Имам Ибн әл-Мубаракқа телінетін өлең жайлы

Аса Мейірімді, Ерекше Рахымды Аллаһтың атымен

Әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ, Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасы мүшелеріне және барлық сахабаларына Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын.

Ал содан соң:

Мұсылмандардың арасында имам ибн әл-Мубаракқа телінетін өлеңдер кең таралған. Ол өзі рибатта (ислам шекараларын қорғауда) болып,  имам  әл-Фудайль ибн ‘Ийядқа мазмұны төмендегідей өлең жолдарын жіберген деп айтылып жүр:  «Ей, Екі Харамда (Мекке мен Мәдина) ғибадат етуші! Егер сен бізді көргеніңде, өзіңнің ғибадатыңда  ойнап жүргеніңді түсінер едің. Егер сенің бетіңді көз жастарың жуып жатса, біздің мойындарымызды өзіміздің қанымыз жууда. Ал, егер сен өзіңнің атыңды түкке тұрмас нәрсемен шаршатқан болсаң, біздің аттарымыз таңда шаршады…».

Бұл дерек араб елдерінде де, араб емес елдерде де,  мұсылмандардың арасында едәуір кең таралған. Оны кейбір имамдар өздерінің жұма құтпаларында және әртүрлі қиссашылар (қуссас) мәжілістерінде жиі айтады. Бұл өлеңдер нашидтер сияқты әуендетіліп айтылады және оларға «Йә, ‘абидәл-харамайн» деп аталатын нашидтер жинағы да арналған. Бұл уақиғаны түрлі уағызшылар «сәлафтар үшін ең жақсы ғибадат – бұл жиһад» дегенге дәлел ретінде жиі таратады.

Ал іс жүзінде имам ибн әл-Мубаракқа телінетін бұл уақиға — сахих (сенімді) емес, бұл жөнінде көптеген шейхтар өздерінің өткізген зерттеулерінен кейін айтқан, ал олардың кейбіреулері олардың мағынасын да сөккен.

Оның сенімділігіне қатысты айтар болсақ, имам әз-Зәһаби “әс-Сияр” еңбегінде (8/427)  және хафиз Ибн Касир өзінің тәпсірінде (1/408) келтірген  бұл деректің иснадында белгісіз риуаятшы (мәжхул) болып табылатын ‘Абдуллаһ ибн Мухаммад Қады Насыбин және имам Абу Хатим ол туралы: «Ол риуаят еткен хадистер – өтірік, бұл оның өтірікші екеніне нұсқайды!», — деп айтқан  Мухаммад ибн Ибраһим ибн Аби Сакина бар. Қз.: “Лисан әл-мизан” 1/131.

Сондай-ақ бұл хабарды имам Ибн ‘Асакир «Тарих әд-Димашқ» кітабында (32/449) және имам әс-Субки «Табақат әш-шәфи’ия» еңбегінде (1/286) келтіреді, бірақ бұл иснадта (жеткізушілер тізбегінде) өтірік хадистерді ойдан тоқушы деп айыпталатын Абу әл-Муфадл Мухаммад ибн ‘Абдуллаһ әш-Шәйбани бар. Қз.: “әл-Мизан” 5/54.

Бұл риуаятшыны (жеткізушіні) өтірік хадистерді ойдан шығарушылықта айыптаған имамдардың қатарында имам әд-Дарақутни және Абуль-Қасим әл-Азхари бар. Имам Хатыб әл-Бағдади бұл риуаятшы жөнінде: “Ол сирек кездесетін хадистерді  және шейхтардың сұрақ-жауаптарын риуаят ететін және адамдар одан оларды жазып алатын. Соңынан оның өтірігі әшкереленген кезде, оның хабарлары қайтарылатын, ал оның жазулары жыртып тасталатын болды.  Және ол рафидилер үшін өтірік хадистерді ойдан тоқып шығаратын”, — деп айтқан. Қз.: “Тарих әл-Бағдад” 5/466.

Имам Ибн ‘Ирақ ол жөнінде өтірікшілер туралы тарауында былай деп айтқан: “Ол  хадистерді ойдан тоқитын дәжал еді!” Қз.: “Танзих әш-шәри’а” 1/107.

Ал егер бұл адам Аллаһтың Елшісінің өзіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өтірікті жапсырған болса, онда бұл өлеңдерді Ибн әл-Мубаракқа телу оған не тұрады деп ойлайсыз?! Бұл өлеңдерді, сол арқылы имам әл-Фудайлді Ибн әл-Мубарактың ауызымен айыптап және Ибн әл-Мубарактың өзін де ғибадатты ойын деп айтушы ретінде көрсеткен дәл осы рафиди ойлап тапқан болуы әбден мүмкін!

Сөйтіп, бұл уақиға ойдан тоқылғандығына және имам Ибн әл-Мубаракқа еш қатыссыз екендігіне ешқандай күмән жоқ. Ал бұған қарсы пікір айтушыларға келер болсақ, олар эмоциялық наразылығының орнына дәлел келтірсін!  Шейхуль-Ислам Ибн Таймия: “Аллаһ және Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) туралы айтылған сөздер сияқты, сәлафтардан және ғалымдардан жеткізілетін сөздер де, олардың сенімділігін нақтылауға және мағынасын түсіндіруге мұқтаж!”, — деп айтқан. Қз.: “Мәжму’уль-фатауа” 1/246.

Біреу: «Онда неліктен хафиз Ибн Касир бұл деректі «Әли Имран» сүресінің соңғы аятына жасаған тәпсірінде келтіреді?», — деп сұрауы мүмкін.

Мұның жауабы мынадай: «Имамдар сәлафтардың сөздерін жеткізу кезінде хадистерді жеткізуге қойған талаптарындай талаптар қоймайтын. Имам Хатыб әл-Бағдади былай дейтін: “Ал ізгілердің, зухдтардың, ғибадатшылдардың және хакімдердің деректеріне келер болсақ, бұл хабарларда иснадтарының болуы  олардың көркі болып табылады, бірақ, оларды жеткізуге рұқсат ететін шарт болып табылмайды”. Қз.: “әл-Жәми’ әл-әхлақ әр-рауи” 2/316.

Ал ертедегі имамдарға телінетін және маңызды мәні бар хабарларға келер болсақ, мысалы, Абу Ханифаға «Құранды жаратылған» деген немесе «ақиқаны – бидъат» деген сөздер телінген; немесе Саид ибн әл-Мусайибке ол музыкалық аспаптармен сүйемелденетін әндерді рұқсат ететін деп телінетін сөздер, т.б., олар сенімділігін анықтауға мұқтаж, бұл жөнінде  шейхуль-Ислам былай деп айтқанындай: “Аллаһ және Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) туралы айтылған сөздер сияқты, сәлафтардан және ғалымдардан жеткізілетін сөздер де, олардың сенімділігін нақтылауға және мағынасын түсіндіруге мұқтаж!”  Қз.: “Мәжму’уль-фатауа” 1/246.

Алайда сәлафтардың немесе имамдардың біреуінен жеткізілетін хабардың сенімсіз екендігі айқын болған соң, оны оған телуге болмайды!

Ал осы тақырыптың өзі туралы айтар болсақ, ол жөнінде көптеген шейхтар айтып өткен:

Йеменнің мухаддисі, шейх Муқбильдің ең жақын шәкірті болған шейх Яхья әл-Хажуриге «‘Абдуллаһ ибн әл-Мубаракқа (Аллаһ оны рақым етсін) телінетін, ол оны әл-Фудайл ибн ‘Ийядқа (Аллаһ оны рақым етсін) жолдаған және онда: «Ей, Екі Харамда (Мекке мен Мәдина) ғибадат етуші! Егер сен бізді көргеніңде, өзіңнің ғибадатыңда  ойнап жүргеніңді түсінер едің», — деп айтылатын қасыданың[1] сенімділігі (сахихтығы) қандай?» деген сұрақ қойылды.

Ол: “Бұл қасыда — иснады жағынан әлсіз (даиф) және мазмұны жағынан сөгіс білдірілетін болып табылады! Оның иснадына қатысты айтар болсақ, онда Абдуллаһ ибн Мухаммад Қады Насыбин бар. Ал ол мұны Мухаммад ибн Ибраһим ибн Аби Сакинаның Ибн әл-Мубарак оны әл-Фудайл ибн ‘Ийядқа осы бәйтпен[2] жібергендігі туралы сөздерінен жеткізген. Осы Ибн Аби Сакина белгісіз риуаятшы болып табылады, әрі Қады Насыбин де — тура сондай! Сондай-ақ бұл хабар өзінің мағынасы жағынан да қабылдануға жарамсыз. Бұл бәйттің сөздерін тыңдап көріңізші: «Ей, Екі Харамда (Мекке мен Мәдинада) ғибадат етуші! Егер сен бізді көргеніңде, өзіңнің ғибадатыңда ойнап жүргеніңді түсінер едің». Саләфтар (Аллаһ оларға разы болсын) ғибадат рәсімдері туралы кемсітуші сөздер айтпаған және ғибадаттарды ойын деп атамаған! Аллаһ Ибн әл-Мубаракты намазды, оразаны немесе Аллаһтың Қорықты жерлеріндегі түнделетіп (ғибадатқа) тұруды ойын деп атаудан сақтасын, оның үстіне, сіз Меккеде орындалған намаздың артықшылығы туралы білесіздер! Сондай-ақ өлеңде: «Егер сенің бетіңді көз жастарың жуып жатса, біздің мойындарымызды өзіміздің қанымыз жууда», — деген және тағы да сол сияқты нәрселер айтылады. Білім иелері мұндайдан жоғары, әрі олар: «Біз мыналарды істеудеміз, ал сен мынаны ғана істеп жатырсың…», — деп айтудан алшақ. Жоқ, бауырым,  «Фатхул-Мәжидте» келтірілетін бұл өлең: біз оны зерттеп өткенбіз, бұл хабардың иснады  әлсіз, ал мағынасы сөгіс айтылатындай!”  Қз.: “Әсилә әл-хадисия” № 1, (7 Жумад әл-улә, һ. 1424 ж.).

Сондай-ақ шейх әл-Әлбанидің шәкірті – шейх ‘Али әл-Хәлаби де «Біз кейбір бауырлардан ғалымдар Ибн әл-Мубаракқа телінетін «Ей, Екі Харамда (Мекке мен Мәдина) ғибадат етуші!…» деп айтылатын өлеңді сенімсіз деп айтқанын естідік. Сіз бұл жөнінде не дейсіз?» деген сұраққа: «Бұл дерек әлсіз болып табылады», — деп жауап берді.  Қз.: “Шарх «әл-Ибана»”.

Сондай-ақ ‘Али Хашиш де өзінің «Тахзир әд-да’ия минәл-әхадис әл-уәхия» атты кітабының бірінші томында бұл деректі әлсіз деп, былай деді: “Абдуллаһ ибн әл-Мубарак өзінің шейхы әл-Фудайль ибн ‘Ийядтың ғибадатына: «Ей, Екі Харамда (Мекке мен Мәдина) ғибадат етуші! Егер сен бізді көргеніңде, өзіңнің ғибадатыңда ойнап жүргеніңді түсінер едің», — дейтіндей, ешқашан кемсітіп қараған емес”.

Тура осыны «Табсыра улиль-әхләм мин қысас фиһә қаләм» еңбегінің авторы да айтқан.

Жоғарыда айтылғандардың барлығының негізінде бұл хабар ибн-Мубарактан екені сенімсіз болғаны айқын болады.

Екіншіден, бұл бәйттің мәтінінен ойын деп не рибаттан өзге ғибадаттардың өзі немесе ғибадаттарды жасау аталып тұрғаны түсінікті болып тұр, ал мұндайды Ибн әл-Мубарак сияқты ұлы және атақты имамның айтуы мүмкін емес. Бұл сөздер көбірек дінді қабық пен өзекке (қушур уә любаб) бөлу сияқты белгілі бидғатқа ұқсайды. Бұл қисынға сәйкес, маңызды және жеткілікті нәрселерге тек Исламның өзегі жатады, ал «қабық» санатына жататындарға келер болсақ, оларды, маңызды болмағандығы себебінен, тастауға да болады. Ал, ақиқатында, Аллаһтың шариғатында кез келген ғибадат маңызды болып табылады, алайда бірінші кезекті нәрселер болады, әрі керексіз және маңызсыз еш нәрсе жоқ, тіпті Исламның ұстындарын орындауды айтпағанның өзінде, егер сөз дәретті қалайша сындыру туралы болып тұрса да! Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Құпталатын нәрселердің ешқайсысына елемеушілік танытпаңдар, тіпті өз бауырыңды жылы жүзбен қарсы алу керек екендігіне де».  Муслим 2626.

Бірде Ибн Базға “«Сақалды қыру және киімді тобықтан төмен түсіру – қабық және болмашы мәселе, бірақ маңызды емес», — деп айтатынға қатысты шариғат үкімі қандай?” — деген сұрақ қойылғанда, шейх былай жауап берді: “Бұл сөздер өте қауіпті және сөгіс айтылатындай! Дінде қабық жоқ! Дінде барлық нәрсе маңызды және игі болып табылады. Иә, дінде бірінші кезекті де, екінші кезекті де нәрселер бар, әрі сақалды қыру мен киімді қысқарту — бірінші кезектегі мәселелерден емес. Алайда діннің қандай да бір ережесін қабық деп атауға рұқсат етілмейді. Және мұндайды айтқан адам үшін, оның сөздері дінді масқаралау болып қалуы, ал оның өзі осының себебінен діннен шығыққан муртад болып қалуы мүмкін деген қорқыныш бар!” Қз.: “Фатауа ‘уләма әл-бәләд әл-харам” 321.

Үшіншіден, мойыннан аққан қан Аллаһтың алдында жылаудан соншалықты үлкен артықшылыққа ие екендігіне, мұны жазғырып айтатындай, шариғатта қандай да бір нұсқау бар ма?   Керісінше, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл екі нәрсенің артықшылығы туралы бірдей етіп айтқаны сенімді түрде жеткен: «Үшеудің көздері Қиямет Күні Отты көрмейді!  Аллаһтан қорқып жылаған адамның көздері; Аллаһтың жолында сақшы болғанның көздері; және Аллаһтың тыйым еткен нәрсесін көргенде төмен түсірілген көздер». Ахмад 4/134, Абу Я’лә 7/307, Ибн ‘Асакир 1/297. Хадис сахих. Қз.: “әс-Сильсилә әс-Сахиха” 2673.

Төртіншіден, имам Ибн әл-Мубарак мұндай сөздерді айту үшін өте сыпайы адам еді, өйткені, ол — өздерінің ізгі амалдарымен мақтанатындардан емес, оларды жасыруды қалайтындардан еді! Мысалы, Ибн әл-Мубарактан  өзімен өзі сүйсіну туралы сұраған кезде, ол былай деп жауап берген: «Бұл — сенің өзгелерде жоқ нәрсеге сен ғана иесің деп ойлауың! Және мен мұсылман адам үшін өзімен өзі сүйсінуден жаманрақ сипатты білмеймін!» Қз.: “әс-Сияр” 8/407.

Мухаммад ибн ‘Исадан, бірде ‘Абдуллаһ ибн әл-Мубарак бір жігіт үшін он мың дирхам мөлшеріндегі қарызын төлеп беріп, осыны істегенін ешкімге айтпауын талап еткені, әрі адамдар бұл жөнінде тек оның өлімінен кейін ғана білгені жеткізіледі. Қз.: “Тарих әл-Бағдад” 10/159.

Мұның үстіне, ‘Абда ибн Сулайман әл-Мәруази былай деп баяндайтын: “Бірде біз Ибн әл-Мубаракпен Византиялықтарға қарсы әскери жорықта болған кезімізде, бізге дұшпандар шабуыл жасады. Екі қол бетпе-бет шайқасқа шыққан кезде, дұшпандардың қатарынан бір адам шығып, жекпе-жекке шақыра бастады. Сол кезде біздің жақтан бір адам оған қарсы шығып, оны өлтірді. Кейін ол тағы бір басқасын да, үшіншісін де өлтіріп, олардың жағын жекпе-жекке шақыра бастады. Ал оған қарсы олардың біреуі шыққан кезде, ол онымен шайқасты және оны бір сағат бойы қуды, содан соң оны жарақаттап, өлтірді. Адамдар оның  кім екендігін білгісі келіп жиналғанда, ол  бетін жауып алған Абдуллаһ ибн әл-Мубарак болып шықты”. Қз.: “әс-Сияр” 8/394.

Осындай адам — өздерінің батыл түрде шайқасып және қан төгіп жүргендігі туралы жазылған және көбірек мақтану мен рияға (көзбояушылыққа) ұқсайтын осы шумақтардың авторы екендігіне сену — қиын нәрсе. Мұның үстіне, сөз «Ал егер сен өзіңнің атыңды түкке тұрмас нәрсемен шаршатқан болсаң, біздің аттарымыз таңда шаршады…» деп айтылған сөздер ұлы имам әл-Фудайл ибн Ийядқа жолданғандығы жөнінде болып тұр, ал ол бидғаттың жақтаушыларына қатысты өзінің қаталдығымен ерекшеленетін еді, және оның білімі, зухдтығы, ыждағатты ғибадаты және мақталатын сипаттары жөнінде имамдар көп тараулар жазған!

Бұған қоса, Ибн әл-Мубарактың өзі де ол жөнінде былай деп айтқан: “Ақиқатында, әл-Фудайл ибн ‘Ийяд Аллаһпен шыншыл еді, соның себебінен даналықпен марапатталды! Және әл-Фудайл – білімінен пайда алу керек болған (кісі)!” Қз.: “Тахзиб әл-кәмал” 15/105.

Бесіншіден, сәлафтардан болған кейбір имамдар жылына бір рет рибат жасауды әрбір мұсылман үшін міндетті және ең абзал ғибадат деп есептегендіктен емес, сауап алу үшін жақсы көретін. Және Ибн әл-Мубарак та бүкіл өмірін жиһадта және рибатта өткізген емес. Ендеше, Ибн әл-Мубарактың өзі білім алуға және оны таратуға, сондай-ақ ғибадатқа оралған кезде ойын ойнағаны ма?!

Бірақ тіпті егер біреуге осы хабар — мағынасы жағынан қабыл етілетіндей және өзіне ешқандай сөгіс айтылатын мазмұнды қамтымаған болып көрінсе де, бәрібір ол мұны Ибн әл-Мубаракқа телуге қақысы жоқ, өйткені ол иснады жағынан сенімді емес!

Және соңында, Ибн әл-Мубаракқа телінетін осы өлеңнен нашид шығарып және оны ынта-ықыласпен айтып жүргендер оның мына төмендегі көпке танымал сөздерімен де, олардың сенімділігін мұқият зерттемей-ақ, тура солай істеулерін қалар едік:

Бірде  Ибн әл-Мубарак әскери жорықта болған кезінде өзінің достарына: “Сендер осыдан жақсырақ болатын амалды білесіңдер ме?”, – деді. Олар оған: «Жоқ!» — деп жауап берді.  Сонда ол:  “Бірақ мен білемін! Жұмсақ, өтініш айтудан өзін тартатын, үлкен жануясы бар, түнгі намазға тұрғанда ұйықтап жатқан балаларының ашылып қалғанын көріп, олардың үстін жауып, қайтадан түнгі намазына оралатын адам!”  Қз.: “Шарх хадис Жибриль” 610.

Сондай-ақ  Ибн әл-Мубарак былай деп айтатын: “Өз жанұяңды асырағанмен еш нәрсе теңдесе алмайды, тіпті Аллаһтың жолындағы жиһад та!”. Қз.: “әс-Сияр” 8/399.

 Және соңында әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ!

www.Salaf-Forum.ru


[1] Лирикалық поэзияның жанры

[2] Өлең шумағының түрі.

You may also like...