Сахабалар арасында орын алған фитнаны талқылауға қатаң тыйым салынғандығы туралы

Categories: Дінге шақыру,Жамағаттар

Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен

Абу Са’ид әл-Худриден Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі босын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Менің сахабаларымды сөкпеңдер! Жаным қолында болғанмен ант етемін, егер сендер біреуУхуд тауының көлеміндей алтын садақа етсе де, ол олардың бір уыс берген садақасымен, тіпті оның жартысыменде теңдесе алмайды!» әл-Бухари 3673, Муслим 3/221.

Сондай-ақ Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Менің сахабаларымды сөгетіндерде Аллаһтың, періштелердің және барлық адамдардың лағынеті болады!», — деген. әл-Хәллал 3/515, әл-Хатыб 14/241. Хадис хасан. Қз.: “әс-Сильсилә әс-сахиха” 446.

Ибн ‘Умар (Аллаһ оған разы болсын) былай дейтін: “Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының ешқайсысысын сөкпеңдер, олардың біреуінің Пайғамбармен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір сағат бірге болуы сендердің өмір бойы істеген жақсылықтарыңнан қайырлырақ!” Қз.: әл-Әжурри: “әш-Шәри’а” 2054. Иснады сахих.

Имам Ибн Шәһин (Аллаһ оны рахым етсін) былай дейтін: “Аллаһтың Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кейінгі ең абзал адамдар – бұл Абу Бакр, ‘Умар, ‘Усман және ‘Али, Аллаһ оларға разы болсын. Және, ақиқатында, Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың  игілігі мен сәлемі болсын) барлық сахабалары – ізгі (салиқалы) және ең абзал (адамдар). Және мен оларды жақсы көруіммен және оларды сөгетіннің, лағынеттейтіннің, адасқан және сатқын деп санайтынның, немесе оларды күпірлікте айыптайтынның әрбірінен аулақ болуым арқылы Аллаһқа құлшылық етемін!” Қз.: “әл-Китаб әл-ләтыф” 251.

Имам Абу Зур’а (Аллаһ оны рахым етсін) былай деген: “Егер сен Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қандай да бір сахабасының маңызын төмендетіп жатқан адамды көрсең, оның бидғатшы екенін біл! Өйткені Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) біз үшін – ақиқат, Құран да – ақиқат, ал осы Құран мен Сүннетті бізге Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары жеткізді. Ақиқатында, бұл адамдар сахабалардан сақтандырып, осынысы арқылы Құран мен Сүннетті теріске шығарғысы келеді, ал іс жүзінде олардың өздерінен (адамдарды) сақтандыру керек, өйткені олар – бидғатшылар!” Қз.: “әл-Кифая” 49.

Ибн Мас’удтан, Ибн Умардан және Саубаннан (Аллаһ оларға разы болсын) Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер менің сахабаларым туралы айтылса, үндемеңдер!», — деген хадис жеткізіледі.  Әт-Табарани 10448. Хадис сахих. Қз.: «Сахих әл-жәми’» № 545.

Бұл — Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының арасындағы орын алған бүлікті талқыламауға деген оның жасаған қатаң нұсқауы. Имам әл-Манауи осы хадиске жасаған түсіндірмесінде онда сахабалардың арасында орын алған бүлік туралы айтылып тұрғанын және бұл хадис мұны талқылауға және онда қатысқандардың қайсысын болса да қаралауға тыйым салынғанына нұсқайтынын айтқан. Қз.: “Файдуль-Қадир” 1/432.

Ал ‘Али мен Му’ауияның арасында орын алған нәрсе туралы Пайғамбарымыздың өзі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алдын ала айтып кеткен еді және Аллаһ Тағаланың заңы осындай болды. Бұл екі топ та ақиқатқа ілесті, бірақ, дегенмен, бұл жөнінде әһлю-Сунна ғалымдары айтатындай,  ‘Али және оның жақтастары, Му’ауия және оның жақтастарына қарағанда, ақиқатқа жақын болды, өйткені бұған Пайғамбардың өзінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көптеген нұсқаулар бар, мысалы, «Менің үмметімде бір-бірімен шайқасатын екі топ пайда болады. Олардың арасында бөлініп шыққандар (хауариждер) да пайда болады. Ал олармен ақиқатқа жақындау болған топ соғысады!» деген хадис! Муслим 1065.

Ал  Али (Аллаһ оған разы болсын) хауариждермен соғысып, оларды қырды!

Имам ән-Нәуауи (Аллаһ оны рахым етсін) былай деген: “Хадистердің бұл риуаяттары ‘Али, Аллаһ оған разы болсын, ақиқаттың үстінде болғанын  және оның ұстанымы дұрыс болғанын, ал Му’ауия және оның жақтаушылары – қате пікірге сүйенген қысым көрсетушілер болғанына нұсқайды”. Қз.: “Шарх «Сахих» Муслим” 7/168.

Имам Ибн әл-‘Араби, шейхуль-Ислам Ибн Таймия, хафиз Ибн Касир т.б. да тура осыны айтқан. “Әл-‘Ауасым” 307, “Мәжму’уль-фатауа” 4/467, “әл-Бидая уә-н-нихая” 10/563.

Ал кейбір сахабалар қатысқан «Түйе соғысына» келер болсақ, оның себепкерлері – араларында яһуди ‘Абдуллаһ ибн Саба, сондай-ақ  Салим ибн Са’лаба, Шурайх ибн ‘Ауф т.б. бар болған  хауариждер және бүлікшілер.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймийя былай деп баяндайтын: “Мұсылмандар шайқасуға оқталмады. Түйе соғысы олардың қалауынсыз басталып кетті. ‘Али, Талха және әз-Зубайр мәселені бейбіт жолмен шешу туралы және ‘Усманды өлтіруге қатысқандардың барлығынан мүмкіндігінше өш алу жөнінде өзара келісімге келді. Сөзсіз, ‘Али ‘Усманның қаза болуына қуанбады және оны өлтіргендерге көмектеспеді! Ол осы сөздерді айтқан кезінде шыншыл болғаны – күмәнсіз.  ‘Усманды өлтіргендер ‘Алидің Талхамен және әз-Зубайрмен (‘Усманды) өлтіруге қатысқандардардың барлығын жазалау туралы келісімге келгеніне қауіптенді. Олар Талха мен әз-Зубайрдың лагеріне шабуыл жасады, ал олардың жақтастары оларға ‘Алидің әскерлері қиянатшылдықпен шабуыл жасады деп ойлады. Олар қорғана бастады да,   ‘Алидің лагеріне тап берді. Шайқас ізгі сахабалардың қалауынсыз басталып кетті. Ал ‘Аишаға келер болсақ, ол шайқасқа қатыспады және ұрысқа кірісу туралы бұйрық бермеді”. Қз.: “Минһажу-с-Сунна” 2/185.

Сондай-ақ ибн Ибн Таймийя былай деп жазған: “Шайқасқа кіріскісі келгендердің көпшілігі мұсылмандардан қантөгісті тоқтатуды талап еткен ‘Алиге де, Му’ауияға да бағынғысы келмеді. Алайда, жиі жағдайда осылай болатынындай, бүліктің жалыны лаулап кеткен кезде оны тіпті әмірлер де сөндіре алмайды”. Қз.: “Минһажу-с-Сунна” 2/224.

Осы жерде көптеген мұсылмандардың сахабалар арасында орын алған сол бүлік пен шайқаста олардың көбісі қатысты деп қателесіп ойлайтынын айтып кету қажет. Ал іс жүзінде бұл бүлікке және шайқасқа тек кейбір сахабалар ғана қатысты, ал олардың басым бөлігі, олардың арасында  Ибн Умар, Абу Хурайра, Усама ибн Зайд, Сәлама ибн Акуа’, Ирман ибн Хусайн, Абу Муса т.б. көптегендері (Аллаһ оларға разы болсын) тараптардың ешқайсысын қолдамады. Айюб әс-Сахтияни Мухаммад ибн Сириннің (Аллаһ оған разы болсын) былай дегенін баяндайтын: “Фитна басталған кезде Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының саны он мың болатын. Ал онда олардан жүзі де, тіпті отызы да қатыспады!” Әл-Хәллал: “әс-Сунна” 2/66. Иснады сахих.

Сондай-ақ әш-Шә’би де (Аллаһ оған разы болсын) былай дейтін: “Алиден, Аммардан, Талхадан және әз-Зубайрдан басқа сахабалардан ешкім Түйе соғысына қатыспады. Ал (біреу) маған бесінші сахабаның атын атаса, онда мен өтірікшімін!” әл-Хәллал: “әс-Сунна” 2/66. Иснады сахих.

Қалай болғанда да, уақиғалар Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының маңыздылығын және ұлықтығын азайтпайды! Имам Ахмад былай дейтін: «Сахабалардың арасынан дәрежесі ең төмен болғаны, Аллаһтың Елшісін (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көрмеген ұрпақтан жақсырақ, тіпті олар Аллаһқа өздерінің барлық игі амалдарымен барса да!» Қз.: «Усул әс-Сунна» 32.

Уәсил ибн Асқа’адан (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Араларыңда мені көрген және менімен бірге жүрген адамдар болғанға дейін сендер есендікте болуды тоқтатпайсыңдар. Және, Аллаһпен ант етемін, араларыңда мені көргендерді көрген және менімен бірге жүргендермен бірге жүрген адамдар болып тұрғанға дейін сендер есендікте болуларыңды тоқтатпайсыңдар». Ибн Абу Шәйба 12/178, Ибн Абу ‘Асым 1522, әт-Табарани 22/85. Хафиз Ибн Хажар және шейх әл-Әлбани хадистің иснадын жақсы деген.

Ибн Мас’уд (Аллаһ оған разы болсын) былай дейтін: “Ақиқатында, Аллаһ Тағала пенделерінің (құлдарының) жүректеріне қарап, Мухаммадтың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) жүрегін ең жақсы жүрек деп тапты, содан соң оны Өзі үшін таңдап алды да, Өзінің жолдауымен жіберді! Кейін Аллаһ Мухаммадтан (Аллаһтың оған игілігімен сәлемі болсын) кейінгі пенделерінің (құлдарының) жүректеріне қарады да, оның сахабаларының жүректерін пенделерінің жүректерінің ішіндегі ең жақсы жүректер деп тапты, және оларды Өзінің пайғамбарының (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) көмекшілері етті!” Ахмад 1/379, әл-Әжурри 1204. Хадистің сахихтығын хафиз әс-Сахуаи, шейх Ахмад Шәкир және шейх әл-Әлбани растаған.

Хасан әл-Басри (Аллаһ оған разы болсын) былай дейтін: “Мухаммадтың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары бұл үмметтегі ең ізгі арлы жүректерге ие еді. Олар – Аллаһ оларды Өзінің пайғамбарына (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахаба және Оның дінін орнатушы еткен адамдар.  Олардың өнегесіне ұқсап-тырысыңдар, олардың жолымен жүріңдер, өйткені, Қағбаның Раббысымен (Иесімен) ант етемін, олар тура жолда болды!” Ибн ‘Абдул-Бәрр: “Жәми’ул-бәянил-‘ильм” 1807. Иснад сахих.

Ал Аллаһ Тағала былай деген: «Сондай олардан кейін келгендер де: «Раббымыз! Бізді әрі бізден бұрын иман келтірген бауырларымызды жарылқай көр! Әрі сондай иман келтіргендер үшін жүрегімізде бір кірбеңдік қылма. Раббымыз! Шүбәсіз, Сен — тым Жұмсақ, ерекше Мейірімдісің – дейді» (әл-Хашир 59: 10).

Ибн ‘Аббас былай дейтін: Мухаммадтың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларынан ешкімді сөкпе, өйткені, ақиқатында, Аллаһ Тағала олардың арасында шайқас орын алатынын біліп, олар үшін кешірім сұрауды бұйырды!” әл-Ләлакаи “Шарх усули и’тиқад әһлю-Сунна уәл-жәмә’а” 7/124.

Соңында әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ! Пайғамбарымыз Мұхаммадқа, оның отбасына, сахабаларына және Қияметке дейін оларға ілескендердің барлығына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!