Шейх-уль-ислам Мухаммад бин Абд әл-Уаххабтың (Аллаһ оны рахымына бөлесін) әмірлерге (ел басшыларына) қарсы шығуға қатысты айтқан сөздері

«Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен (бастаймын)!

Мухаммад бин Абд әл-Уаххабтан осы жолдау жетіп баратын оның әрбір бауырына.

Сендерге Аллаһтың сәлемі, игілігі және берекесі болсын!

Сіздерде қазіргі кезде бұрын бізде де орын алған нәрселер болуда, және де біреу тағы да осындай уақиғаларға тап болса, біз бауырларымызға мыналарды барынша түсініп алуға кеңес береміз. Істің арқауы мынада: діннің жақтаушыларынан болған кез келген біреу жамандықты қайтару кезінде, өзінікі толығымен дұрыс болса да, кейде қателесіп, Аллаһ Тағаланың: «Әй, мүміндер! Аллаһтан шынайы қорқумен қорқыңдар да, мұсылман болған күйде ғана өліңдер. Түп-түгел Аллаһтың жібіне (дініне) жабысыңдар да, бөлінбеңдер. Сондай-ақ, өздеріңе Аллаһтың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені бір-біріңе дұшпан едіңдер, Ол жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен туысқа айналдыңдар. Отты бір шұңқырдың ернеуінде едіңдер, Ол сендерді одан құтқарды. Осылайша Аллаһ сендерге, тура жолға түсулерің үшін, аяттарын баян етеді» (Әли Имран сүресі, 102-103 — аяттар), — дегеніне қарамастан,  осы мәселеге бауырларының арасын алалауға дейін апаратындай мән беріп жібереді.

Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деді: «Расында, Аллаһ сендерге үш (нәрсені)  қалайды: сендер Оған ғана құлшылық етулеріңді және ешкімді оған серік қоспауларыңды; Сендер Аллаһтың жібінен ұстанып бөлінбеулеріңді және Аллаһ өздеріңнен үстем етіп қойғандарға игі насихат берулеріңді». Имам Малик «әл-Мууатта», № 1864 хадис; имам Ахмад «Муснад», № 8134 хадис.

Ғалымдар былай дейді: «Жақсылыққа шақырып жамандықтан қайтаратын адам үш нәрсеге мұқтаж: ол өзі шақырып жатқан нәрсесі және қайтарып жатқан нәрсесі туралы білуі керек; жақсылыққа шақырып жамандықтан қайтаруда жұмсақтық көрсетуі керек және өзіне өзгелерден тиіп жатқан ренжітетін нәрселерге сабырлық  таныта білуі қажет». Ал сендер осыны түсінуге деген ұмтылысқа және осыған іс жүзінде ілесуге мұқтажсындар, өйткені діннің жақтаушысы осыған іс жүзінде жеткіліксіз деңгейде ілескенде және бұл туралы түсінігі толық болмаған жағдайда қателіктерге бой береді.

Бұдан тыс, ғалымдар мына жағдайға да нұсқайды: егер жамандықтан қайтару алауыздыққа алып келетін болса, онда оған жол берілмейді. Мен нұсқаған нәрсеге ілесуге және осыны түсінуге ұмтылуға сендерге Аллаһ көмектессін, ал егер сендер осыған ілеспесеңдер, сендердің қайтаруларың дінге зиянын тигізеді, ал мұсылман адам өзінің дін және дүние істерінде барлық нәрсені ретті етуге ұмтылады».

Шейх-уль-ислам Мухаммад бин Абд әл-Уаххаб сондай-ақ былай деді:

«Бұл сөздер көп те емес, бірақ олар өзіне көп мағынаны қамтиды, сондықтан олар туралы ойланыңдар, олардың мән-мағынасына жетуге ұмтылыңдар және айтылғанға сәйкес амал істеңдер және сендер осылай істесеңдер, онда бұл (осылай істегендерің) дінге көмегін тигізеді де, Аллаһтың қалауымен, бәрі дұрыс болады.

Айтылғанның жалпы мағынасы мынада: егер де әмір (ел басшысы) немесе өзге кез келген адам айыпталатын бір нәрсе істесе, оған жұмсақ және құпия түрде игі насихат беру керек, егер ол келіссе, барлық нәрсе жөнге келеді. Олай болмаған жағдайда, оған, өзімен жеке сөйлесіп кеңес берген кезде, ол оның кеңесіне құлақ салатын адамды алып келу керек, егер де ол мұны да істемесе, онда оған ашық түрде сын айтуға болады.

Әмірлерден (ел басшыларынан) басқа барлық адамдарға қатысты осылайша істеуге болады. Ал егер әмірге (ел басшысына) игі кеңес берілсе, әрі ол оны қабылдамаса және оған басқа адамды алып келген кезде ол онымен де келіспесе, онда бұл жөнінде бізді құпия түрде хабарландыру керек.

Елдің әрбір тұрғыны бұл жолдауды көшіріп жазып алсын да, оның көшірмесін өзінде қалдырсын, ал Аллаһ бұл жөнінде жақсырақ біледі». Ибн Ғәннәм «Тарих», 1/221.

You may also like...