Шейх ‘Абдул-Мухсин әл-‘Аббадтың жиһад туралы сұрақтарға берген жауаптары

Сұрақ: «Қай кезде жиһад жеке парыз (фард ‘айн), ал қай кезде ұжымдық парыз (фард кифая)  болады?»

Жауап: «Мен сабақтың басында айтқанымдай, егер мұсылмандардың әмірі (жиһадқа) шығуды талап етсе, онда шығу баршаға міндетті болады, бұл Табук шайқасында орын алғанындай. Сондай-ақ егер дұшпан мұсылмандарға шабуыл шасаса да, жиһад фард ‘айн болады. Мұндай кезде баршаға (жиһадқа) шығып, дұшпанның бастырып келуін тойтару міндетті болады. Және бұл жиһад даф’ (қорғану жиһады) деп аталады».

Сабақта кітап оқушы: «Тағы үшінші жағдай да айтылады, ол – екі әскердің бетпе-бет кездесіп қалуы».

Шейх: «Иә, (мұндай жағдайда) олар үшін сабырлық таныту әрі соғыс майданынан қашпау міндетті болады».

Оқушы : «(Соғысуға деген) қабілеттіліктің болуы жиһадтың осы үш түрінде де міндетті болып табылады ма?»

Шейх: «Қабілеттілік дегенде адамның ауру болғаны тұспалданса, онда ол ақталады. Бірақ, егер қабілеттілік дегенде адамның Аллаһ жолындағы шабуыл жиһадына шыққандағы мінетін жануарға (көлікке) деген мұқтаждығы тұспалданса, бұл — оған жатпайды. Алайда егер адам дұшпанмен кездесіп қалса, немесе дұшпан оған тап берсе (шабуылдаса), онда қабілеттілік дене күшінің жоқтығында көрінеді. Мысалы, ол – науқас, оның денесі әлсіз, т.б. Бірақ оның дене күші болып, алайда көлігі болмаса, онда бұл шабуыл жиһадына (жиһад таләб) қатысты (қабілеттіліктің жоқтығы) болады. Ал қорғану жиһадына (жиһад даф) қатысты айтар болсақ, онда кімде дене күші болса, сол қорғануға міндетті болады, әрі бұл әркімнің жеке парызы болады».

Оқушы: «Жиһадтың бұл түріне кейбір мемлекеттерде орын алып жатқан ұрыстар жатады ма?»

Шейх: «Бүгінгі күні көптеген елдерде орын алып жатқан нәрселер (жиһадтың) бұл түріне жатпайды, өйткені қазір соғысып жатқандардың кейбіреулері лаңкестер деп аталатындар қатарынан. Яғни бүгінгі күні жиһад жүргізіп жатқан кейбір мужаһидтер — ислам елдерінде жарылыстар жасайтындардан және мұсылмандарды өлтірушілерден! Кім осындайды істейтін болса,  сол солардан (лаңкестерден).

Сондай-ақ шейх әл-‘Аббадқа мынандай сұрақ қойылды:
«Бүгінгі күні Аллаһ жолындағы жиһадты қалайша орындауға болады? Мен қарулы жиһадты меңзеп тұрмын».

Жауап: «Егер бір жерде жиһад жүріп жатса және мұсылмандарда күш-қуат болса, және олар (шындығында да) Аллаһ жолындағы жиһадты орындап жатқан болса, онда шықсын да, солармен бірге соғыссын. Бүгінгі күні жүргізуге тиіс жиһадқа келер болсақ, бұл – өз нәпсісімен жиһад. Әрбір адамға өз нәпсісімен жиһад жүргізу және өзгелермен, оларды Аллаһ Тағалаға шақырып (дағуат жасап), жиһад жүргізу парыз болып табылады. Және шақыру (дағуат) мұсылмандарға жолданады ма, кәпірлерге ме – мұның айырмашылығы жоқ. Ал қарулы жиһадқа келер болсақ, онда егер Аллаһ оның есігін ашса және мұсылмандарда күш болса, және олар (шындығында да) Аллаһ жолында шайқасса, онда олармен бірге шықсын!»

Сұрақ: «Бүгінгі күні жиһадтың артықшылығы туралы айтатын адамды лаңкес деп атайды…»

Жауап: «Бұл – ақымақтық, нақұрыстық. Аллаһ жолындағы жиһад адамдарды қараңғылықтардан жарыққа шығаруға арналған. Ал лаңкестік деп аталатын үйлерді жару, такфир, мұсылмандарға зиян келтіру, олардың мал-мүлкін жою және жазықсыз адамдарды өлтіру сияқты істер – бұл шайтан жолындағы жиһад, және ол – Аллаһ жолындағы жиһад емес! Ақиқатында, Аллаһ жолындағы жиһад – бұл мұсылмандарда күш-қуат және олармен бірге Аллаһ жолындағы жиһадқа шақыратын әмірі болатын, олар кәпірлерді бірқұдайшылыққа және иманға шақырғаннан кейін олар шақыруды қабылдамағаннан соң олармен соғыс жүргізілетін жиһад.

Ал бүгінгі жағдайға қатысты айтар болсақ, онда бүгінгі күні шындығында да орындауға болатын жиһад – бұл мұсылмандардың өз нәпсілерімен жиһады. Әрбір мұсылман өз нәпсімен, сондай-ақ басқалармен, оларды уағыздап, жиһад жүргізеді, олар мұсылмандар, не кәпірлер бола ма – бәрібір. Мұсылмандар дінді ұстауға және онда кемшіліктер жібермеуге шақырылады, ал кәпірлермен, олар осы бірқұдайшылық дініне кірулері үшін, жиһад жасалады».

Сондай-ақ шейх әл-‘Аббадқа мынандай сұрақ қойылды:
“Оларға жиһад туралы ғалымдардың сөздері жеткізілген кезде: «Олар – үкіметтің ғалымдары», — деп айтатындар туралы не айтасыз?”

Жауап: «Адамға міндетті болып табылатын нәрсе – өзінің орнын білу және Аллаһтан қорқу! Ол ғалымдардың сөздерін тастап, зиян мен жамандық жаққа аумауы үшін, өз-өзімен әуестенуге салынбасын! Мұндай адам оқуы керек. Және мұндайды негізінен такфиршілер және жарылыс  жасаушылар (тафжир) айтады».

Сұрақ: «Бүгінгі күні біз, мысалы, Палестинада және Ғазада өлтіріліп жатқан бауырларымызға қалайша көмек көрсете аламыз?»

Жауап: «(Әрбір адам) мүмкіндіктерінің шеңберінде көмектеседі, мысалы, оларға қаржылай көмек жібереді».

«Шарх Китаб әл-жиһад» сабағы. Мәдина. Сауд Арабиясы.

8 мамыр, 2009 ж.

 

You may also like...