһ шектемеген нәрсені шектеген болады, өйткені Құранда тек Құран ғана уахи екендігі туралы айқын аяттар жоқ. Алайда біз Аллаһ Мусаның Сүннетін уахи деп атағанын көрудеміз, сондықтан да «Сүннет» деген ұғым да «уахи» деген терминнің астына түседі. Бұған қоса, Мухаммад Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Құран уахиларынан өзге уахи түсірілгендігі туралы Құрандағы айқын дәлелдерді осы еңбектің үшінші тарауында табуға болады.

Аллаһ сондай-ақ осыны Құранда  Кітаптан басқа Даналық (Хикмет) түсіргендігін растап: «Аллаһ саған Кітап және Даналықты түсірді» (4: 113), — деп айтты.

Аллаһ сондай-ақ былай деп айтты: «Үйлеріңде оқылған Аллаһтың аяттары мен хикметтерін еске алыңдар» (33: 34).

Аллаһ сондай-ақ былай деп айтты: «Тура сол сияқты, Біз сендерге өздеріңнің араларыңнан сендерге аяттарымызды оқитын, сендерді тазартатын, Кітап пен хикметке оқытып-үйрететін Елші жібердік…» (2: 151).

«Кітап» пен «Хикмет» сөздерінің арасында «және» деген шылау тұр, сондықтан да бұл екеуі қалай болғанда да бір нәрсе бола алмайды, өйткені Кітап онсыз да өзіне хикметті (даналықты) қамтыған, ендеше неліктен даналықты жеке айту қажет?   «Дана Кітап» деп айтуға болады емес пе (дәл осылайша Аллаһ «Йа Син» сүресінің екінші аятында: «Дана Құранмен ант етемін!», — деп айтады), алайда осы аятта Аллаһ осы екі ұғымды бөліп, «және» деген шылауды қойды.

Әрі тура осыны оған Сүннетті тәрк ететін адамдардың келетіні уахи етілген Аллаһтың Елшісі де (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) растаған болатын: «Ақиқатында, маған Кітап және соған ұқсас нәрсе берілді. Ақиқатында, маған Құран және оған ұқсас нәрсе берілді. Бірақ жуық арада адам тоқ болған күйінде диванда жатып: «Құранды (ғана) ұстаныңдар: онда нені рұқсат етілген (халал) деп тапсаңдар, соны рұқсат етілген (халал) деп санаңдар, ал онда нені тыйым салынған (харам) деп тапсаңдар, соны тыйым салынған (харам) деп санаңдар», — дейді» (Ахмад 4/130).

Бұл «Елші тек Кітапты ғана алып келеді» деген пайымды теріске шығарады.

2-Тарау: Елші тек Кітапты ғана оқытып үйретпейді

Муса Перғауынға келіп, оны дұрыс басшылық арқылы тура жолға салуды ұсынды: «Перғауынға бар. Өйткені ол азды. Сонда оған: «Тазарғың келе ме? Саған Раббыңа баратын жолды көрсетейін. Одан қорқарсың», — де» (79:15-21).

Муса мен Харун Перғауынға былай деді: «Саған Раббыңның мұғжизасымен келдік. Есендік тура жолдағыларға болсын (20:47).

Мусаның Сүннеті Раббы тарапынан келген білім деп аталды және дұрыс басшылық болып табылады, өйткені олай болмағанда Муса сол кезде Кітап болмағандығы себепті Кітап арқылы дінге шақыра алмайтын еді.

Елшілер Мусаның Сүннетін мойындамаған адамға Аллаһтан азаптар келетіні туралы айтып қорқытты: «Бізге ақиқатты жасынға шығарып, бет бұрғандарға азап болатындығы туралы уахи етілді» (20: 47-48).

Бұл аяттағы ақиқат Мусаның Перғауынға Кітаппен келмегендігі болып табылады, демек Муса мен Харун Перғауынға алып келген тура жол мен ақиқат Мусаның Сүннеті еді.

Өзінің миссиясының ақиқат екендігін дәлелдеу үшін, Муса өзінің Сүннетінен муғжизалар көрсетті. «Сонда ол таяғын тастады да, сол уақытта ол көрнеу айдаһар болды. Тағы қолын шығарды. Ол қараушыларға аппақ көрінді» (26: 32).

Сондай-ақ Муса мен Харун Перғауынды Бірқұдайшылық негіздеріне үйретті (20: 49-52;  26:23-24;  26:28).

Осы аяттардан Муса Перғауынды басшылық пен муғжизалар арқылы қалай шақырғандығы көрінеді.

Раббы тарапынан келген тура жол мен басшылық Киелі Кітап емес, Мусаның сөздері мен амалдары еді, ал бұл Ислам шариғатында Сүннет деп аталады (Суннет — бұл Елшінің сөздері, істері, бейнесі және үнсіз мақұлдауы).

Муса Исламды насихаттады және өз Сүннетінен муғжизалар көрсетті, яғни бұл «Елші тек Кітапты оқытып үйретеді» деген пайымды теріске шығарады.

Бұл сондай-ақ Аллаһтың Мухаммад Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Кітапқа да, хикметке де үйреткен деген сөздерімен расталады: «Расында Аллаһ мүміндерге қамқорлық етіп, оларға өздерінен шыққан, оларға Аллаһтың аяттарын оқитын, оларды тазартатын және оларға Кітап, хикмет үйрететін Елші жіберді» (3: 164).

3-Тарау: Елшіге бағыну – оның Сүннетіне бағыну

Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетінің заң шығарушылық билігі

Сүннеттің ерекшелігі – оның заң шығарушылық билігі, бұл Аллаһтың мұсылмандарға бұйрықтарды Кітап пен елшілердің Сүннеті арқылы  беретінін білдіреді. Аллаһтың рұқсатымен, Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетінің заң шығарушылық билігінің бұлтартпас дәлелдерін келтіреміз.

1) Иерусалим тарапқа қарап намаз орындау туралы бұйрық.

Мұсылмандар алғашында Иерусалим тарапқа қарай намаз орындайтын еді, алайда кейіннен Аллаһ мұсылмандарға Меккедегі Қағба тарапқа қарай намаз орындауды бұйырып, былай деді: «Жүзіңді Харам Мешітіне қарай бұр» (2:144).

Аллаһ қыбланы ауыстыруының себебін былай деп түсіндірді: «Қарап тұрған қыблаңды (Иерусалимді), теріс бағынатын біреулерден Пайғамбарға ілесетін кісілерді білу үшін істеген едік» (2:143).

Енді сұрақ: Құранның қай жерінде Иерусалим тарапқа қарап намаз орындау туралы нұсқау бар?

Пайғамбар Иерусалим тарапқа қарап намаз орындауды бұйырған еді, әрі Аллаһ мұны Елшіге ілесу деп атады, әрі Иерусалим тарапқа қарап намаз орындау туралы бірде-бір аят жоқ, бірақ хадистер бар.

Бұл аят Елшіге ілесу бұйырылған басқа аяттарды түсіндіріп береді, мысалы «Бірақ оған бағынсаңдар, тура жолға ілесесіңдер» (24: 54) деген аятты.

Елшіге бағыну – бұл оның Құранда болмаған болуы мүмкін, бірақ оның Сүннетінде бар бұйрықтарына бағыну.

Сонда мұсылмандар Кітапты қалдырып, Пайғамбардың сөздерін Аллаһтың сөздерімен тең санап және Иерусалим тарапқа қарап намаз орындап, Пайғамбарды (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құдайлық сипатқа бөлегені ме? Әрине, жоқ, өйткені Елшіге бағынудың өзі Аллаһқа бағыну ғой, өйткені Аллаһ Тағала: «Кім Елшіге мойынсұнса, сол Аллаһқа мойынсұнады» (4: 80), — деді.

Сондай-ақ Аллаһ Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйрығың Өзінің бұйрығы деп атады, ал Иерусалим тарапқа қарап намаз орындаудан бас тартудың себебі мұсылмандарды олар Елшіге және оның Сүннетіне қаншалықты бағынуға дайын екендігін тексеру болды. Бұл туралы Оның өзі: «…теріс бағынатын біреулерден пайғамбарға ілесетін кісілерді білу үшін істеген едік», — деп айтқанындай.

Біз Сүннетті тәрк ететін кісілерден бүгінгі күні «Мухаммад тек адам ғана еді, әрі кім хадистерге ілессе адасады» деген сөздерді естиміз.  Кәпір самудтықтар өздерінің пайғамбарына былай деп айтқан болатын:  «Өзімізден болған бір адамға ерейік пе? Әрине, ол уақытта біз адасуда әрі есалаң боламыз» (54: 24).

2) Мұсылмандарға рамазан айының түндерінде қысқа ұйқыдан кейін әйелдерімен жақындасуға тыйым салынған еді, кейіннен мына аят түсірілді:

«Сендерге оразаның кешінде әйелдеріңе жақындасу халал етілді: олар сендерге киім, сендер де оларға киімсіңдер. Аллаһ өздеріңе зиян қылатындықтарыңды біледі. Сондықтан тәубелеріңді қабыл етіп сендерді кешірді. Ал енді (бұдан былай) оларға жақындасыңдар. Аллаһтың өздеріңе жазғанын талап етіңдер» (2:187).

Сахабалар қалайша өздерін алдады, әрі Аллаһ оларды қандай күнәсы үшін кешірді? Құранның қай жерінде Аллаһ мұсылмандарға рамазан айының түндерінде әйелдерімен жақындасуды күнә деп атады?

Кейін Аллаһ: «Енді жақындасыңдар», — деді, ал бұл осының бұған дейін тыйым салынғандығын білдіреді, бірақ бұл Құранның қай жерінде жазылған? Ал егер осы бұйрық Құранда болмаса, онда кім мұсылмандарға рамазан айының түндерінде әйелдерімен жақындасуға тыйым салды? Аллаһтың дінінде Ол заңдастырмаған нәрсесін заңдастыра алатын серіктері бар ма не?!

Бұл тыйымды Аллаһ Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннеті арқылы заңдастырды.

3) «Сол уақытта Аллаһ сендерге екі топтың бірінің сендердікі болатынын уәде етті» (8:7).

Аллаһ Абу Суфьянның  керуені және Абу Жәхлдің әскері туралы айтуда. Құранның қай жерінде осыған дейін Аллаһ Абу Суфьянның керуені және  Абу Жәхлдің әскері туралы айтқан? Құранның қай жерінде осыған дейін Аллаһ мұсылмандарға олар екі топтың бірімен кездесетінін уәде еткен еді? Бұл уәдені оларға Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) берген болатын, әрі Құранда ол жоқ, алайда Аллаһ мұны Өзінің уәдесі деп атады. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ғайыпты біле алмайтын және болашақ туралы (өздігінше) сөйлей алмайтын, өйткені ол адам ғана, ал егер сөйлеген болса да – Аллаһтың уахиі арқылы сөйлейтін.

4) «Жаудың құрма ағаштарын кесулерің немесе (кеспей) тамырларына тік қоюларың Аллаһтың нүсқауы бойынша, бұзақыларды қорлау үшін болды» (59:5).

Аятта Бану Надир тайпасын қоршауға алып шабуылдау туралы болып тұр, сол кезде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) яхудилердің пальмаларын шабуды бұйырды. Алайда Құранда Аллаһ яхудилердің пальмаларын шабуды бұйырған аят жоқ, бірақ Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың  игілігі мен сәлемі болсын) пальмаларды шабуға рұқсат берді, әрі Аллаһ осыны Өзінің шешімі деп атады.

5) «Сол уақытта Пайғамбар жұбайының біріне ашқан сырды ол басқаға хабарлап қойған сәтте Аллаһ оны Пайғамбарға білдірді. Бірақ Пайғамбар жұбайына оның кейбірін білдіріп, кейбірін білдірмеді. Сонда оны жұбайына білдірген сәтте, ол (жұбайы): «Бұны саған кім білдірді?», — дегенде, Пайғамбар:  «Маған толық Білуші, әр нәрседен хабар Алушы Аллаһ білдірді», — деді»(66: 3).

Бірде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдерінің біреуімен сырын бөлісті, ал ол оны басқа адамға ашып қойды. Аллаһ бұл туралы Мухаммадқа (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хабарлады, әрі жұбайы одан ол мұны қайдан білгендігі туралы сұрады, ал ол мұны оған Аллаһ хабарлағандығын айтты.  Ал Құранның ешбір жерінде бұл туралы айтпаған, демек бұл уахи оның Сүннетінен болған дегенді білдіреді.

6) «Сендер олжа алу үшін аттанған кезде сол соғыстан қалып қалғандар: «Біз де сендерге еруге рұқсат етіңдер», — дейді. Олар Аллаһтың сөзін ауыстыруды қалайды. (Мухаммад) оларға: «Әсте бізге ермейсіңдер. Сендер үшін Аллаһ бұрыннан осылай айтқан», — де» (48: 15).

Көптеген екіжүзділер Худайбия шайқасына қатыспады, әрі Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) күресті жалғастырғысы келгенде, ол Худайбия шайқасында қатысқандар ғана онымен баратынын хабарлады.  Құранда Аллаһ мұны Өзінің уәдесі деп атап: «Сендер үшін Аллаһ бұрыннан осылай айтқан», — деді. Алайда мұндай бұйрық Құранда жоқ, бұл бұйрықты Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) берді, ал бұл Сүннеттің Аллаһтан келген уахи екендігін тағы да бір рет дәлелдейді.

«Ол өз ойынан сөйлемейді. Сөйлегені көкейіне салынған уахи ғана» (53: 2-4).

Мысалдардарды бұдан да көбірек келтіруге болады, алайда жоғарыда келтірілгендердің өзі жеткілікті.

Сүннетке ілесудің міндеттілігі әрі оны тастағандарға қорқытулар

Аллаһ Құранда Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шақыруын Мусада Таурат болмаған кездегі Мусаның шақыруымен теңестірді.

Аллаһ Тағала былай деді: «Расында Біз Перғауынға елші жібергендей сендерге де куә түрінде Елші жібердік. Сонда Перғауын Елшіге қарсы келді. Сондықтан оны қатты қинаумен қолға алдық» (73:15-16).

Перғауын Мусаның Сүннетіне мойынсұнбады (өйткені сол кезде Мусада Таурат болған жоқ еді ғой), әрі ол жазаланды және Қиямет күні Муса да, Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің Сүннетіне ілескендерге және оны тәрк еткен халықтарға куәлік ететіні сияқты, Перғауынға қарсы куә болады.

Аллаһтың Елшісінің өзі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім менің Сүннетіме ілескісі келмесе, соның маған қатысы жоқ», — деп айтқанындай (әл-Бухари).

Сондай-ақ басқа бір аятта Аллаһ күнәхарларды Елшіге мойынсұнбағаны үшін жазалағаны туралы былай деп айтады: «Перғауын және одан бұрынғылар, сондай-ақ ойран болған кент түрғындары (Лұт халқының кенттері) күнәлар жасайтын. Олар Раббыларының елшілеріне қарсы келген. Сондықтан Аллаһ оларды қатты түрде қолға алған» (69: 9-10).

Ал бізге Перғауынның Киелі Кітапқа емес, дәл Сүннетке мойынсұнбағандығы өте жақсы мәлім болды.

Самуд елі де өздерінің пайғамбарына бағынбады, әрі Аллаһ оларды ұлы жазаға тартты: «Самуд елі ескертушіні жасынға айналдырды: «Өзімізден бір адамға ерейік пе? Әрине, ол уақытта біз адасуда әрі есалаң боламыз. Арамыздан үгіт оған түсірілді ме? Жоқ, ол мүлде өтірікші, өзімшіл», — деді. Олар ертең-ақ кімнің барып тұрған суайт, құж екенін біледі. Расында, аруананы оларға сын үшін жібердік. Сондықтан оларды байқа, сабыр ет. (Әй, Салих) оларға: «Су араларыңда кезекті; әркім ішу кезегінде әзір болсын», — деп түсіндір. Сонда олар жолдастарын шақырды да, ол қылышын алып, түйені өлтірді. Сонда азабым, ескертуім қалай екен? Дұрысында оларға бір қатты дауыс жібердік те, олар шарбақ қораның ұматылған қу жапырағындай болды» (54: 24-31).

Ал басқа бір аятта Аллаһ адамдарды, егер олар Мухаммад Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мойынсұнбаса, азапты жазамен қорқытты.  Аллаһ былай деді: «Сондықтан оның әміріне қарсы келгендер өздеріне бір апат жетуінен немесе жан түршігерлік азап келуінен сақтансын» (24: 63).

Сүннетті тастау соңғы апарар жері Тозақ болып табылатын адасушылыққа алып келеді. Бұл аяттар Раббының елшілеріне мойынсұнбай құтылуға қол жеткізу мүмкін еместігіне нұсқайды.

Аллаһ Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабаларының жолын тастаған  адамдарды ұлы азаптаулармен қорқытып, былай деді: «Ал біреу өзіне тура жол айқындалғаннан кейін Елшіге қарсы шықса, сондай-ақ мүміндердің жолынан басқа жол іздесе, оны бұрылған жағына бұрамыз да, Тозаққа саламыз. Ол нендей жаман орын!» (4: 115).

Аллаһ Құранның көптеген жерлерінде бізге Мухаммад Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне ілесуді міндеттейді.

Аллаһ Тағала былай деді: «ухаммад) Раббыңа серт! Олар өзара таласқан нәрселерінде сені би қылып, сонсоң берген билігіңнен көңілдерінде ақау таппай толық бой ұсынғанға дейін мүмін бола алмайды» (4:65).

Пайғамбардың шешімі Құранның бұйрығы ма? Жоқ… Әрі кім мүмін болса, Пайғамбардың шешіміне толық бағынуы қажет.

Сондықтан да егер сіздер шындығында да иман келтірген болсаңыздар, онда Құранды түсінудегі біздің келіспеушіліктерімізді Елшіге (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтарайық!

Көптеген адамдардың күпірлігінің себебі оларға Сүннеттің кейбір ережеле-қағидалары ұнамауында, сондықтан да Аллаһ егер адам Елшінің әміріне толық мойынсұнбаса, тіпті бұл оның нәпсісіне ұнамаса да, иман келтірген болмайтынын айтты.

Аллаһ Тағала мұсылмандар туралы былай деді: «Олар Тауратта және Інжілде ол туралы жазуды табатын, сауатсыз Пайғамбарға ергендер. Ол оларды жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыяды. Жақсы нәрселерді халал, жаман нәрселерді арам қылады. Олардың үстеріндегі ауыр жүктерді (түсіріп), шиелініскен нәрселерді шешеді. Оған (Мухаммадқа) иман келтіргендер, оны құрметтегендер, оған қолдау көрсеткендер, сондай-ақ оған түсірілген нұрға ергендер міндетті түрде жетістікке жетеді» (7: 157).

Бұйыру, тыю және рұқсат ету Құдайлық уахидің бөлігі болып табылады, ал дінде тек Аллаһ қана бұйыра алады және тыйым сала алады: «Немесе дін түрғысынан Аллаһ бүйырмаған нәрсені оларға шариғат қылатын ортақтары бар ма?» (42: 21).

Бұл Сүннеттің Аллаһ тарапынан түсірілгенін, Елшінің діндегі сөздері Аллаһтың уахиі екенін тағы да бір рет дәлелдейді, мұның мысалдары жоғарыда келтірілген болатын.  Ал егер осы аятта Құран меңзелген болғанда, онда Аллаһ Елшіні атамай-ақ қалдырар еді. Құран болса, Елшіні атаудың не қажеті бар?

Егер Елшінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) миссиясы тек Құранды алып келуде ғана болғанда, онда осымен оның миссиясы орындалған болуға тиісті еді, демек оны атаудың да оған ілесуді бұйырудың да қажеті жоқ болар еді.

Осы аяттарды Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) замандастары қалай түсінетіндіктері туралы ойланыңыздаршы. Олар осы аяттардан тек Құранға ғана ілесу қажет екендігін түсінер ме еді, әлде сондай-ақ Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ауызынан шыққан бұйрықтарға да ілесу қажет екендігін түсінер ме еді? Пайғамбардың ауызынан шығатын бұйрықтарға ілесуді түсінер еді, Құранның аяттарының айқын мағынасы дәл осыған нұсқайды, ал Құран анық араб тілінде түсірілген әрі оны айқын мағынасымен түсіну қажет, ал кім керісінше түсінсе дәлел келтіруге міндетті!

Кейбіреулерде мынандай сұрақ туындауы мүмкін: «Жарайды, онда неліктен Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Исламға Құранмен шақыруды бастады да, ал Муса – Сүннетпен?»

Бұған жауап мынандай: Мусаның заманындағы адамдар Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) заманындағы арабтардан ерекшеленетін еді. Мусаның заманындағы адамдар сиқыршылыққа қызығып салынатын, әрі, біз мұны Құранның аяттарынан көретініміздей, қоғамдағы ең үлкен дәрежеге сиқыршылар мен абыздар ие болатын.

Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) заманындағы арабтар арасында ойды білдіру өнері бағаланатын, ақындық пен шешендік бәрінен жоғары қойылатын, сондықтан да ақындар мен шешендер қоғамда жоғары мәртебеге ие болатын.

Сол себепті Аллаһ Өзінің Даналығымен Мусаны сиқыршылықтан жақсырақ болған нәрсемен, ал Мухаммадты (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кез келген поэзиядан жақсырақ нәрсемен жіберді. Осы жағдаяттарды біле тұра біз Ұлы Аллаһтың құдайлық ой-ниеті мен даналығын түсінеміз.

4-Тарау: Елші Кітапты түсіндіреді

Суннетке қарсы мақаланың авторы былай деп жазады: «Елші Құранды оқытып-үйретеді, уағыздап-насихаттайды және түсіндіреді».

Автор ақиқатты айтты, өйткені бұл «түсіндіру де уахи болып табылады» дегенді білдіреді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дінде өздігінен сөйлей алмайтын, өйткені дәлелмен бекітілмеген сөздер ерте ме, кеш пе өтірікке соқтырады, ал Аллаһтың дініне қатысты сөздер тіпті де.

Аллаһ Тағала былай деді: «Егер Елші кей сөзді өзі айтып Бізге таңса, әрине оның оң жағынан қолға алар едік; сосын оның күре тамырын кесер едік. Сонда сендерден ешбіреу одан тоса алмайды» (69: 44-47).

Сонда Аллаһ Құранды сақтап қалып, оның түсіндірмесін сақтап қалмағаны ма? Жоқ, әрине, өйткені бұл даналық болмас еді, ал Аллаһ барша кемшілік атаулылардан Пәк. Елшінің түсіндіруі басқа адамдарға жетпесе, онда оның түсіндірмесінің мәні неде? Сондықтан да Құран және оның түсіндірмелері (хадистер) сахабалар тарапынан сақталған еді.

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабасы Жабир ибн Абдуллаһ әл-Ансари былай деген: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) біздің арамызда болды, әрі оған Құран түсіріліп жатты, және ол оның тәпсірін білді, әрі ол не істесе, біз де тура соны істейтінбіз» (Муслим).

Сондықтан да Құранның шынайы тәпсірін сахабалар біледі, біз үшін сахабалардың Құранды тәпсірлеуі міндетті болады, өйткені олар осы тәпсірді Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) білді, ал ол оны өз кезегінде Жәбірейілден білді.

Сондықтан да Аллаһ былай деді: «Ал біреу өзіне тура жол айқындалғаннан кейін Елшіге қарсы шықса, сондай-ақ мүміндердің жолынан басқа жол іздесе, оны бұрылған жағына бұрамыз да, Тозаққа саламыз. Ол нендей жаман орын!» (4: 115).

Құран түскен кездегі мүміндер Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары еді!

Аллаһ сондай-ақ былай деп айтты: «Мухажір, ансарлардан алғашқы иман келтіргендерден және жақсылықта оларға ергендерден Аллаһ разы болды. Әрі олар да Аллаһтан разы болды. Сондай-ақ Аллаһ олар үшін мәңгі қалатын, астарынан өзендер ағатын Жәннат бақтарын әзірледі. Осы – ұлы мұрат» (9: 100).

Тура осыны бізге Аллаһтың Елшісі де (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өсиет етіп, былай деді: «Ақиқатында, сендерден кім ұзақ өмір сүрсе, көптеген келіспеушіліктерді көреді, сондықтан да сендер менің Сүннетімді және тура жолмен жүретін халифаларымның сүннетін ұстануларың қажет. Осыдан «азу тістеріңмен» жабысып ұстаныңдар» (Абу Дауд 4607, әт-Тирмизи 2676).

Өйткені мұсылман үмметі осынысымен Кітапты адамдарға түсіндіру бұйырылған Кітап иелерінен ерекшеленеді.

Аллаһ Тағала былай деді: «Сол уақытта Аллаһ Кітап берілгендерден: «Әлбетте, оны адамдарға түсіндіріңдер, жасырмаңдар!» — деп, уәде алған. Дегенмен олар оны арт жақтарына тастады. Әрі олар оны аз бір бағаға айырбастап алды. Сонда олар нендей жаман нәрсе сатып алды» (3: 187).

Сондай-ақ көрнекілік үшін Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) түсіндірмесінсіз түсіну мүмкін емес болған аяттарды келтіруге де болады.

1)  Аллаһ Құранда былай деді: «Сондай иман келтіріп, сенімдерін зұлымдықпен былғамағандар, міне соларда қауіпсіздік бар. Және олар тура жолға түсірілгендер» (6: 82).

Адамдардан кім әділетсіздік жасамайды? Әрбір адам қандай да бір дәрежеде зұлымдық танытады. Міне осы – жоғарыдағы аяттың сыртқы (үстіртін) мағынасы, әрі одан барлық адамдар мен жындар қауіпсіздікте және тура жолда бола алмайтыны шығады, өйткені олардың барлығы әйтеуір бір зұлымдық жасайды емес пе? (Алайда…)

Абдуллаһ ибн Масудтың былай дегені хабарланады: «Сондай иман келтіріп, сенімдерін зұлымдықпен былғамағандар…» (деген аят) түсірілген кезде, Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары: «Біздерден кім зұлымдық жасамады?», — дей бастады, сонда Аллаһ Тағала: «…өйткені көпқұдайшылық – ұлы зұлымдық!» (деген аятты) түсірді» (әл-Бухари).

Сүннетті тәрк етуші адамдар Құранды түсінудегі қандай пайдадан мақұрым болады! Сүннеттің себебімен біз бүкіл адамзат проблемаларының шешілуінің кілті болып табылатын бірқұдайшылықтың күшін білдік. Өйткені көпқұдайшылықтың дәл өзі бізді қауіпсіздіктен айырады, қайғы-қасіреттерге салады және тура жолдан тайдырады!

2)  Аллаһ Құранда былай деді: «Намаздарға, әсіресе орта намазға сақтық істеңдер. Аллаһқа бой ұсынған түрде тұрыңдар. Ал егер қауіп-қатерде болсаңдар, жаяу немесе көлікте (бет алған жаққа ишарамен) оқыңдар. Қашан бейбіт болсаңдар, сендерге білмегендеріңді үйреткеніндей Аллаһты зікір етіңдер» (2: 238-239).

Біріншіден, бұл аятта парыз намаздары біреуден көп екендігі айтылады. Алайда Құранның еш жерінде намаздың нақты саны нұсқалмайды, ал намаздардың бес уақыт болуы Елшінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетінде келген.

Екіншіден, Аллаһ орта намазды қорғаудың маңыздылығына нұсқады, алайда бұл намаздың түсіндірмесі Құранда жоқ, бірақ Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетінде бар.

Үшіншіден, «Ал егер қауіп-қатерде болсаңдар, жаяу немесе көлікте (бет алған жаққа ишарамен) оқыңдар. Қашан бейбіт болсаңдар, сендерге білмегендеріңді үйреткеніндей Аллаһты зікір етіңдер» деген сөздер Аллаһ мұсылмандарды намаз орындаудың белгілі бір түріне үйреткендігіне нұсқайды, солай болса да Құранда намаздарды қандай орындау қажет екендігі егжей-тегжейлі сүреттелмеген. Аллаһтың Елшісінің дәл өзі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандарға намазды қалай орындауды үйретті, әрі Аллаһ осыны Өзінің үйретуі деп атады, ал бұл да Сүннеттің құдайлық болмысқа ие екендігіне нұсқайды.

3)  Аллаһ Құранда былай деп бұйырады: «Ұры еркек пен ұры әйелдің қолын кесіп тастаңдар» (5: 38).

Бұл аятты қалай түсінуге болады? Араб тілінде кез келген затты ұрлаған адам ұры деп аталады.  Демек, араб тіліне негізделсек, онда кез келген ұрының қолын кесіп тастау керек, тіпті адам бір кәмпит ұрласа да ол ұры болып саналады әрі ол үшін қолын кесіп тастау міндетті болады.

Әрі қарай екінші сұрақ туындайды: қолдың қаншасын кесіп тастау керек? Араб тілінде қол – бұл иықтан (бармақтарға дейін) төмен қарай аталатынның барлығы. Сүннетті білместен адамның иығына дейін қолын ол кәмпит ұрлағаны үшін ғана кесіп тастауға болар еді. Ал бізге Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) динардың төрттен бір бөлігінен көп нәрсені ұрлаған адамның ғана қолын кесу керектігін айтты әрі Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тек қолдың алақанын ғана кесіп тастауды бұйыратын. Ол: «Егер ұрланған зат динардың төрттен бір бөлігі, не одан көбірек болмаса, қолды кесіп тастауға болмайды», — деген (әл-Бухари).

Абыздар мен «құраншылар» туралы мәселе

Бізге «құраншылар» деп танылған Сүннетті тәрк етуші адамдардың ең негізгі шақыруларының бірі абыздар мәселесі болып табылады. Олар ешкім басқаларды Құранның өз түсіндірмесімен міндеттеуге құқықты емес, әрі әрбір адам Аллаһтың Кітабы үстінен өзі ойлануы керек деп мәлімдейді, ал ғалымдарды, білім иелерін олар «абыздар корпорациясы» деп атайды.

Шындығында да, Кұран, барлық адамдар мен жындар одан пайда алулары үшін, анық тілде түсірілген, алайда бізге мұны Аллаһтың өзі хабарлағанындай, Құранды түсіну үшке бөлінеді:

1)     Құранның барша түсіне алатын аяттары бар – бұл Жәннат, Тозақ, Аллаһтың Есімдері мен Сипаттары, пайғамбарлар, намаз орындау, күнәдан тыйылу жөніндегі бұйрықтары туралы т.с.с. аяттарға қатысты. Яғни құтылуға қол жеткізу үшін ең маңызды болып табылатын діннің негіздері.

Аллаһ Тағала былай деді: «Ол айқын араб тілінде түсірілді» (26: 195).

Сондай-ақ Аллаһ Тағала былай деді: «Расында, түсінулерің үшін оны арабша Құран қылдық» (43: 3).

Аллаһ Тағала тағы да былай деді: «Ал сонда олар Құран туралы ойланбай ма?» (4: 82).

2)     Құранда Құран мен Сүннет бойынша кең көлемді білімдерге ие ғалымдар ғана түсіне алатын аяттар бар.

Аллаһ Тағала былай деді: «Біз адамдарға осындай мысалдар келтіреміз, бірақ оларды тек білім иелері ғана түсінеді» (29:43).

Яғни Құрандағы барлық нәрсе барша адамға түсінікті бола бермейді, онда тек білім иелері, ғалымдар ғана түсінетін аяттар да бар.

Сондай-ақ Аллаһ бізге Құранды түсінуде білім иелеріне жүгінуді бұйырып: «Егер өздерің білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар!» (16:43), — деді.

Аллаһ бізге, егер біз өзіміз бір нәрсені білмесек: «Құраннан өздерің жауап іздеңдер», — деп айтпады, білім иелеріне түсіндірмелер алу үшін жүгінуді бұйырды. Өйткені біз Құранға бұрыс түсіндірме жасауымыз мүмкін.

Аллаһ сондай-ақ былай деп айтты: «Ал саған Біз Ескертуді (Зикр) түсірдік, сен оларға түсірілгенді түсіндіруің үшін және олар ойланулары үшін» (43: 44).

Бұл «Құранда барлық нәрсе түсінікті (мухкам) емес, әрі адамдар ойланулары үшін Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) түсіндіруіне мұқтаж нәрселер бар» дегенді білдіреді.

3)     Құранда тәпсірін Аллаһтан басқа ешкім білмейтін аяттар бар. Аллаһ Тағала былай деді: «Ал жүректерінде қыңырлық болғандар бұзақылық іздеп, ұқсас мағыналы аяттардың ұғымын іздестіріп, соңына түседі. Оның ұғымын Аллаһ ғана біледі» (3: 7).

Сондықтан да Құранды әркім өзінің біліміне сәйкес түсінеді: біреу көбірек түсінеді, басқасы азырақ түсінеді, біреу дұрыс түсінеді, ал басқа біреу бұрыс түсінеді.

Аллаһ Тағала былай деді: «Ол көктен жаңбыр жаудырды да, ойпаттар өз өлшеуі бойынша сел болып, көпірген көбікті қалқытып ақты» (13: 17).

Енді, қарапайым адам Құранды түгелімен түсіне алмайтыны және әркім Құранды өз біліміне сәйкес түсінетіні айқын болған соң, мысалдарға көшуге болады. Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Құранды тәпсірлеуінің осыдан алдынғы мысалына тоқталып кетейік.

Аллаһ Тағала былай деді: «Ұры еркек пен ұры әйелдің қолдарын кесіп тастаңдар» (5: 38)

Бұл дәлелді мұсылман ғалымдары Құранды тәпсірлеуде Сүннеттің қажеттілігіне нұсқап қолданады. Бұл аяттың айқын мағынасы жазаны іске асырудан бұрын қолдың қандай бөлігін кесіп тастау қажет екендігі немесе ұрланған заттардың мөлшері қанша болуы керектігі мәселесіне қатысты осы аятты түсінуде Сүннеттің қажетті екендігіне нұсқайды. Нәтижесінде Сүннеттің қарсыластары бұл аяттың ауыспалы мағынасына негізделген өз аудармасын ойлап тапты.

Олар ”«айдияһума» (қолдарын) деген сөздер – екі қолдан көбірек қолдарды меңзейді (өйткені араб тілінде екілік сан (өзгеше) жеке белгіленеді), ал адамда екі қолдан артық болмайды, сондықтан да айқын мағына дұрыс емес, демек бұл аяттың мағынасы ауыспалы“ деген дәйек келтіріп, бұл аятты айқын мағынасына сәйкес түсінуге болмайды дейді.

Бұл – сауатсыз (надан) мәлімдеме, өйткені Аллаһ ұры еркек пен ұры әйел туралы айтуда, ал олардың бірге төрт қолы бар, әрі «айдияһума» (қолдарын) сөзі «олардың» деп аударылатын «һума» деген жіктеу есімдігіне ие, яғни олардың (ұры еркек пен ұры әйелдің) қолдарын (төрт қолдарын).

Өз сенімдерін қорғап қалу үшін тура бағыттан ауытқып кеткен бұл топ, өздерін басқа бір тығыршыққа алып барып тіреді. Мұның мәні Сүннетті тәрк етушілер бұл аяттың ұры еркек пен ұры әйелді материалдық байлықтардан кесіп тастау керек деген метафоралық аудармасын ойдан шығарып, айқын мағынасынан ауытқыған  басқа бір тәпсірін тапқанында. Бұл аятты осылай түсінудің қате екендігіне тоқтап отырмаймыз, өйткені жеке бір нәрсені дәлелдеудің маңызы жоқ, адасушылықтың тамырына нұсқау маңызды, әрі Құранның айқын түсіндірмесін айқын нұсқаусыз тастауға болмайтығының өзі жеткілікті.

Бұл метафоралық тәпсірлеу «құраншылардың» өздерінің сенімдеріне түбегейлі түрде қарама-қайшы келеді, өйткені олар Құранның түсінікті екендігін, Құранды кез келген шопан оны жай оқып түсіне алатынын, әрі ешкім Құранды тәпсірлеудің «абыздық» жүйесімен міндеттеуге құқықты емес екендігін айтады.

Нәтижесінде олар: «Құранда ұрылардың қолдарын кесіп тастау туралы үкім жоқ!», — деп мәлімдеп, өздерінің тәпсірлерін басқа адамдарға міндеттейтін «абыздар» етіп  алды. Өйткені егер олар абыз болмағанда өз еңбектерін жарияламас еді және осы түсіндірмені өздері үшін ғана алып, басқаларға өздері дұрысын тауып алуға мүмкіндік берер еді. Ал олар: «Исламда ұрлық үшін қолдар кесіп тасталмайды», — деп айтатын видеоларын түсірген кезде, бұл «өз пікірін басқаларға міндеттеу» деп аталады.   Кез келген араб немесе араб тілін меңгерген адам осы аятты оқып, ұрылардың қолдарын кесіп тастау керек деп түсінеді, өйткені араб тілі айқын түрде осыған нұсқайды, әрі мұсылмандар 1400 жыл бойы осы аятты дәл осылай түсініп келген. Бірақ «құраншылардың» «абыздық» жүйесі олар бұл аятты басқаша түсінгендіктен Аллаһтың айқын бұйрығын орындауға тыйым салады.

Осы орайда «Кімдікі дұрыс екендігін анықтайтын өлшеуіш қайда?» деген ең маңызды сұрақ туындайды.

Сондықтан да Исламда өлшеуіш Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннеті болып табылады.

Қолды кесіп тастауды қалдырайық та, одан маңыздырақ нәрселерге, мысалы, адамдардың өміріне көшейік. Құранда: «Олармен ешбір бүлік қалмағанға дейін және дін бүтіндей Аллаһтікі болғанға дейін соғысыңдар!» (8: 39), — деп айтылады.

Немесе басқа аят: «Әй, мүміндер! Маңайларыңдағы кәпірлермен соғысыңдар. Олар сендерден бір қатаңдық тапсын» (9: 123).

Егер: «Құранды өз ақылдарыңмен түсініп алыңдар!», — деп айтсақ, онда ертең мыңдаған адамдар қала көшелерінде мұсылман еместерді өлтіруге шығады, әрі бірде-бір «құраншы» оларды тоқтата алмайды, өйткені, біріншіден, ешкім Құранның өз түсінуін басқаларға міндеттей алмайды, әрі, екеншіден, Құранды түсінудің дұрыстығын анықтайтын өлшеуіш қайда?

Сондықтан да төртінші салиқалы халифа Али ибн Абу Талиб Ибн Аббасты хауариждерге[1] жібергенде, ол оған олармен Құранмен емес, Сүннет арқылы пікірталас жүргізуді бұйырған еді. Ибн Аббас оған: «Уа, мүміндердің әмірі, мен Аллаһтың Кітабын олардан жақсырақ білемін, өйткені ол біздің үйлерімізде түсірілді ғой», — деді. (Али): «Сенікі дұрыс, алайда Құранды әртүрлі түсінуге болады. Біз сөйлейміз, олар сөйлейді, сондықтан да олармен Сүннет арқылы айтыс, өйткені олар Сүннеттен қашып тығылатын пана таба алмайды», — деді (әс-Суйути “Мифтах әл-жәнна» 41-бет).

Ал хауариждердің адасушылықтары неде еді?  Олар «Кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, солар кәпірлер!» (5:44) және «Үкім тек Аллаһқа тән!» (12: 40) деген аяттарды алып алды да, Құранды өздерінше түсініп, Алиді ол келіспеушіліктерді шешетін билерді тағайындағаны үшін күпірлікте айыптай бастады. Хауариждер мұсылмандардың қанын төгіп және жер бетінде бұзақылық таратып, мұсылмандардың үмметіне бөлінушілік салды.

Ал Ибн Аббас хауариждерге келген кезде оларға: «Мен сіздерге Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларынан – мухажірлер мен ансарлардан әрі оның көкесінің баласынан (Алиден) келдім. Құран соларға түсірілген еді, әрі олар оның мағынасын сендерден жақсырақ біледі, ал сіздердің араларыңда олардың біреуі де жоқ!», — деді (Ахмад 1/621, әл-Хаким 2/150).

Содан соң мыңдаған хауариждер тәубе етіп, Ибн Аббаспен бірге қайтты, ал хауариждердің адасушылығының себебі олардың араларында ғалымдар (сахабалар) болмағанында және олар Құранды өздерінше тәпсірлеуінде еді.

Сондай-ақ адам баласы өз құмарлықтарына ілесуге бейім, әрі дін де бұдан тыс емес,  сондықтан да дүниеде сан алуан түрлі секталар көп, өйткені адамдар өз құмарлықтарына (әуес-қалауларына) ілеседі. Адамдарға қолды кесіп тастау қатал болып көрінді және олар Құранда мұндай бұйрық жоқ деп айтты. Ал басқалары билікті басып алуды қалады да, әмір (билеуші) кәпір деп жариялады.  Әрі олардың барлығы Құранға жүгінуде.

Мұндай адамдар Аллаһ Тағала: «Ақиқатында, көп адамдар білімсіз, өздерінің әуес-қалауларымен адастырады» (5: 119), — деп айтқанындай.

Ал ақиқатты жақтаушылардың өз құмарлықтарын (әуес-қалауларын) жақтаушылардан айырмашылығы неде? Ақиқатты жақтаушылар өз сенімдерін дәлелдердің үстінде құрады, олар Құранға ашық жүрекпен келеді, әрі егер Аллаһ ұрылардың қолдарын кесіп тастауды бұйырған болса, олар Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл аятты қалай түсіндіргеніне қарайды да, тек оның түсіндірмесінен кейін ғана Аллаһтың әмірін орындайды, өйткені әркім Құранды өздігінше түсінсе, бүлік басталады.

Сондықтан да Сүннетті тәрк ететін адамдарда екі нұсқа бар:

1)    Әркім Құранды қалағанындай етіп түсінеді де, анархия басталады.

2)  «Құраншылар» Құранның қандай түсіндірмесі дұрыс екендігін анықтайтын өздерінің меншікті   «абыздық» жүйесін   құрады.

Яғни өздерінің сүннетін, бірақ енді Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетін емес, «құраншылар» өздерінің Аллаһтан келген елшісі деп санайтын Рашад Халифтың сүннетін құрады. Қазақстандық «құраншылар» елді соған шақырып жатқан идеологияны дәл сол жасап шығарды. Құранды түсінудің олар «радикалдық абыздық» деп атаған Мухаммад Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жүйесінің орнына олар Құранды тәпсірлеудің «елші» Рашад Халифа ұсынған либералдық-философиялық жүйесін алып алды.

Сондықтан да «құраншылардың» «мұсылмандардың абыздық жүйесі» туралы айтатын мәлімдемелері өтірік болып табылады, өйткені олардың өздері абыздық жүйе жасап шығарды. Олар оны жасауына тура келді, өйткені Кітапты тәпсірлеудегі жүйелілік онсыз тек хаос (жаппай тәртіпсіздік) болатын тәртіптіліктің ажырамас бөлігі болып табылады. Сондықтан да тіпті егер біреу-міреу «жүйелілікті» тәрк етсе де, ол ерте ме, кеш пе: сөз жеке біреудің өмірі емес, мемлекет пен қоғам туралы болғанда — жүйелілікке келеді.

Жаратылыстың болмысы (табиғаты) осындай. Қоғамдық жаратылыстар: құмырсқалар, аралар, қасқырлар немесе адамдар болсын — қауымның тіршілік етуінің тәртібін нақты бақылайтын жүйелерде өмір сүреді. Өйткені тәртіпсіз қауым болып өмір сүру мүмкін емес. Мұндай идеологиялар қоғам үшін қауіпті, әрі әдетте бұқаралық сипатқа ие болмайды да, жүйеге қарсы шығып: «Жүйе жоқ болсын!», — деп айту арқылы өздерін жеке тұлға ретінде іске асыруды қалайтын «қарсы болушылар (протестанттар)» деп аталатын топтармен шектеледі.

5-Тарау: «Құраншылардың» «елшісінің» бидғаты

Көп адамдар «құраншылардың» адасушылығы тек Сүннетті тәрк етуге негізделеді деп есептейді, алайда бұл тек осылай ғана емес.  Осы топты зерттеп, кез келген адам бұл топтың басқа да, бұдан да қорқынышты бидғатшыл сенімдері бар екендігін түсінеді. Құраншылардың дінінің негізін салушы тегі арабтан шыққан америкалық Рашад Халифа болып табылады, дәл сол осы адасушылықтардың негізін салды.

Оның басты адасушылықтарының арасындағы ең қорқыныштылары үшеу:

1)     Рашад Халифа өзін Аллаһтың елшісі екендігін, ғарышта болғандығын және ол жерде барлық пайғамбарлар оған ант бергендігін жариялады.

Рашад Халифа былай деді: «Менің Меккеге жасаған қажылығымның барысында, (хижра бойынша) 1391 жылдың зуль-хижжа айының үшінде (1971 жылдың 21 желтоқсанында) күн шығудан бұрын, мен Рашад Халифа, рухыммен,  өз тұлғаммен Ғаламның қандай да бір жеріне алып кетілдім, ол жерде мен барлық пайғамбарларға Құдайдың елшісі ретінде таныстырылдым. Мен 1408 жылдың Рамазанына дейін осы оқиғаның егжей-тегжейліктері мен маңыздылығы туралы хабардар етілмеген болатынмын. Мен бір мезетте тік отырғанымды, ал пайғамбарлар бірінен соң бірі менің алдыма келіп, бетіме қарап, сосын бастарын изегендерін ұғындым» (Рашад Халифа, «Құран: соңғы өсиет»(«Коран: Последний завет»), 2-қосымша).

Әрине, бұл ұлы өтірік болып табылады, өйткені Аллаһ бізге Құранда Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) туралы хабарлағандай Рашад туралы Құранда хабарламады. Аллаһ былай деді: «Мухаммад — Аллаһтың Елшісі» (48:29). Егер мұсылмандар өзінің құдайдан дарыған миссиясы туралы Құрандағы «шифрлы хабарларға» негізделіп жариялайтын кез келген жексұрынға сене беретін болса, не болмақ?!

Бұдан қалса, Аллаһ бізге Мухаммадтан кейін пайғамбарлар болмайтындығын хабарлап, былай деген: «Мухаммад сендерден ешбір еркектің әкесі емес. Бірақ Аллаһтың Елшісі және пайғамбарлардың соңы» (33: 40).

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Сен (Али ибн Абу Талиб) маған қатысты, Харун Мусаға қатысты қандай болса, сондайсың. Бірақ менен кейін Елші келмейді», — деген (әл-Бухари).

Сондай-ақ Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Расында, менің үмметімде отыз өтірікші дүниеге келеді. Олардың әрқайсысы өзін пайғамбар деп айтады, ал (шындығында) мен – пайғамбарлардың соңғысымын, әрі менен кейін пайғамбар болмайды» (Муслим).

Бізге Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) уәде еткеніндей Исламның тарихында өзіне пайғамбарлықты  теліген жалған есімге ие болушылар көп болды, әрі Рашад Халифа солардың біреуі ғана. Және біз: «Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) – Аллаһтың соңғы елшісі», — деп куәлік береміз, әрі Аллаһ адамдарды адастыратын әрбір өтірікшінің жазасын берсін.

2)     Рашад Халифа «Аллаһтың Кітабы бұрмаланды, өйткені 19 деген код Құранмен сәйкес келмейді», — деп жариялады, сондықтан да ол: ”«Әт-Тауба» сүресінің екі соңғы аяты Құраннан емес, өйткені оларсыз оның 19 деген коды істеп тұр”, — деп айтты.

Рашад Халифа былай дейді: «Пайғамбар қайтыс болғаннан соң он тоғыз жыл, кейбір кітапшылдар 9-сүренің, Мәдинада түскен ең соңғы сүренің соңына екі жалған аятты қосып қойды» (Рашад Халифа, «Коран: Последний завет», 24-қосымша).

Бұл сонымен бірге Аллаһқа жабылған ұлы жала болып табылады, Аллаһ Құранды сақтауды және оны бұрмалаулардан қорғауды уәде етті. Аллаһ Тағала былай деді: «Расында, Құранды Біз түсірдік және Біз оны қорғаушымыз» (15: 9).

Демек, оның айтуына сенсек, Аллаһ Құранды бұрмалаулардан сақтамағаны ма?  1400 жыл бойы мұсылмандар екі жалған аятты Құранның бөлігі деп санағаны ма?

Аллаһ сондай-ақ былай деп айтты: «Оның алдынан да, артынан өтірік сөз келмейді (араласпайды). Аса Дана, өте Мақтаулы Аллаһ тарапынан түсірілген» (41: 42).

Сонда өтірік бәрібір Құранға араласқаны ма? Аллаһ бәрібір Құранды екі жалған аяттан қорғап қала аламағаны ма? (Аллаһ бізді мұндай дінбұзар ойлардан сақтасын!)

Не үшін Рашад Халифа осыны мәлімдеді? Өйткені ол Құранда оның ойынша Құранның Құдайдан келгендігін және Құранның бұрмаланбағандығын дәлелдеуге тиіс математикалық код іздей бастады да, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетін қалдырып, шайтанның жолына ілескендермен әдетте орын алатынындай, Рашад халифа нәтижесінде Құранның бұрмаланғандығын «дәлелдеді».

Ол Құрандағы түрлі сөздер мен әріптерді санап, олардың жалпы қосындысын шығарып, кейін (19 деген көбейткішті ақтарып) оларды 19-ға бөлді, нәтижесінде идеалдық үйлесім шығуға тиіс еді, бірақ ол шықпады.   Ол өз есептерін сан рет жариялады, әрі әр кез оларда қателіктер табылып отырды және ол кейін есептерін жаңадан жалғастыратын. Соңғы ретінде ол Құраннан екі аятты алып тастады, әрі бұл идеалдық үйлесімге әкелді-мыс. Сөйтіп ол өзін Құрандағы тылсым (магиялық) кодты табуға және Құранды бұрмалаулардан тазартуға тиіс Елші деп жариялауға сылтау пайда болды. Алайда осы соңғы есептер де үйлеспеді. Нәтижесінде енді Исламның барлық жаулары Рашад Халифаның қате және жиі жағдайда қасақана бұрмаланған есептеріне сүйеніп, Құранды өтірік деп мәлімдеуде. Осындай тәсілмен шайтан адамдарды алдайды және өзінің ақиқатқа қарсы күресін жүргізеді.

3)     Рашад Халифа Қиямет күнінің нақты болатын жылын есептеп шығарды-мыс, оның есебі бойынша ол хижраның 1710 жылы.

Рашад Халифа былай дейді: «15:87 сәйкес дүние Құранда осы уахи хабарланған сәттен бастап 1709 жыл тұрады. Бұл дегеніміз, дүние (хижраның) 1710 жылы жойылады». (Рашад Халифа, «Құран: Соңғы өсиет» («Коран: Последний завет»), 11- қосымша).

Бұл пайым ең қорқыныштысы шығар, өйткені бұл жерде Рашад Халифа өзін Аллаһтың сипаттарымен сипаттады, өйткені тек Аллаһ қана Қияметтің болатын уақыты туралы біледі.

Аллаһ Тағала былай деді: «Әрине, Қияметтің мерзімі туралы тек Аллаһ біледі. Жаңбырды Ол жаудырады, Ол жатырлардағыны біледі. Ешкім ертең не істейтінін білмейді әрі ешкім қай жерде өлерін де білмейді. Күдіксіз, Аллаһ толық Білуші, Хабардар» (31: 34).

Сондай-ақ Аллаһ Тағала былай деді: «Олар сенен Қияметтің қашан болатындығы жайлы сұрайды. «Шынында оның мәліметі Раббымның қасында, оның мезгілін Ол ғана білдіреді. Көктер мен жердегі ауыр жағдай (Қиямет) сендерге кенеттен-ақ келеді», — де. Сен оны зерттеп отырғандай-ақ сұрастырады. «Шынында, оның білімі Аллаһтың қасында, бірақ адамдардың көбі оны түсінбейді», — де» (7:187).

Тіпті осы мысалда да Рашад Халифаның өз есептерін ақтару барысында ұстанған жолы көрінеді. Өз есептеулерінен соң ол 1709 деген санды шығарды, ал ол 19-ға тең бөліндейді (1709:19 = 89,9), сондықтан да ол айла қолданып, бұл Қияметтің жылы емес, бірақ Құран түсірілгеннен Қиямет басталғанға дейін өтетін уақыттың кесіндісі деп, оған бір жылды қосты да 1710 деген сан шығарды (1710 : 19 = 90). Осындай тәсілмен ол, математикасы сыр бере бастағанда, бір кездері бір әріптерді (сөздерді) қосатын, басқа кезде оларды алып тастайтын. Көрнекілік үшін тағы бір мысал келтірейік.

Рашад Халифа 19 деген кодтың дәлелі басмалада, яғни басмала 19 әріптен құралады деп мәлімдеді.  Бұл шындығында да солай, яғни басмалада жазылған әріптердің саны 19  (بسم الله الرحمن الرحيم), бірақ іс жүзінде басмалада 22 әріп, Усманның мусхафында 3 «алиф» әріпі жазылмайды да, үстінен қойылатын сызықшамен белгіленеді,  яғни «бисм» (باسم) сөзінде, «Аллаһ» (الله) сөзінде және «Рахман» (الرحمان) сөзінде жазылмайтын, бірақ дыбысталатын жасырын алифтер бар. Ал Кұран жазбаша түрде емес, ауызша түрде түсірілді, жазбашасын адамдар жазып алды.  Сондықтан да егер Рашад Халифа Аллаһтың Кітабында есептер жүргізген болса, ол адамдар белгілі бір қажеттілік үшін жазып алған әріптердің санына емес, іс жүзіндегі (яғни дыбысталатын) әріптердің санына сүйенуі қажет еді.  Осы себептен Рашад Халифа оның әріптерді есептеуіндегі қателіктер әшкере болған кезде, өзінің математикасында үйлесімге жету үшін бір жерлерде жасырын алифтерді санайтын, ал басқа жерлерде оларды санамайтын.  Мысалы, «әс-Сажда» (32) сүресінің 8-аятында:

ثُمَّ جَعَلَ نَسْلَهُۥ مِن سُلَـٰلَةٍ مِّن مَّآءٍ مَّهِينٍ

Ол 2 алиф шығарды, әрі бір алифты ол ( سُلَـٰلَةٍ) сөзінде есептеді. Біз Усман жазуында көріп тұрғанымыздай «лям» әріпінен кейін алиф түсіріліп қалдырылған және сызықшамен белгіленген. Енді мынадай сұрақ туындайды: ал онда не үшін Рашад Халифа осы жасырылған алифтерді басмалада да есептемеді? Жауап қарапайым-ақ, өйткені оларсыз басмалада ол 19-ды шығарады да, ал олармен 19 шықпайды.

Ал сол (32-ші) сүренің 7-аятында

ٱلَّذِىٓ أَحْسَنَ كُلَّ شَىْءٍ خَلَقَهُۥ ۖ وَبَدَأَ خَلْقَ ٱلْإِنسَـٰنِ مِن طِينٍ

Халифада (6-ның орнына) тек 5 алиф шықты, ол  (ٱلْإِنسَـٰنِ) сөзіндегі «син» әріпінен кейінгі, тура сондай сызықшамен белгіленген алифты санамады  (Рашад Халифа, «Құран: Мұғжизаны көзбен шолып көрсету» («Коран: Визуальная демонстрация чуда»), 213-бет).

Өзінің 1976 жылғы есептерінде «Мухаммадтың мәңгі мұғжизасы» («Вечное чудо Мухаммада», 15-бет) атты кітабында ол әріптердің белгілі бір қосындыларын шығарды, алайда оған қателері туралы хабарланған болатын, содан кейін ол өзінің есептеулерін түзетуге мәжбүр болды, нәтижесінде 1982 жылы ол өзінің есептеулерін «Құран: мұғжизаны көзбен шолып көрсету» («Коран: Визуальная демонстрация чуда», 192-213-беттер) кітабында жариялады, әрі ондағы ол шығарған сандар енді басқаша болды. Таңқаларлығы – тек «әл-Бақара» сүресінің өзінде ол 1976 жылғы есептеулерінен 90 алиф кем шығарды!  «Әли Имран» сүресінде ол 1976 жылмен салыстырғанда 57 алиф кем шығарды, «әс-Сажда» сүресінде – 11, ал «әл-Анкабут» сүресінде 10 алиф кем шығарды! Мұндай айырмашылықтар неден? Өйткені бір жерлерде ол өзіне қажетті болса жасырын алифтерді санайды, ал басқа жерлерде санамайды. Әрі бұл ол Кітаптағы әріптерді тіпті ауыстыратын немесе бір әріпті екеу деп санайтын басқа да бұрмалауларын айтпағанның өзінде, алиф әріпімен байланысты бір-ақ мысал. Қалайша осындайға негізделіп Құрандағы белгілі бір аяттар жалған деп жариялауға немесе ғайып нәрсені білу туралы айтуға болады?

Егер Рашад Халифа шындығында да елші болса, неліктен оның еңбектері сәйкессіздіктер мен қателіктерге толы? Неліктен оның жұмыстарында әркез қателер табылатын және ол оларды қайтадан жасап шығаратын? Аллаһ қателік жасай алады ма? (Аллаһ бізді мұндай сенімдерден сақтасын!)

Аллаһ Пәк! Осыдан айқын адасушылық болады ма екен? Ой-санасы сау және жүрегі дертсіз ешбір адам осыған ілеспейді! Аллаһтан осы өзін-өзі елші деп атаған сұм адастырғандар адамдарды ақиқатқа шығаруын тілейміз.

Аллаһ Тағала былай деді: «Шынайы түрде ол (шайтан) сендерге жамандықты, арсыздықты және Аллаһқа қарсы білмейтіндеріңді айтуды нұсқайды» (2: 169).

6- Тарау: Астарлы дәйектерге қарсы айқын дәлелдер.

Аллаһ Құранда ақиқатты жақтаушыларды айқын дәлелдерге ілесушілер деп сипаттады, өйткені жүректерінде дерттері бар адамдар астарлы дәйектерге ілеседі, сондықтан да Құранды түсінудегі маңызды ереже түсініксіз (муташабих) болғаннан түсінікті (мухкам) болғанға қайту болып табылады.

Аллаһ Тағала былай деді: «Ол Аллаһ саған Құран түсірді. Оның ашық мағыналы аяттары бар. Солар Кітаптың негізгі іргетасы. Екінші ұқсас ұғымдағы аяттар бар. Ал жүректерінде қыңырлық болғандар, бұзақылық іздеп, ұқсас мағыналы аяттардың ұғымын іздестіріп соңына түседі. Оның ұғымын Аллаһ ғана біледі» (3:7).

Аиша Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірде осы аятты оқып былай деп айтқанын баяндаған: «Егер айқын болып табылмайтын нәрсеге ілесетіндерді көрсең, міне солар — Аллаһ оларды атап айтқандар екенін біл, ендеше олардан сақ бол!»  (әл-Бухари).

Сүннетті тәрк етуші адамдар келтіретін барлық дәйектер ұқсас (астарлы) мағыналы болуы себепті бұлтартпас болып табылмайды, оларды әртүрлі тәпсірлеуге болады, әрі олар айқын бұлтартпас дәлел бола алмайды. Олардың кейбір дәйектерінің арасында мыналар бар:

 

1-астарлы дәйек: Аллаһ былай деді: «Егер бет бұрсаңдар, Елшімізге уахиді айқын түрде жеткізу ғана міндет» (64:12).

Бұл аят «Елші тек Құранды ғана жеткізеді» дегенге дәлел болып табылмайды, өйткені жоғарыда Сүннет те уахи болып табылатындығы дәлелденген болатын. Демек, дұрыс мағына «Елші Раббыдан уахи алып келеді, ал уахи Құран да, Сүннетте болып табылады» дегенде қамтылған. Елші иман келтірмегендер үшін жауап бермейді, өйткені оның мойнына уахиді жеткізу ғана жүктелген. (Ал тура жолға салушы тек Аллаһ ғана.)

2-астарлы дәйек: Аллаһ былай деді: “«Маған осы Құран, сендерді сондай-ақ ол    кімге жетсе соларды қорқытуым үшін уахи етілді…», — де“  (6:19).

Бұл «Құран ғана уахи болып табылады» дегенге дәлел емес, өйткені бір нәрсенің айтылуы екінші нәрсенің тәрк етілгендігін білдірмейді, бұдан қалса, өзге аяттарда Елші Сүннетпен де уағыздайтындығы туралы айтылады.

Аллаһ Тағала былай деді: «Тура сол сияқты Біз сендерге өздеріңнің араларыңнан сендерге Біздің аяттарымызды оқитын, сендерді тазартатын, Кітап пен хикметке үйрететін Елші жібердік…»  (2: 151).

3-астарлы дәйек:  Аллаһ былай деді: «Расында, Ескертуді (Зикрді) Біз түсірдік және Біз оны қорғаушымыз» (15:9).

Алғаш назар салғанда Аллаһ тек Құранды ғана қорғап-сақтайтындай болып көрінуі мүмкін, алайда Құранның басқа аяттарына қарасақ, бұл пайымның қате екендігі анық болады.

Аллаһ Құранда: «Ал саған Біз Ескертуді (Зикр) түсірдік, сен оларға түсірілгенді түсіндіруің үшін және олар ойланулары үшін» (43: 44).

Аллаһ сондай-ақ былай деп айтты: «Шын мәнінде оны біз жинауымыз және оқуымыз керек. Ал оны Біз оқығанда, оның оқылуына ілес. Сосын Біз оны түсіндіруіміз керек» (75: 17-19).

Түсіндіру Аллаһ адамдар үшін Кітапқа салған шынайы мағынаны жеткізу болып табылады. Сондықтан да түсіндіру уахи болып табылады, өйткені Елші Аллаһқа өтірік жапсыра алмайды. Сондай-ақ Аллаһ Құранды және Мухаммадты (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) барлық әлемдер үшін жіберді, сондықтан да тәпсірді тек Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) замандастарының ғана білуі, ал басқа адамдар осыдан жұрдай болуы мүмкін емес.

Құранды зерттеп, «Құранда «Тек Құранға ғана ілесу керек және Елшінің Сүннетін тәрк ету керек» деген бірде-бір айқын аят жоқ» деген қорытындыға келуге болады.

Осы орайда Сүннетті тәрк етуші адамдарға қойылатын «Сендердің айқын дәлелдерің қайда? Аллаһ Құран ғана уахи болып табылатындығы туралы айтқан айқын  аяттарды бізге көрсетіңіздерші?!» деген қарама-қарсы сұрақ туындайды.

Аллаһ Тағала Құранда былай деп айтады: «Неліктен олар оған байланысты ашық дәлел келтірмейді? Ендеше Аллаһқа өтірік жала жапқаннан залымырақ кім бар?» (18: 15).

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Құран жайында білімсіз бір нәрсе айтқан Тозақтан өз орнын алуға дайындалсын» (имам Ахмад «Муснад» 1/233).

Құранда Елшіге (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), оның бұйрықтары мен тыйымдарына мойынсұну туралы, сондай-ақ Пайғамбардың діндегі барлық сөздері уахи болып табылатындығы туралы айқын бұйрықтар бар.

Сондай-ақ Таураттың Муса Перғауынға елші болғаннан кейін түсірілгенін де, Құран аяттарындағы Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне жанама нұсқауларды  да теріске шығару мүмкін емес.

Қорытынды

Айтылғандардың барлығынан мынандай қорытындылар жасауға болады:

1) Елші – бұл тек Кітапты алып келуші ғана емес, өйткені Муса Перғауынды өзіне Таурат түсірілгенге дейін Исламға шақырып насихаттады әрі сол кезде ол елші болып табылатын.  Муса бірқұдайшылық туралы баяндады, муғжизалар көрсетті және Аллаһтың атынан бұйрықтар берді. Сондай-ақ көптеген аяттардағы жанама нұсқаулардан Мухаммад Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһтың атынан Құранның сөздерінсіз де сөйлегені көрінеді.

2) Елшіге бағыну – бұл Кітапқа бағыну ғана емес, өйткені Перғауын Мусаға мойынсұнбады, ал ол кезде оған әлі Кітап түсірілмеген болатын, демек Перғауын Мусанның Сүннетіне мойынсұнбады. Сондай-ақ Құранның кейбір аяттарындағы жанама нұсқауларда Мухаммад Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Құранда жоқ бұйрықтарды беретіні және мұсылмандар оған мойынсұнатыны көрінеді.

3) Елші тек Кітапты ғана емес, оған келетін Кітаптан болмаған уахиді де (Сүннетке) оқытып-үйретеді, Муса Перғауынды Исламға үйреткеніндей.  Ал Пайғамбардың түсіндірмелері Аллаһ Ескертудің (Зикрдің) бір бөлігі ретінде сақтап қалған Сүннет болып  табылады. Міне, тура солай Мухаммад та (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің Сүннетіне үйреткеніндей әрі бұған тікелей және жанама аяттар нұсқайтындай.

4) Құранды әркім өздігінше түсінуге шақыру – бұл хаос пен анархияға шақыру, сондықтан Құран Сүннетке мұқтаж, өйткені Сүннет Құранды дұрыс түсінудің өлшеуіші болып табылады.

5) Рашад Халифа, «құраншылардың» «елшісі», өзінің елшігі туралы хабарлаған әрі Құранның бұрмаланғанды туралы жариялаған және Қияметтің нақты болатын жылын айтқан өтірікші болып табылады. Мұның барлығы Құран және Сүннетпен айқын түрде теріске шығарылатын бидғат болып табылады. Рашад Халифа бізге олар туралы Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хабарлаған 30 өтірікшілердің бірі болып табылады.

«Және құмарлықтарға (әуес-қалауларға) ерме, әйтпесе олар сені Аллаһтың жолынан адастырып жібереді» (38: 26).

Ал Аллаһ жақсырақ біледі!

Әрі сөзіміздің соңында әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мақтау-мадақ, Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасы мүшелеріне, сахабаларына және олардың жолына ілескендердің барлығына Аллаһтың сәлемі мен берекесі болсын!

Дереккөз: www.Salaf.kz



[1] Мұсылмандарды күнә жасағандары үшін күпірлікте айыптайтын және мұсылмандардың заңды әмірлеріне (билеушілеріне) қарсы шығатын Исламдағы алғашқы секта.

You may also like...