«Құмарлыққа еру» сөздерін бұрыс түсіну

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!

Оны дәріптеп, әрі Одан жәрдем мен кешірім сұрап жалбарынатын Аллаһқа барлық мақтаулар мен мадақтар болсын. Нәпсіміздің жамандықтары мен жаман іс-амалдарымыздан Аллаһқа сиынып, Одан пана тілейміз. Кімді Аллаһ тура жолға салса, оны ешкім адастыра алмайды. Ал кімді Ол адастырса, оны тура жолға салар ешкім жоқ. Біз серігі жоқ әрі жалғыз Аллаһтан өзге құлшылыққа лайықты ешкім жоқ екеніне куәлік етеміз, және Мухаммад — Оның құлы, әрі Елшісі екеніне куәлік етеміз.

Содан соң:

Шынында, құмарлыққа ( әуестерге, нәпсіге, көңілдің қалауларына)  еру адамның дүние тіршілігі үшін де, діні үшін де ұлы опат болып табылады. Құмарлықтың қандай қауіпті, әрі кесірлі екенін түсіну үшін Аллаһтың сөздеріне қарасақ жеткілікті. Құмарлықты Аллаһ Тағала Құранда  Өзінен басқа біреуге құлшылық қылумен теңестірді. Ол Өзінің Пайғамбарын (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) таң қалдырып, былай деді: «Құмарлығын өзіне тәңір етіп алғанды көрдің бе?» (әл-Фурқан 25: 43).

Құмарлық — адасушылыққа салынудың себебі болып табылатын нәрсе. Бұл туралы Аллаһ Тағала Құранда: «Және әуестердің соңынан ілеспе, әйтпесе олар сені Аллаһтың жолынан адастырады» (Сад 38: 26), — деп айтқан.

Аллаһ Тағала сонымен қатар былай деп айтқан: «Аллаһтың басшылығынсыз өз құмарлығына еретін адамнан артық адасқан кім болуы мүмкін?» (әл-Қасас 28: 50).

Бұған қоса, көңілдің қалауларына ерген адам жалғыз өзі ғана адаспайды, ол басқаларды да адастырады. Бұл туралы Аллаһ тағала былай дейді: «Ақиқатында, көбісі білімге ие болмай, өз әуестерімен (құмарлықтарымен)(өзгелерді) адасушылыққа кіргізеді». (әл-Ән’ам 6: 119).

Ал Аллаһтың елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан болатын: «Үш нәрсе опат болып табылады: адамдар беріліп кететін сараңдық; ізінен ілесетін құмарлық; және адамның өз-өзіне таңарқауы». әт-Табарани 54/52, әл-Қада’и 325. Шейх әл-Әлбани хадисті сахих деді. Қараңыз: «Сахих әл-джами’» 3039, 3045.

Сондай-ақ, құмарлық Ислам үмметіндегі бөлінушілік пен өзара араздықтың ең басты себебі болып табылады. Бұл жөнінде саләфтар Исламның алғашқы жылдарында-ақ айтып кеткен еді. Абуль-‘Алия: “Адамдардың арасында араздық пен өшпенділік туғызатын әуес-қалаулардан сақ болыңдар!” – деген. әл-Аджурри “әш-Шари’а” 61

Ибн Мас`удтың былай дегені хабарланады: «Расында қазір сендер фақиһтары көп, ал шешендері аз; сұраушылары аз да, берушілері көп, және құмарлықты (нәпсінің қалауларын) амалдар басқаратын заманда өмір сүрудесіңдер. Бірақ сендерден кейін фақиһтары аз, сөзшеңдері көп; сұраушылары көп те, ал берушілері аз болатын заман келеді, және сол уақыттарда амалдарды құмарлық басқарады. Ендеше, сол соңғы замандарда тура жолмен жүру кейбір ізгі істерден де артығырақ болатынын біліңдер!» әл-Бухари “әл-Адабуль-муфрад” 2/258 Хафиз Ибн Хаджар иснадын сахих деді.  Қараңыз: “Фатхуль-Бари” 10/510.

Хафиз ибн`Абдуль-Барр: «Ибн Мас`удтың сөздері осы күндері  нышан секілді расталды», — деп айтты. Қараңыз: “әл-Изтискар” 6/345.

Егер  Ибн Мас`удтың айтқандарының барлығы, соның ішінде құмарлықтың амалдарды басқаратыны мың жыл бұрын өмір сүрген Ибн`Абдуль-Баррдың заманында-ақ расталған болса, онда біздің өмір сүріп жатқан кезіміз туралы не айтуға болады?! Біздің уақытымызда мұсылмандардың, өкінішке орай, Құран мен Сүннетті емес, нәпсілері мен эмоцияларын басшылыққа алып жүргендері қаншама!

Сондай-ақ, құмарлық — бұл Пайғамбарымыздың өзі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) одан қорғанып: «Я, Аллаһ! Шындығында, мен Сенен жаман қасиеттерден және жаман амалдардан, құмарлықтардан және аурулардан пана тілеймін!» — деп Аллаһтан пана тілеген нәрсе. әт-Тирмизи, әт-Табарани. Сахих хадис. Қараңыз: «Сахих әл-джами’» 1298.

Ал өзінің құмарлықтарына еге болғандарға келер болсақ,  Ұлы Раббымыз оларға жәннәтты уәде етті, бұл туралы Құранда: «Ал енді кім Раббысының алдында тұрудан қорқып, өзінің нәпсісін құмарлықтардан (өзін нәпсіге еруден) тежеген болса, расында, оның барар жері — Жәннәт(ән-Нази’ат 79: 40-41), — деп айтылғандай.

Құмарлықтың қауіптілігі туралы жоғарыда келтірілген Құран мен Сүннеттің осы мәтіндерімен танысқан соң, бізге енді «құмарлыққа  еру» деген не екенін білу кажет.

Көптеген мұсылмандар құмарлық дегенді естен айырар нәрселерді қолданудың, зинақорлық жасаудың сипатындағы «нәпсіге еру» деп айтылатын, адамның жаны қалайтын жағымды нәрселерді істеу деп қате түсінеді. Алайда, құмарлық деген ұғымның мағынасы едәуір кеңірек, ал аталған нәрселер оның мағыналарының бірі ғана болып табылады. Бірінші кезекте «құмарлыққа еру» дегенде діни мәселелерде басшылық ретінде Құран мен Сүннетті емес, оларға қарама-қайшы келетін нәрсені таңдау меңзеліп тұр, тіпті егер бұл атақты имамдардың сөздері болса да. Хафиз Ибн Раджаб былай деп айтқан: “Күнәлар нәпсінің қалауын Аллаһқа және Оның елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) деген сүйіспеншіліктен артық көру себебінен жасалады! Ал бидғаттар нәпсінің қалауын шариғаттан артық көрудің себебінен орын алады, ал бұл қауіптірек!  Сондықтан дәл осы себепті бидғаттың жақтаушыларыөз құмарлықтарының жақтаушылары деп аталды!” Қараңыз: “Джами’ул-‘улюми уәл-хикам” 389.

Имам әл-Мунауи опат қылушы құмарлықтан сақтандыру айтылған  хадистерге түсініктеме бере келе, былай деді: “Мұнымен бидғаттарға еру және адасқан пікірлерді соқыр түрде жақтау меңзеліп тұр!” Қараңыз: “Файдул-Қадир” 1/426.

Әрбір мұсылман тек екі басшылық бар екенін білуі тиіс, ол — білімге ілесу немесе көңілдің қалауларына ілесу, және үшіншісі жоқ! Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Аллаһтың басшылығынсыз өз құмарлығына еретін адамнан артық адасқан кім болуы мүмкін?» (әл-Қасас 28: 50).

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия: “Білімнің соңынан ілеспеген әрбір адам құмарлықтың соңынан ілеседі!” деп айтатын. Қараңыз “әл-Амру биль-ма’руф” 37.

Ибн әл-Қайим былай деді: “Аллаһ тағала амалдарды екіге бөлді және үшіншісі жоқ. Не Аллаһ пен Оның елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келген нәрсеге ересің, не құмарлыққа ересің. Сондықтан, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әкелмеген нәрсенің барлығы – құмарлық болып табылады”. Қараңыз “И’лямуль-мууакқи’ин” 1/81.

Бұл сөздердің өзі-ақ «құмарлық — бұл тек адамға ләззат беретін және оның көңілінен шығатын нәрсе» деп санайтындардың пікірін теріске шығарады. Алайда бұлай анықтама беру — қателік, өйткені құмарлық — бұл білімге сәйкес келмейтін барлық нәрсе, тіпті ол – адамға азап шектіретін құлшылыққа байланысты ауыр амал болса да!

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деп айтады: Өз-өзіңді қинау мен қиыншылықтарға ұмтылу арқылы Аллаһтың махаббаты мен разылығын алу мұмкін емес екенін білу керек. Кейбір надандар амал қаншалықты қиын болса, ол соншалықты жақсы және сауаптың мөлшері үнемі ауыртпашылықтардың дәрежесіне тәуелді деп ойлайды. Жоқ! Бұл мүлдем дұрыс емес сенім! Амал үшін берілетін сауаптың мөлшері оның тигізетін пайдасына тікелей байланысты”. Қараңыз: “Маджму’ул-фатауа” 25/281.

Ауыртпашылық пен өз-өзіне қиындық әкелу құлшылықтың немесе амалдың дұрыстығын көрсетпейді. Шариғат амалдың қиындығына қарамайды, керісінше тек дұрыстығы мен пайдасына қарайды. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Шынында, бұл дін оңай, бірақ егер кімде-кім оны қиындата бастаса, ол (дін) міндетті түрде одан үстем түседі (оны жеңеді)». әл-Бухари 39.

Анас былай баяндайды: “Бір күні пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) екі ұлы жетектеп келе жатқан бір шалды көріп, олардан (ұлдарынан): «Оған не болған?» — деп сұрады. Оның ұлдары: “Ол қажылыққа жаяу баруға ант берген”, — деді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Аллаһ оның өзін-өзі қинағанына мұқтаж емес», — деді де, атқа мінуін бұйырды”. әл-Бухари 1865, Муслим 1642.

Ибн ‘Аббас былай деп баяндаған: “Бірде пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хутба айтып тұрған кезінде, тұрып тұрған бір кісіні көрді де, ол туралы сұрады. Адамдар: “Ол — Әбу Исраил ғой, ол көлеңкеге тығылмай күннің астында тұруға, отырмауға, ешкіммен сөйлеспеуге және осы қалпында бір мезгілде ораза тұтуға ант берді”, — деді. Сонда пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Оған: «Адамдармен сөйлессін, көлеңкеге тығылсын және отырсын, ал оразасын соңына дейін тұтсын», — деп бұйырыңдар»”. әл-Бухари 6704.

Осылайша, өз істерінің қиын әрі ауыр екенін айтып ақталатындардың қатты қателесіп жүргенін айқын байқауға болады. Құмарлық дегенді тек жанға жайлы, құмарды қандыратын нәрселер деп түсінсек, онда хауариждер ондайды мүлдем істемеді ғой, мәселен зинаны алар болсақ, олар бұл күнәні діннен шығаратын күпірлік деп қарастырды. Алайда хауариждердің өз істерін қандай қиыншылықтармен атқарғанына қарамастан, олар бәрібір құмарларына ергендердің басшылары болып қала береді.

Нәпсі бейім келетін күнәлі істерді жасау түріндегі  құмардан діни мәселелердегі құмарлық қауіптірек. Шейхуль-Ислам Ибн Таймия: “Діни мәселелердегі құмарға ілесу өзінің күнәлі нәпсі қалауларын қанағаттандырудағы құмарға ілесуден едәуір жаман. Ақиқатында, құмарлықтың бірінші (айтылған діни тұрғыдағы) түрі —  сол арқылы Кітап Иелері мен көпқұдайшылдар күпірлікке түскен нәрсе!” – деді. Қараңыз: “Маджму’ул-фатауа” 28/132.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде ҚҰМАРЛЫҚ – ақиқатпен басшылық етілмейтін нәрселердің барлығы екендігі айқын болады! Ал өзіне ұстаным ретінде саләфтардың түсінігіндегі Құран мен Сүннетті емес, атқарып жатқан құлшылығының ауырлығына қарамастан, көңілдің қалауын алған адам тек зиян шегеді. Халифа ‘Умар ибн ‘Абдул-‘Aзиз: “Аллаһқа білімсіз құлшылық етуші, пайдадан гөрі зиянды көбірек әкеледі”. Ахмад “әз-Зуһд” 365. Иснады сахих.

www.salaf-forum.ru

 

You may also like...