шейх ‘Абд әр-Раззақ әл-Бадрдің «Жихадтын даналықтары мен ережелерінен жақсы жемістер» кітабын жариялауды жалғастырамыз:
Жетінші тарау: Аллаһтың жолындағы жихадты түсінуде ақиқаттан ауытқу
Мақсаты Аллаһ Тағаланың сөзін үстем ету болмаған немесе онда шариғаттың қажетті ережелері де, міндетті болған ислам әдебі де сақталмаған кез келген жихад жихадтағы ақиқаттан ауытқу және жихад әмір етілген негізгі мақсаттан таю болып табылады. Ауытқулар екі түрлі болады: жихадтың негізіне әсер ететін және жихадтың міндетті болған кемелдігіне әсер ететін ауытқулар. Және Аллаһтың құлы бұл ауытқуларға түскен сайын өзіне уәде етілген Аллаһ жолындағы жихадтың артықшылығын жоғалта береді. Сондай-ақ, оның ауытқуына сәйкес оған күнә және жаза жазылады.
Сондықтан жихадтағы ауытқуларды түсіндіріп беретін және олардан сақтандыратын көптеген пайғамбарлық хадистер келтірілді[1].
Бірінші түрі: жихадтағы ауытқулардың және қайшылықтардың әрқандай түрлері туралы айтылған хадистер.
Мысалы:
1. Му’аздан, Аллаһ оған разы болсын, жеткізілетін, Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Әскери жорықтың екі түрі бар. Кім (әскери жорыққа) тек қана Аллаһ үшін қатысса, әмірге бағынса, ең қымбаттысын (Аллаһ үшін) жұмсаса және серігіне қатысты жұмсақтық танытса, өзінің ұйықтағаны үшін де, ояу сәттері үшін де сауап алады. Ал кім мақтауға ие болу үшін және өзгелерге көрсету үшін жорыққа қатысса, әмірге бағынбаса және жер бетінде бұзақылық таратса, мұндай (сауапты) ала алмай оралады», — деп айтқан хадис. Ахмад 5/234, Абу Дауд № 2515.
2. Абу Хурайрадан, Аллаһ оған разы болсын, жеткен, Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқан хадис: «Кім (әмірге) бағынудан және мұсылмандардың жама’асынан бөлініп шықса, және (сол қалпында) өлсе, онда ол жахилиет өлімімен өлген болады; кім бұлыңғырлықтың (соқырлықтың) туының астында соғысып, өзінің тайпасы (руы) үшін ызаланса, немесе ұлтшылдыққа, немесе өзінің тайпасына (руына) көмектесуге шақырып жатқанда өлтірілсе, жахилиет кезіндегі өлтірумен өлтірілген болады! Кім менің үмметіме қарсы шығып, олардың арасындағы иман келтіргендері үшін қынжылмай, өзі келісім-шарт жасасқандармен жасаған келісімін орындамай, ізгілер мен бұзақыларды (қосып) өлтірсе, оның маған еш қатысы жоқ, ал менің — оған (еш қатысым жоқ)». Муслим № 1848.
3. Бурайданың, Аллаһ оған разы болсын, Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Жорыққа Аллаһтың жолында Аллаһтың атымен шығыңдар және Аллаһқа иман келтірмегендерге қарсы күресіңдер. Жорыққа шығыңдар, бірақ олжа баршаның арасында әділ түрде бөлінбейінше оны иемденіп алмаңдар, келісім-шарттарды бұзбаңдар, өлген адамдардың денелерін қорламаңдар және балаларды өлтірмеңдер», — деп айтатын хадисі. Муслим № 1731.
4. Му’аз ибн Анастың, Аллаһ оған разы болсын, Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтатыны жеткізілген хадисі: «Кім үйлерді тонаса, немесе жолдарда қарақшылық жасаса, немесе иман келтіргенге жәбір тигізсе, онда жихад жоқ!» Ахмад 3/440, Абу Дауд № 2629.
Ауытқудың екінші түрі: жихадтағы ауытқулардың және қайшылықтардың нақты түрлері туралы айтылған хадистер.
Мысалы :
1. Ерлігін көрсету үшін және жихадты орындаушының батылдығы туралы айтылуы үшін жихад жасаудан сақтандыру.
Абу Хурайрадан, Аллаһ оған разы болсын, жеткен хадисте Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқаны жеткізіледі: «Ақиқатында, Ақырет күні ең алғашқы болып жихадта қаза тапқан адам сотталады. Оны алып келеді, және Аллаһ оған (берген) нығметтерін есіне түсіреді, және ол оларды мойындайды. Содан соң (Аллаһ) одан: «Оларға алғыс ретінде сен не істедің?», — деп сұрайды. Ол: «Мен Сен үшін өлгенімше соғыстым!», – дейді. (Аллаһ сонда): «Сен жалған айтасың, өйткені сен адамдар: «Батыл!», — деп айтуы үшін (ғана) соғыстың. Ал бұл (сөз сен туралы) айтылды. Содан соң (бұл адамға) қатысты әмір беріледі де, оны жүзін жерге қаратып алып кетеді, және ол Тозаққа тасталады». Муслим № 1905.
2. Дүние пайдасы үшін жүргізетін жихадтан сақтандыру.
Йа’лә ибн Мунайяның, Аллаһ оған разы болсын, хадисінде Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, жихадқа қатысудан бұрын өзіне үш динар төленуді шарт етіп қойған ер кісі туралы былай деп айтқаны жеткізіледі: «Мен бұл адамның әскери жорығында бұл дүние және Ақырет үшін өзі сұраған динарларынан басқа ешбір пайда көріп тұрған жоқпын». Абу Дауд № 2527.
‘Убада ибн әс-Самиттің, Аллаһ оған разы болсын, хадисінде Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, мына сөздері жеткізіледі: «Кім Аллаһтың жолында дүниені (немесе мардымсыз бір нәрсені) ниет етіп соғысса, оған өзі ниеттенген нәрсесі тиеді». Ахмад 5/315, ән-Насаи 6/24.
3. Тайпалық ұлтшылдық үшін соғысудан сақтандыру.
Жундабтың, Аллаһ оған разы болсын, хадисінде айтылғандай, Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деді: «Кім бұлыңғыр (соқыр) тудың астында[2] соғысып, өзінің тайпасы (руы) үшін ызаланса, немесе ұлтшылдыққа яки өзінің тайпасына (руына) көмектесуге шақырып жатқанда өлтірілсе, жахилиет кезіндегі өлтірумен өлтірілген болады!» Муслим № 1848.
4. Жихадта әйелдер мен балаларды өлтіруге деген тыйым.
Ибн ‘Умардың, Аллаһ олардың екеуіне де разы болсын, хадисінде: “Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, әйелдер мен балаларды өлтіруге тыйым салды”, — деп айтылады. әл-Бухари № 3015, Муслим № 1744.
Әл-Асуад ибн Сари’адан, Аллаһ оған разы болсын, Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Сендерді балаларды өлтіруге не итермеледі?», — деп сұрағаны жеткізіледі. Олар: “Уа, Аллаһтың Елшісі, олар көпқұдайшылдардың ұрпақтары ғана”, — деп жауап берді. Сонда ол: «Сендердің іштеріңдегі ең жақсыларың көпқұдайшылдардың ұрпақтары емес пе?! Мухаммадтың жаны қолында болғанмен ант етемін, әрбір жан табиғи (фитрасында) туылады, оның тілі оның (қай дінге қатыстылығы) туралы айтпайынша», — деді. Ахмад 3/435, әл-Хаким 2/123.
««Сендердің іштеріңдегі ең жақсыларың — көпқұдайшылардың ұрпақтары емес пе?!» сөздерінің мәні: «Ақиқатында, сендердің іштеріңдегі ең жақсыларың – қалғандарды озған алғашқы мухажжирлер мен ансарлар. Ал олар көпқұдайшылардың ұрпақтары болып табылады, өйткені олардың әкелері кәпірлер еді», — деп шейхуль-Ислам айтқандай. Қз.: «Дир’у әт-та’аруд» 8/364.
5. «Жан пида ету» деп аталып кеткен өзін-өзі өлтіруге тыйым.
Абу Хурайрадан, Аллаһ оған разы болсын, оның былай деп айтқаны жеткізіледі: ”Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Кім өзін таудан (қасақана) тастап опат етсе, өзі мәңгілікке (тасталатын) Тозақтың (отына) үздіксіз төмен қарай құлай береді; кім (қасақана) у ішіп өзін опат етсе, (өзі) мәңгілікке (тасталатын) Тозақтың (отында) оны қолында ұстап, үздіксіз ішеді; кім өзін темірмен өлтірсе, (өзі) мәңгілікке (тасталатын) Тозақтың (отында) сол темірді қолына ұстап, онымен өзінің қарнына үздіксіз соға береді», — деп айтатын“. әл-Бухари № 5778, Муслим № 109.
Абу Хурайраның, Аллаһ оған разы болсын, былай дегені жеткізіледі: «Біз Хайбар шайқасына қатыстық, сонда Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, онымен бірге болып, өзінің Исламда екенін жариялаған бір ер адам туралы: «Бұл адам – Тозақ тұрғындарынан», — деді. Шайқас басталған кезде, әлгі ер адам батылдықпен соғыса бастады, тіпті көптеген жарақаттар алды, және кейбір адамдар (оның Тозақ тұрғындарынан екендігіне) күмәндана бастады. Әлгі адам алған жарақаттарынан қинала бастады, сосын қолын өзінің жебе қабына созып, одан жебені алып, өзін-өзі сойып өлтірді. Бұл кейбір мұсылмандарға қатты әсер етті және олар былай деді: «Уа, Аллаһтың Елшісі, Аллаһ сенің сөздеріңді ақиқат етті, пәленше өз-өзін сойып өлтірді». Сонда ол былай деп айтты: «Әй, пәленше, тұр да, Жәннатқа тек иман келтірген ғана кіретінін жарияла. Ақиқатында, Аллаһ өзінің дініне бұзақы арқылы да көмектеседі!» әл-Бухари №4203, Муслим №111.
Саләма ибн әл-Акуа’тан оның былай дегені жеткізіледі: “Біз Пайғамбармен бірге, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, Хайбар жорығына сапарға шықтық та, жолды түнде жүріп өттік. Сол кезде бір ер адам ‘Амирге: “Ей, ‘Амир, бізге шумақтарыңды тыңдатпайсың ба?”, – деді. Ал ‘Амир түйелерді өлеңдерімен айдатын ақын болатын. Және ол адамдармен бірге былай деп шумақтап айта бастады:
«Уа, Аллаһ, сен болмасаң, біз тура жолға түспейтін едік,
Садақа бермейтін және намаз орындамайтын едік!
Біздің кемшіліктерімізді кешіре көр, біз Сен үшін құрбан болайық,
Бізге тыныштық түсірші,
Егер біз (дұшпанмен) кездессек, біздің қадамдарымызды нығайт,
Бізді (ақиқатқа қарсы) шақырса, біз бас тартамыз,
(Кәпірлер) айқайымен бізге қарсы (басқаларды көмекке) шақыруда».
Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Мына (түйе) айдаушы кім?» — деп сұрады. Олар: «‘Амир ибн әл-Акуа’» — деп жауап берді. Сонда ол: «Аллаһ оны рахым етсін», — деді. Сол кезде олардың біреуі: «Бұл міндетті түрде болуы керек, уа, Аллаһтың Пайғамбары. Тек Сен (өзіңнің дұғаларыңмен) бізге онымен пайдалана тұруға мүмкіндік бермесең», — деді. Біз Хайбарға келгеннен кейін оны қоршауға алдық және қатты аштыққа шалдықтық, бірақ кейін Аллаһ Тағала бізге олардың үстінен жеңіс берді. Кеш батқан кезде адамдар далаға көп оттарды жаға бастады және Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Бұл не оттар? Оны не үшін жақтыңдар?», — деп сұрады. Адамдар: «Ет (пісіру) үшін», — деді. Ол: «Нендей ет үшін?» — деп сұрады. Олар: «Үй есегінің еті үшін», — деді. Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Мына (қайнатпаларыңды) төгіп тастаңдар да, (қазандарыңды) сындырыңдар», — деді. Бір ер адам сонда: «Уа, Аллаһтың Елшісі, ал біз ішіндегісін төгіп тастап, қазандарды жусақ болады ма?» — деп сұрады. Ол: «Солай (жасасаңдар) да болады», — деп жауап берді. Адамдар бір-біріне қарама-қарсы сапталып тұрған кезде ‘Амирдің қылышы қысқа болып шықты. Ол онымен бір яхудидің тізесіне ұрғысы келіп еді, бірақ тайып кеткен қылыштың ұшы ‘Амирдің тізесін зақымдады да, ол одан өлді. Олар оралған кезде Саләма былай деп айтты: «Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, мені көріп, қолымнан алып: «Саған не болды?», – деп сұрады. Мен оған: «Менің ата-анам сен үшін өтеу болсын! Адамдар ‘Амирдің амалдары зая кетті деп жатыр», — дедім. Сонда Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Мұны айтқан адам жалған айтты. Керісінше оған екі сауап тиісті болды», — деді де, екі саусағын бірге қосып, сөзін былай деп жалғастырды: «Ақиқатында, ол – табанды күресуші. Ол сияқты әрекет ететін арабтар аз». әл-Бухари № 4196, Муслим № 1802.
Хафиз Ибн Хажжар былай деп айтты: “«Және (қылыштың ұшы) ‘Амирдің тізесін зақымдады», яғни оның тізесінің жоғарғы бөлігін, әрі ол осыдан қаза тапты. Ал Йәхйя әл-Қаттанның риуаятында: «’Амир өз-өзіне қылышпен тиіп кетіп өлді», — деп айтылады. Ийәс ибн Саләманың Муслим келтірген риуаятында: «Ол тізесінің (қолын емес) ортасындағы тамырын кесіп алды да, осыдан өлді», — деп айтылған. Ибн Исхақтың риуаятында: «Ол өзін-өзі қатты жарақаттап алды да, осыдан өліп кетті», — деп айтылған. Қз.: «Фатх әл-Бари» 7/533.
Абу Хурайраның және Саләма ибн әл-Акуа’тың осы екі хадисіндегі екі адам туралы ойланыңыздаршы. Олардың біріншісі өзін-өзі өлтіруге ниеттенді де, оның ақыры Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, ол туралы айтқандай болды. Екіншісі, ал ол — ‘Амир, Аллаһ оған разы болсын, мұны істеуге ниеттенбеді, ал оның қылышы абайсыздықпен тайып кетіп, өзіне тиді де, ол өлді. Осыған қарамастан кейбір сахабалар ‘Амирдің, Аллаһ оған разы болсын, істері зая кетті деп айтты. Осыда олар мұсылманның өзін-өзі өлтіруі үлкен қауіп екендігін білгендігіне дәлел бар, тіпті ол дұшпанмен кездескенде және шайқастың қызу кезінде орын алса да. Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, олардың «Оның амалдары зая кетті» деген сөздерін қате деп айтқаныны болмаса, өйткені бұл ‘Амирдің қалауымен болмады ғой. Ал Аллаһ бұл үмметтің қателіктері мен ұмытқан нәрселерін кешірді, Аллаһ Тағаланың сөздерінде айтылғандай: «Раббымыз! Егер біз ұмытсақ немесе қателессек, бізді жазалама». Әрі осы оқиға да осыған қатысты және олар осы үшін кешірілді.
6. Мәйіттерді қорлауға деген тыйым.
‘Имраннан, Аллаһ оған разы болсын, жеткен хадисте: “Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бізге мәйіттерді қорлауға тыйым салды», — деп келтірілген. Абу Дауд № 2667.
7. Тонаушылыққа және өзгелердің мал-мүлкін меншіктеп алуға деген тыйым.
‘Абдуллаһ ибн Зайдтың, Аллаһ оған разы болсын хадисінде келтірілгендей: “Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, тонаушылыққа және мәйіттерді қорлауға тыйым салды”. әл-Бухари № 2474.
Зайд ибн Халидтен, Аллаһ оған разы болсын, жеткен хадисте: “Пайғамбар, Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, (өзгелердің) мал-мүлкін тонауға және меншіктеп алуға тыйым салды”, — деп келтіріледі. Ахмад 4/117.
‘Амр ибн ‘Ауфтан, Аллаһ оған разы болсын, Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқаны жеткізіледі: «Мал-мүлікті тонаушылық та, қарақшылық та жоқ!» әт-Табарани 17/23.
Анастан, Аллаһ оған разы болсын, Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқаны жеткізіледі: «Тонаушылық жасаған адам бізден емес». Ахмад, әт-Тирмизи № 1601.
8. Олжа бөлінбей тұрып оны меншіктеп алуға деген тыйым.
‘Умар ибн әл-Хаттабтың, Аллаһ оған разы болсын, хадисінде Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқаны жеткізіледі: «Кім заңсыз түрде түйені немесе қойды меншіктеп алса, Ақырет күні оны өзіне жүктеп алып келеді». Ахмад 3/498.
‘Амр ибн ‘Ауфтан, Аллаһ оған разы болсын, Аллаһтың Елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Ұрлық та, олжаны заңсыз меншіктеп алу да жоқ!», — деп айтқаны жеткізіледі. әт-Табарани 17/18.
Ибн ‘Аббастан, Аллаһ олардың екеуіне де разы болсын, жеткен хадисте Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтады: «Мүмін олжаны заңсыз меншіктеп алмайды». әт-Табарани 11/229.
Абу Хурайра, Аллаһ оған разы болсын, жеткізген хадисте Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, Хайбар күні олжаны заңсыз иемденген бір адам туралы: «Жаным қолында болғанмен ант етемін, ол Хайбар күні олжа бөлінбей жатып одан иеленіп алған жамылғысы оның үстінде от болып жанады», — деді. әл-Бухари №4234, Муслим № 115.
9. Мұсылманға өзін тапсырған адамға қатысты опасыздық жасауға және оны өлтіруге деген тыйым.
‘Амр ибн әл-Хамиктің, Аллаһ оған разы болсын, хадисінде келгендей, Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтты: «Егер бір адам өзін басқа бір адамға тапсырса, ал ол оны өзіне тапсырғаннан кейін өлтірсе, ол үшін Ақырет күні сатқындықтың туы көтеріледі». әл-Хаким 4/353.
Одан, Аллаһ оған разы болсын, сондай-ақ Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқаны жеткізіледі: «Өзіне жанын тапсырған адамды өлтіргенге менің қатысым жоқ, тіпті егер өлтірілген адам кәпір болса да». Ахмад 5/224, әт-Тахауи «Шарх әл-Мушкиль» № 203.
Сондай-ақ, Ибн ‘Умардың, Аллаһ олардың екеуіне де разы болсын, хадисінде: “Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Ақиқатында, қиянатшы үшін Ақырет күні ту көтеріледі және: «Бұл пәленшенің ұлы пәленшенің қиянаты!», — деп айтылады», — деп айты“, — дегені жеткізіледі. әл-Бухари №3186, Муслим № 1735.
Абу Са’ид әл-Худриден, Аллаһ оған разы болсын, Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқаны жеткізіледі: «Тыңдаңдар, әрбір қиянатшыға Ақырет күні оның қиянатына сәйкес ту көтеріледі». Ибн Мажжаһ № 2873.
10. Бітімгершілік туралы келісім-шарт немесе қауіпсіздік кепілдемесі бар адамдармен келісім-шартты бұзуға деген тыйым.
Абу Рафи’тың, Аллаһ оған разы болсын, хадисінде келтірілгендей Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтады: «Мен келісім-шарттарды бұзбаймын және елшілерді ұстамаймын». Ахмад 6/8, Абу Дауд № 2758.
‘Амр ибн ‘Абасадан, Аллаһ оған разы болсын, Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқаны жеткізіледі: «Кімде қандай да бір адамдармен келісім-шарты болса, оның мерзімі бітпейінше, немесе ол келісім-шартты үзбейінше оны өзгертпесін және бұзбасын». Абу Дауд № 2759, әт-Тирмизи № 1580.
‘Абдуллаһ ибн ‘Амр ибн әл-‘Астан, Аллаһ олардың екеуіне де разы болсын, Аллаһтың Елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай дегені жеткізіледі: «Кім (мұсылмандармен) келісім-шарты бар адамды өлтірсе Жәннаттың иісін де сезбейді. Ал Жәннаттың исі, ақиқатында, қырық жылдық алшақтықтан сезіледі». әл-Бухари № 3166.
Ал көпқұдайшылдардың керуендеріне олардың Аллаһтың Елшісімен, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, келісім-шарты болған кезде шабуыл жасайтын Абу Басыр, Аллаһ оған разы болсын, туралы риуаятты кейбір адамдар келісім-шартта болған кәпірлерді өлтіруге, олардың әйелдерін тұтқынға алуға және мал-мүлкін тартып алуға дәйек ретінде қолдануына келер болсақ, былай дәйек келтіру қате болып табылады. Ибн әл-Қаййим әл-Жаузия, Аллаһ оны рахым етсін, былай деп айтты: «Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, және көпқұдайшылдар арасында болған келісім-шарт Абу Басыр мен оның жақтастары және көпқұдашылдардың арасындағы келісім-шарт емес еді. Сондықтан мұсылмандардың қандай да бір әмірі мен христиандардың, немесе өзгелердің арасында келісім-шарт бар болса, басқа мұсылман әміріне олармен соғысуға және олардың мал-мүлкін олжа ретінде жаулап алуға болады, өйткені онымен олардың арасында келісім-шарт жоқ. Осыған ұқсас пәтуаны шейхуль-ислам Ибн Таймия Мальтаның христиандары және олардың тұтқындары туралы берді де, дәйек ретінде Абу Басыр мен көпқұдайшылдар арасындағы оқиғалар туралы риуаятты келтірді». Қз.: “Зад әл-Мә’ад” 3/309, ‘Алә әд-дин әл-Ба’ли “Ихтиярат әл-фиқхия” с.316-317,
Және адам қалайша біз ғалымдардан жауабын білген осы риуаятқа сүйеніп, келісім-шартта және қауіпсіздік кепілдігінде болған кәпірлерді өлтіруге тыйым салатын, олардың қанын харам ететін және оларды өлтіруді үлкен күнәлардан ететін бірмағыналы және айқын (мухкам) хадистер мен Қасиетті мәтіндерді тастап өтеді?!
[1] Шейх Абдурразақ былай деп айтты: «Бұл жерде келтірілетін барлық хадистерді шейх әл-Әлбани өзінің «Сахих әл-жәми’» еңбегінде тексеріп берген».
[2] Имам Абуль-‘Аббас әл-Қуртуби «Кім бұлыңғырлықтың (әл-‘уммийя) туының астында соғысып» деген сөздері туралы былай деді: “Кейбір ғалымдар «әл-‘уммийя» – бұл адасушылық деп айтқан”. Қз.: “әл-Муфхим” 4/59.
Имам Исхақ ибн Рахауайх бұл сөздер жөнінде: “Ұлтшылдықтың себебімен соғысу туралы айтылып тұр”, — дейтін.
Имам ән-Науауи: “Сөз мақсаты түсініксіз болған бұлыңғыр ту туралы болып тұр, бұл жөнінде имам Ахмад және ғалымдардың көпшілігі айтқанындай», — деп жазды. Қз.: “Шарх «Сахих» Муслим” 12/331.
Имам әт-Тыби былай деп айтты: “Сөз ақиқат не жалған екендігі айқын болмаған бір амалдың төңірегінде жиналған адамдардың мақсаты туралы болып тұр. Содан соң адамдарды сол үшін соғысуға шақырады”. Қз.: “Шарх әл-Мишкәт” 7/223.