Егер сендер Аллаһқа көмектессеңдер, Ол сендерге көмектеседі және табандарыңды нығайтады

Әбу Умар әл-Ғаззидің «Өзін-өзі өлтіру актілерінің және жарылыстардың ауыр зардаптары» атты кітабын жариялауды жалғастырамыз. Кітаптың ең көлемді бөлігін ««Жанкештілік» актілерді жақтаушылардың дәйектері және оларды теріске шығару» атты тарау алады. Онда автор адасушылардың негізгі дәйектеріне бірме-бір тоқталып, оларды Құран және Сүннеттің мәтіндерімен және ғалымдардың пікірлерімен теріске шығарады.

Егер сендер Аллаһқа көмектессеңдер, Ол сендерге көмектеседі және табандарыңды нығайтады

 «Жанкештілік» актілерді рұқсат ететіндер, сондай-ақ, дәлел ретінде Аллаһ Тағаланың мына сөздерін келтіреді: «Ақиқатында Аллаһ мүміндерден олардың жандарын және мал-мүліктерін Жәннатқа айырбастап сатып алды. Олар өлтіріп және (өздері) қаза тауып Аллаһтың жолында соғысады. Оның  Таураттағы, Інжілдегі және Құрандағы уәдесі мен міндеттемесі осындай. Өз уәдесін Аллаһтан жақсырақ орындаушы кім? Ендеше, жасасқан серттеріңе қуаныңдар. Міне осы — ұлы жетістік» (әт-Тауба, 111).

Бұл дәлелді теріске шығара отырып, мүмін адам қалай орнына Жәннатты алып, өзінің жаны мен мал-мүлкін құрбан ете алатынын Шариғат нақты белгілеп бергенін айту қажет. Бұл аятта Аллаһ Тағала мүмін адамды игілікке бөлеп, оған шәһидтік өлім жібермейінше ол Раббысының жолында жанымен және мал-мүлкімен соғысады деп айтылған. Сондықтан да, жоғарыда келтірілген аятты мұсылман адамға өзін құрбан ету ретінде өзін-өзі өлтіруге рұқсат етіледі дегенге дәлел ретінде пайдалану мүлдем қате болады.  Алдында біз Аллаһ жіберген қаза мен өзін-өзі өлтірудің арасында қандай айырмашылық бар екендігін егжей-тегжейлі түсіндіріп өткенбіз. Бұл айырмашылық кез келген ұқсастыққа орын қалдырмайды.

«Жанкештілік» актілерді жақтаушылардың тағы бір дәйегі болып жалынды орға тасталған адамдар туралы деректе келтірілген ерлік жасаған жасөспірім туралы оқиға болып табылады.[1]

Алайда бұл хадисте сөз етілетін жасөспірім өзін-өзі өлтірмеді және өзін-өзі өлтіруге ұмтылмады. Керісінше, оны өлтіруді бұйырған және осының айлалы тәсілдерін ойлап тапқан — патша еді. Жасөспірім өлім жазасына кесілген еді және оның әрекеті тек өлім жазасының тәсілін меңзеген болатын. Егер де ол өзінің өлтірілуіне бөгет жасайтын болса, бұл бәрібір патшаны тоқтатпас еді және оны өлім жазасына кесілген жасөспірімді өлтіруден бас тартуға мәжбүрлемес еді. Сондықтан да жасөспірім өте көп адамның жиналған тұсында «Осы жасөспірімнің Раббысы – Аллаһтың атымен» деген сөзді пайдалануды шешті. Мұның барлығын жасөспірім өзі өте қатты аңсаған адамдардың шынайы дінге бет бұруы орын алуы үшін істеді. Бұл мақсат үшін ол патшаға: «Сен мені мен саған бұйырған нәрсені істемейінше өлтіре алмайсың!» — деп, бар шындықты айтты. Жасөспірімнің сөздері Аллаһ Тағалаға деген сенімділіктің және тәуекелдің негізінде құрылған. Құранда: «Кім Аллаһқа тәукел етсе, Ол жетіп асады», — деп айтылған (әт-Талақ; 3).

Ал құдси хадисте  Аллаһ Тағаланың мына сөздері келтіріледі: «Құлым Мен туралы қандай ойда болса, Мен сондаймын». әл-Бухари және Муслим.

Сондықтан да, жасөспірім өзін-өзі өз қалауы бойынша өлтірді немесе өзінің өлімін қасақана туындатты немесе өзін өлтіруді бұйырды деп айту  қате болады.

Өзін құрбандық ету үшін өзін-өзі қасақана өлтіруге рұқсат етілген деген тұжырымға дәлел ретінде жасөспірімнің әрекетіне жүгіну түбейгейлі қате болып табылады. Жасөспірімнің әрекеті мұсылман адамға, егер ол өзінің өлтірілетінін анық білсе,  мерзімнен бұрын өлуге саналы түрде ұмтылуына болады дегенге ешқандай нұсқамайды. Жасөспірімнің әрекеті тек мұсылман адамға өзі үшін өлтірілуінің ең ыңғайлы тәсілін таңдауына болады дегенге ғана нұсқайды.

Осыған орай шейх Ибн Усаймин былай деп айтқан: «Мұсылман адамға жалпының мүдделері үшін өзін қауіпке салуға болады. Ақиқатында, жасөспірім патшаға өзін өлтіруге болатын тәсілді нұсқады: патша жасөспірімнің жебелері салынған қабынан жебені шығаруы және т.с.с. әрекеттер. Бұған, нақтырақ айтқанда,  шейхуль-Ислам Ибн Таймийяның мына сөздері нұсқайды: «Бұл – Аллаһтың жолындағы жиһад. Халық иман келтірді, ал жасөспірімнің өзі еш нәрсе жоғалтпады, өйткені жасөспірім бәрібір өлім жазасына тартылар еді – не осылайша, не өзгеше (тәсілмен)».

Әрі қарай шейх Ибн Усаймин былай деді: «Ал өзіне жарылғыш құрылғыны жүктеп алып, дұшпанға жақындап келіп, олардың арасына кірген кезде өзін-өзі жарушыға келер болсақ, мұндай әрекет – өзін-өзі өлтіру, Аллаһ бізді бұдан сақтасын! Өзін-өзі өлтіруші, бұл жөнінде Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде айтылғандай, Тозақ отына түседі және онда өте көп уақыт қалады.

«Ерлікпен» өзін-өзі өлтірулер Исламның мүддесіне сәйкес келмейді. Егер адам, осындай актілерді жасап, өзіне қоса он, жүз шақты немесе тіпті бірнеше жүз дұшпанды өлтірсе де, ол бәрібір Исламға пайда келтірмейді және оның әрекеті, әлгі жасөспірімнің әрекетінен ерекше, адамдарды Исламды қабылдауға ынталандырмайды. Керісінше, мұндай әрекет дұшпанның ашуын туғызады, оны ызаландырады және мұсылмандарға одан сайын көбірек қаталдық көрсетуге ынталандырады.

Дәл осы нәрселер «жанкештілік» актілерден кейін израильдіктердің палестиналықтарға көрсететін жаза мен жәбірлері одан сайын қаталдап жатқан Палестинада орын алуда. Егер бір палестиналық қаза тауып, өзімен бірге 6-7 израильдіктің өмірін алып кетсе, сонғылары өш алу үшін 60 және одан да көбірек палестиналықтарды өлтіреді. Сөйтіп, мұндай әрекеттер мұсылмандарға ешқандай пайда әкелмейді». Ибн Усаймин. «Шарх «Рийад әс-Салихин»» (1/180-181).

Сондай-ақ шейх былай деді: “Дәлел ретінде жасөспірім туралы хадисті қолдануға қатысты айтар болсақ, онда дұшпанға зиян тигізу емес, адамдардың дінге кіруі орын алды”. Қз.: «әл-Лиқа әл-мәфтух» (20).

Бұл жағдайға ерекше назар қою керек. Жасөспірімнің оқиғасында дұшпанды қанды жазалау болған жоқ. Жасөспірімнің әрекеті қарсыласты талқандауға қызмет етпеген еді, ол Исламға және адамдарға пайда келтіруге, олардың шынайы дінге келуіне ықпал жасауына мақсатталған еді.

Қарсыластар: «Жасөспірім өзін өлтіруге рұқсат берді, ал Аллаһ оны қорғаған еді ғой және ол дұшпаннан қашса да болар еді», — деп, келіспеушілігін білдіруі мүмкін.

Бұған біз: ұрыс майданында шайқасып жүрген адам да қашып кетуге мүмкіндігі бар және оны да дұшпан өлтіруге ұмтылады ғой дейміз. Алайда оған Аллаһтың сөзі ұлық болуы үшін өзінің ісін жалғастыру бұйырылған, тіпті ол өзінің өлтіруінің ықтимал екенін жорамалдаса да. Жоғарыда баяндалған деректегі жасөспірім өз халқының тура жолға түсуін қалады. Ол өзін өлтіруге рұқсат берсін-бермесін,  жауыз патша бәрібір оған адамдарды ақиқатқа шақыруға рұқсат бермес еді. Егер де ол өзінің миссиясын (мойнына жүктелген міндеттемесін) жалғастырғанда, патша оны өлтіру талпыныстарынан ешқашан бас тартпас еді. Бұдан тыс, Аллаһ бұл жасөспірімді Өзі бекіткен мерзімге дейін қорғап, оған жазылған өлім сәті бәрібір келетіні және сол кезде Аллаһ оның өліміне себеп болуды тағдырына жазған оқиға орын алатыны – ап-айқын нәрсе.  Жасөспірім патшаның ұмтылысын өз пайдасына және өз халқының мүддесіне пайдаланды. Бұл Аллаһтың жасөспірімге жоғарыдан уәхи еткен өте керемет айласы еді. Бұл – Аллаһтан келген көмек және ұлы жетістік еді, өйткені Аллаһ Тағала былай деп айтты ғой: «Аллаһқа иман келтіргеннің жүрегін Ол тура жолға салады» (әт-Тағабун; 11).



[1] Сухайб, Аллаһ оған разы болсын, Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп баяндағанын жеткізген: ”Бұрынғы замандарда бір патша өмір сүрген еді. Оның сарайында сиқыршы бар еді. Сиқыршы қартайған кезінде патшаға былай деді: «Мен өте қартпын, сондықтан маған бір ұл баланы жібер, мен оны сиқыршылық кәсібіне үйретемін». Сонда патша сиқыршыға шәкірт етіп бір жасөспірімді тағайындады. Жасөспірім сиқыршыға дәріс алуға баратын жолдың үстінде монах өмір сүретін. Бірде жасөспірім бала әлгі монахқа кіріп, оны тыңдады және оның сөздері оның жүрегіне қонды. Жасөспірім сиқыршыға дәріске баратын әрбір кезде монахқа кіріп, оның алдында отыратын болды. Ал ол сиқыршыға келген кезінде сиқыршы оны ұратын еді. Жасөспірім бұл жөнінде монахқа шағымданып айтқанында, ол оған: «Егер сен сиқыршыдан қорықсаң, оған сені жанұяң ұстап қалды деп айт, ал отбасыңнан қорыққан кезде, сені сиқыршы ұстап қалды деп айт», — деп кеңес берді.

Елде адамдардың жолын бөгейтін үлкен жануар пайда болмайынша біршама уақыт осылайша жалғаса берді. Жасөспірім жануарға барып, өз-өзіне: «Мен бүгін сиқыршы жақсы ма, әлде монах па, соны анықтаймын», — деді. Ол қолына тас алып: «Уа, Аллаһ, егер Саған әлгі сықыршыға қарағанда монахтың ісі сүйіктірек болса, адамдар өту үшін мына жануарды өлтір», — деді. Кейін ол тасты жануарға лақтырды да, оны өлтіріп, адамдардың жолын ашып берді. Кейін ол монахқа барды да, оған болған жағдайды баяндап берді. Монах: «Уа, балам! Бүгін сен менен де артық болдың. Сенің биік дәрежеге жеткеніңді көрудемін. Ақиқатында сен сынаққа алынасың. Сол орын алған кезде, мені айтып қойма», — деді.

Сол кезден бастап жасөспірім зағиптар мен алапестерді емдей бастады, адамдардың басқа да ауруларына шипа тауып берді. Бұл жөнінде патшаның зағип болған бір жақыны біліп қалды. Ол жасөспірімге көп сыйлықтар алып келіп: «Егер мені емдесең, мынаның барлығы саған», — деді. Жасөспіріп: «Мен ешкімге шипа бермеймін. Шипаны тек Аллаһ береді. Егер сен Аллаһқа иман келтірсең, мен Оған дұға етемін, ал Ол саған шипа береді», — деді. Патшаның жақыны Аллаһқа иман келтірді, ал Аллаһ оған шипа берді. Содан соң ол баяғысындай патшаның жанына келіп отырды. Патша: «Саған көру қабілетін кім қайтарды?», — деді. Жақыны: «Менің Раббым», — деді. Патша ашуланып: «Сенің менен басқа Раббың бар ма?!», — деді.  «Менің және сенің Раббымыз — Аллаһ», — деді жақыны. Құтырып ызаланған патша жақынын ұстап алуды бұйырып, ол жасөспірімді айтып бермейінше, оны қинай берді. Патша жасөспірімді алып келуді бұйырды, ал ол келген кезде: «Уа, балам! Сен сиқыршылықта зағиптар мен алапестерді емдейтіндей дәрежеге жетіпсің және басқа да көптеген істерді жасай алады екенсің, — дейді. Жасөспірім: «Мен ешкімге шипа бермеймін. Шипа беруші тек Аллаһ, — деп жауап берді. Сонда патша оны ұстап алып, ол монахты айтып бермейінше, оны азаптады. Монахты алып келіп, оған: «Дініңнен бас тарт!», — деді. Монах мойынсұнбады, ал патша сол кезде араны алып келуді бұйырды да, оны монахтың басындағы орта сызыққа қойғызып, оның денесі екіге бөлініп тасталғанынша аралай берді. Содан соң патшаның жақынын алып келді. Патша оған да дінінен бас  тартуды бұйырды. Ол мойынсұнбады, сонда тағы да ара алып келінді де, оны патшаның жақынының басының ортасындағы сызықтан қойып, оны екіге аралап кесіп тастады. Содан соң жасөспірімді алып келді және оған да дінінен бас тарту бұйырылды.  Жасөспірім мойынсұнбады. Сонда патша оны сақшыларына қарай лақтырып: «Оны пәлен тауға алып барып, оның төбесіне шығыңдар. Төбесіне  жеткен кезде, оған дінінен бас тартуды бұйырыңдар, ол осыны істемесе, оны төбеден төмен қарай лақтырыңдар!», — деді. Қызметкерлер жасөспіріммен бірге  тауға қарай бет алды да, оның төбесіне жеткен кезде, жасөспірім: «Уа, Аллаһ! Мені олардан өзің қалаған жолыңмен құтқар!», — деді. Кенеттен тау сілкіне түсті де, қызметкерлер төменге қарай ұшып құлады.  Ал, жасөспірім тағы да патшаның алдына барды. Патша одан: «Сенің серіктеріңе не болды?», — деп сұрады. «Аллаһ мені олардан құтқарды», — деді жасөспірім. Сонда патша оны қызметкерлерінің басқа бір тобына лақтырып: «Оны теріге орап, онымен бірге теңіздің ортасына шығып, егер ол дінінен бас тартпаса, суға тастаңдар!», — деді. Қызметкерлер патшаның бұйрығын орындауға аттанды. Ал, жасөспірім: «Уа, Аллаһ! Мені олардан Өзің қалаған жолыңмен құтқар!», — деді. Кенеттен қайық аударылды да, қызметкерлер суға кетті. Ал, жасөспірім аман-есен тағы да патшаға келді. Оны көріп, патша: «Серіктерің қайда?», — деді. «Аллаһ мені олардан құтқарды. Сен мені мен саған бұйырған нәрсені істемейінше өлтіре алмайсың», — деді. «Мен не істеуім керек!» — деді патша. Жасөспірім: «Адамдарды бір алаңға жина да, мені ағаштың діңгегіне керіп байлап таста. Сосын менің жебе қабымнан жебені ал да, оны садақтың ортасына қойып «Бұл жасөспірімнің Раббысы – Аллаһтың атымен!» деп айт, ал содан кейін ат. Ақиқатында, сен мені осыны істесең ғана өлтіре аласың», — деп жауап берді. Сонда (патша) бір алаңға адамдарды жинап, (жасөспірімді) ағаштың діңгегіне керіп байлап, оның жебе қабынан жебе алып, оны садақтың ортасына қойып: «Бұл жасөспірімнің Раббысы – Аллаһтың атымен!», — деп оқ атты, оқ жасөспірімнің самайына қадалды. Ол өз самайын қолымен ұстаған күйінде өлді, ал адамдар: «Біз бұл жасөспірімнің Раббысына иман келтірдік! Біз бұл жасөспірімнің Раббысына иман келтірдік! Біз бұл жасөспірімнің Раббысына иман келтірдік!», — деп айта бастады.  Содан соң патшаға (оның адамдары) келіп: «Сен өзің қауіптенген нәрсең туралы не айтасың? Аллаһтың атымен ант етеміз, сенің қорыққан нәрсең басыңа келді, өйткені адамдар иман келтірді!», — деді. Сонда патша (қала) қақпаларының қасынан орлар (қазуды) бұйырды, ал орлар қазылып болып, оларға от жағылған соң, (патша): «Өз дінінен бас тартпағанның әрбірі отқа тасталады және оларға: ”Өздеріңді отқа тастаңдар!” — деп бұйырылады!», — деді.

Және адамдарды жалынды орға тастай бастады. Сол кезде бір мүмін әйел қолындағы баласымен жалынға жақындаған кезде, батылы бармай тоқтап қалды. Сол кезде оның қолындағы сәби баласы (сөйлеу қабілеті дарып): «Анашым! Табандылық таныт, өйткені сен жақта – ақиқат!» — деді“. Бұл сахих хадисті имам Ахмад жеткізген.

жалғасы бар

You may also like...