Шейх Салих бин Фаузан әл-Фаузанның (Аллаһ оған есендік берсін) қопарушылық іс-әрекеттерге байланысты сұрақтарға берген жауаптары

Сұрақ: «Аллаһ Сізді рахымына бөлесін. Мұсылман емес мемлекеттерде адамдарды өлтіру және үкіметтік мекемелерді жару сияқты әрекеттер қажеттілік болып табылады ма, әрі осыны жихад деп атауға болады ма?[1]»

Жауап: «Адам өлтіру мен жарылыстарға тыйым салынған, өйткені олар мұсылмандарға қайғы-қасірет шақырады және олардың өлтірілуіне, сондай-ақ қудалануына әкеледі. Ал Аллаһтың жолындағы жихадқа қатысты айтар болсақ, онда тек ашық шайқас және тек белгілі шарттарға сәйкес амалдар болуы тиіс.  Бұл істе Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, өнегесіне ілесу міндетті болып табылады. Ол, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, Мәдинаға көшуге дейін Меккеде кәпірлердің арасында болған кезде мына аяттар түсті:  «Сондай оларға: «Қолдарыңды тыйындар, намазды орындап, зекет беріңдер!» — делінгендерді көрмедің бе?» (ән-Ниса сүресі, 77-аят).

Сөйтіп оған кәпірлермен соғысудан бас тарту бұйырылған еді, өйткені олардың біреу болса да өлтірілсе, кәпірлер барлық мұсылмандарды опат қылар еді. Мұсылмандар өмір сүріп жатқан елдердегі адам өлтірулер мұсылмандардың өлтірулеріне әкеп соғады, ал бұл қазір де орын алып жатыр. Мұның Ислам шақыруына (дағуатына) ешбір қатысы жоқ және де ол Аллаһтың жолындағы жихад болып табылмайды. Мұсылмандарды қайғы-қасіреттің қойнауына тастап жатқан жарылыстар туралы да осыны айтуға болады».

Сұрақ: «Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, және оның сахабалары Меккеде өмір сүрген кездерінде осы сияқты әрекеттер жасады ма?»

Жауап: «Жоқ! Ешқашан, өйткені оларға бұл тыйым салынған еді».

Сұрақ: «Ол Меккеде өмір сүрген кезінде кәпірлердің мал-мүлкін жойды ма?»

Жауап: «Ешқашан, өйткені бұған тыйым салынған еді, ал оған тек Исламға шақырумен айналысу және адамдарға Аллаһтың Жолдауын жеткізу бұйырылған еді».



[1] Жихад (тілдік мағынасы — күшті барынша жұмылдыру) – мазмұны өте сыйымды ислам термині. Жалпы қолданыста дін үшін күресті білдіреді, оған жүректің жихады да (өз нәпсісінің жаман жақтарымен күресу), тілдің жихады да (жақсылыққа шақырып жамандықтан қайтару), қылыштың жихады да (дінді қарумен қорғау) т.б.кіреді.

Еуропалық қоғамдық санада жихад туралы тек «қылыш жихады» деген түсінік қалыптасып қалған, алайда Құран мен Сүннетке сәйкес бұл ұғым көп мағыналы болып табылады.

You may also like...