Әскери жорық әмірлердің басшылығымен жүргізіледі

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен!

Сіздердің назарларыңызға имам Ахмад ибн Ханбалдің, Аллаһ оны рақым етсін, «Сүннет негіздері» кітабынан алынған жиһадқа қатысты бір негіздің түсіндірмесін ұсынамыз.

Имам Ахмад, Аллаһ оны рақым етсін, былай деді: «Әскери жорық әмірлердің басшылығымен жүргізіледі, (әмір) салиқалы болса да, бұзақы болса да, әрі (соғыстар) қалдырылмайды». 

Біз Оны ғана мадақтайтын және Одан ғана көмек пен кешірім тілейтін Аллаһқа мақтаулар болсын! Аллаһтан өзіміздің нәпсіміздің және амалдарымыздың жамандығынан пана іздейміз. Кімді Аллаһ тура жолмен жүргізсе, оны ешкім адастыра алмайды. Ал кімді Аллаһ тастап қойса, оны ешкім тура жолға сала алмайды. Жалғыз Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқтығына куәлік береміз және Мухаммад – Аллаһтың құлы әрі Оның Елшісі екеніне куәлік береміз.

Шейх Салих әл-Фаузаннан (Аллаһ оған есендік берсін): «Осы күндері жиһадтың міндетті екендігі туралы пәтуа шығаратын адамдар шығып жүр, және олар: «Жиһадтың әмір және ту сияқты шарттары жоқ!», — деп айтуда. Сіз бұл жөнінде не айтасыз?», — деп сұрағанда, шейх былай деп жауап берді: «Бұл – хауариждердің пікірі! Ал әһлю-Суннаға келер болсақ, олар: «Ту және әмір қажет!», — деп айтады. Міне, осы – мұсылмандардың Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кезінен бері ұстанып келе жатқан манһажы. Ал: «Ту да, әмір де керек емес, әрі әркім өз білгенін істеп, өз қалауларына ілеседі!», — деген шақыру – хауариждердің пікірі!» Қз.: «әл-Жиһад уә дауабитух әш-шәр’ия» 45.

Шейх Салих ибн Фаузан әл-Фаузаннан: «Ата-ана қарсы болмаса, басшының рұқсатынсыз жиһадқа шығуға рұқсат етіледі ме?», — деп сұрағанда, ол: «Кімге қарсы жиһад? Сондай-ақ сен қай әмірдің туының астында жиһад жүргізбексің? (Сен тұрып жатқан) мемлекет пен (басқа мемлекеттер арасында) арнайы келісімшарттар бар. Сол себепті сен (жиһад жүріп жатқан) басқа елге қарай шығуың үшін әмірден рұқсат алуың керек болады. Бұл мәселелердің өзіндік негіздері бар. Бұл мәселелерде анархияға орын жоқ. Сол үшін әмірің, ата-анаң рұқсат етіп тұрса, әрі өзіңнің де күшің жетіп тұрса, онда — оқасы жоқ», — деп жауап берді. Тз.: Шарх “Булюғ әл-Марам”, «Жиһад кітабын».

Имам Ахмад мұсылмандарда күш пен мүмкіндік бар кезде кәпірлерге әскери жорықтар жасауды тоқтатпау керектігін айтады. Имам Абу Ханифа былай деп айтатын: “Егер мұсылмандардың күші кәпірлермен басым болса, олраға қарсы жауласу әрекеттерін тоқтатпау керек. Ал егер мұсылмандар олардың үстінен күшке ие болмаса, жауласуды тоқтатудың оқасы жоқ ”. Қз.: “Шарх әс-Сияр әл-кәбир” 1689.

Сондай-ақ хафиз әс-Суюты  былай деген: “Және шабуыл жиһадын (жиһаду-тталәб) тым болмағанда жылына бір рет жасау керек, ал оны бір реттен көбірек жасаса — абзалырақ. Және оны аса қажетті болған, мысалы, мұсылмандардың әлсіздігі, немесе дұшпандардың санының басымдылығы, немесе күштілігі сияқты жағдайдан басқа кезде қалдыруға (тастауға) рұқсат етілмейді”. Қз.: «әл-Әшбаху уән-нәзаир» 1/413.

Имам Ибн ән-Нуххас былай деген: “Жиһадты ең аз дегенде жылына бір рет жасау керек, әрі оны жылына бір реттен көбірек жасаған жақсырақ болады, бұған келіспеушілік жоқ.  Және мұсылмандардың әлсіздігі, дұшпандардың санының  көптігі, мұсылмандар бірінші болып шабуыл жасаса (кәпірлер) оларды  қырып тастауынан қорқу,  немесе азық түліктің және мінетін жануарлардың жемінің жетіспеушілігі сияқты аса қажеттілік болған жағдайдан өзге кезде, ғазуа (әскери жорық) жасамай жылды өткізуге жол берілмеуі керек. Қз.: “Мәшәри’ әл-ашуақ” 1/96.

Шейх Мухаммад ибн Салих Әл-Усаймин (Аллаһ оны рақым етсін) былай деп айтты: «Жиһад төрт жағдайда ғана әрбір мұсылманға жеке парыз әрд әл-’айн/ болады:

1) Майдан даласында жаумен бетпе-бет кезігіп қалғанда. Бұл жайында Аллаһ Тағала Құранда: «Әй, иман келтіргендер! Егер күпірлік келтіргендермен майдан даласында кездесіп қалсаңдар, онда оларға арқаларыңмен бұрылмаңдар. Ал, соғыс майданын ауыстыру немесе сапқа қосылу үшін бұрылғандардан өзге, кімде-кім арқасымен бұрылса, онда Аллаһтың ашуына ұшырайды. Оның орны – Жәһәннам, неткен жаман орын!», — деген (әл-Әнфәл 8: 15-16).

Сондай-ақ Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) майдан даласынан қашуды — үлкен күнәлардың бірі деп, тіпті өлтіруші күнәлардың бірі деп атаған. Алайда Аллаһ Тағала өзінің құлдарына жеңілдік беріп, егер жау әскерінің саны мұсылман әскерінің санынан екі еседен артық болып тұрса, соғыс майданын тастауға рұқсат берген. Бұл жайында Аллаһ Тағала:  «Міне, енді Аллаһ сендерге жеңілдік берді әрі сендерде әлсіздік бар екенін біледі. Сондықтан да, араларыңнан жүз сабырлы болса, екіжүзді жеңеді. Ал егер араларыңнан мың болса, Аллаһтың рұқсатымен екі мыңды жеңеді. Шын мәнінде Аллаһ Тағала сабырлылармен бірге», — деген (әл-Әнфал 8: 66).

Сол себепті де ғұламалар: «Жау әскерінің саны мұсылман әскерінің санынан екі еседен артық болып тұрса, онда соғыс майданын тастауға болады», — деген.

2) Егер де мұны басшы бұйыратын болса. Яғни басшы адам соғысқа шығуды және соғысуды бұйыратын болса, онда мұсылман адам бұл нәрседе оған бойұсынуға міндетті.

Аллаһ Тағала бұл жайында: «Әй, иман келтіргендер! «Аллаһ жолында соғысқа шығыңдар!», — дегенде жерге қарай салмақ салып сендерге не болды?! Ақыреттен гөрі дүниеге артық разылық білдіресіңдер ме?! Шын мәнінде дүние тіршілігіндегі өткінші рахат Ақыретке қарағанда өте аз ғана», — деген (әт-Тауба 9: 38).

3) Егер (Ислам) мемлекетіне жау шапса, онда жиһад әрбір мұсылманның жеке парызы болады. Себебі бұл жағдайда қорғану жиһады басталады /жиһадуд дифәғ/. Егер жау елді басып алса, онда ел тұрғындарының басы өлімге тігілгенмен бірдей болады емес пе?! Әсіресе, қазіргі таңда, егер жау елді басып алатын болса, онда электр тоғын, су, газ сынды т.б. нәрселерді бөгеп тастайды, яғни халық өлімге душар болары сөзсіз. Ондай болса — қорғану міндетті болмақ. Әрі бұл тек қорғануға шама келгенде ғана міндетті болып саналады.

4) Егер белгілі бір нақты адамның соғысқа қатысуы керек болып тұрса, онда сол адам соғысқа шығуы міндетті болады (Мысалы, белгілі бір кәсіптің (істің) маманы болып, онсыз жиһад жүргізу мүмкін болмай жатқан кезде).

Ғұламалардың айтуы бойынша, осы төрт жағдайда жиһадқа шығу жеке парыз /фәрд әл-’айн/ болып саналады. Ал бұдан өзге жағдайларда жиһадқа шығу — фард кифая болады, яғни оны мұсылмандардың бір бөлігі атқаратын болса, басқа мұсылмандардың мойнынан түседі. Бұған Құран аяттарының басым бөлігі дәлел бола алады. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Исламдағы жиһад — түйенің өркеші сияқты», — деп айтқан. Ахмад, 5/245. Хадис сахих.

Яғни мужаһидтер әркез өзінің жауынан үстем болады, міне, сол үшін де Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жиһадты түйенің өркешіне теңесе керек. Себебі өркеш түйенің ең биік бөлігі болып саналады.[1]

Негізінен, жиһад фард кифая болып табылады, яғни оны мұсылмандардың бір бөлігі атқаратын болса, басқа мұсылмандардың мойынынан түседі. Егер де жиһад жүргізіп жатқандар аз болып жатса, онда қалғандарына да парыз болмақ.

Алайда Исламдағы кез келген парыз сол парызды орындай алуға байланысты болатынын біліңіздер. Бұған Құран аяттары мен Сүннет дәлел болады. Аллаһ Тағала:

«Аллаһ біреуге шамасы келмейтінді жүктемейді» (әл-Бақара 2:286)

«Аллаһтан шамаларың келгенінше қорқыңдар», — деген (әт-Тағабун 64: 16).

«Аллаһ жолындағы күресті дұрыс етіп жүргізіңдер. Сендерді Ол таңдады, әрі сендерге дінде қиындық еткен емес», — дейді (әл-Хадж 22:78).

Яғни жиһад бұйырылған жағдайда да, онда қиындық болмауы керек. Ал шамаларың келсе, онда ол оңай болады. Ал, шамаларың келмесе, онда ол қиын /хараж/ болып, бұл міндет мойындарыңнан түседі. Сол үшін де күш пен қуат қажет етіледі. Бұл — Құраннан келтірілген дәлелдер.

Сүннетке келер болсақ, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерге бұйырғандарымнан шамаларың келгенін істеңдер!», — деген». Әл-Бухари, 7288; Муслим, 1337. Бұл — жиһад болсын, басқа болсын, құлшылықтың барлық түрін қамтыған хадис болып саналады.

Ал деректерге жүгінсек, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Меккеде болған шағында он үш жыл бойы халықты бірқұдайшылыққа шақырғаны белгілі. Осы кезеңде оның өзі де, өзімен бірге болғандар да азапқа душар болғанына қарамастан, оған жиһад жасау парыз етілмеген еді. Ислам парыздарының көпшілігі Мәдинада ғана жүктелген. Ал жиһад жасау (сол кезде) міндет етілді ме? Жауабы: жоқ! Не себепті? Себебі олардың күші әлсіз болатын. Олар өздері үшін қорқатын. Сол үшін де Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Меккеден өзі үшін қорқып, Мәдинаға қоныс тепті. Сөйтіп мұсылмандардың жеке мемлекеті мен күші пайда болмайынша, оларға жиһад, соғыс парыз етілмеді. Бұл жайында Аллаһ Тағала:  «Зұлымдыққа ұшырағандарға соғыс рұқсат етілді. Шын мәнінде Аллаһ оларға жәрдем жасауға шамасы жетеді», — деген (әл-Хаж 22:39)»  (Ибн ‘Усайминнің сөзінің соңы). Шарх “Булюғ әл-Мәрам” (Китабуль-Жиһад), 1-аудиотаспаны тыңдаңыз.



[1] Өзін «мужаһид» деп атайтын немесе ел мужәһид деп атап жүрген әркім мужаһид болып табылмайды. Алайда тек Аллаһ сөзі жоғары болуы үшін ғана соғысып, соғысын Аллаһ Тағала мен Оның Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көрсеткені бойынша жүргізетін адам ғана — шынайы мужаһид болмақ. Шейх Усаймин де осындай мужаһидтер туралы айтуда.

 

You may also like...