Негіз қалаушы ережелер

Әбу Умар әл-Ғаззидің «Өзін-өзі өлтіру актілерінің және жарылыстардың ауыр зардаптары» атты кітабын жариялауды жалғастырамыз.

НЕГІЗ ҚАЛАУШЫ ЕРЕЖЕЛЕР

Ғалымдардың арасындағы бұл мәселе бойынша келіспеушіліктердің бір себебі төменде келтірілген кейбір негізгі ережелерге[1]  әртүрлі тәсілдерді қолдану болып табылады.

Бірінші ереже: Кез келген әрекеттің пайдасы мен зиянын өлшеу керек.

Қандай да бір іс-әрекеттің зиянды немесе пайдалы екендігін анықтау оның мәнін нақты тұспалдаусыз мүмкін емес. Сонымен бірге осы салада білім мен тәжірибеге ие болған адамдарға жүгіну де қажет. Әскери мамандардың пікірі бойынша жанкештілік актілер қарсыласты түреуішпен шаншуға ұқсайды, өйткені олар кездейсоқ жасалады, үлкен көлемге және тұрақты сипатқа ие болмайды және тіпті дұшпанға үлкен шығын да келтірмейді.   Олар қарсыластың салмақты жеңілістеріне алып келмейді және оны шегінуге мәжбүрлемейді. Олар қарсыластың үстінен жеңісті де қамтамасыз  етпейді, тек оның ашу-ызасын одан сайын күшейтіп, жоспарлары мен тактикасын өзгертуге мәжбүрлейді және бұл оның тарапынан жылдам және күтілмеген жауапқа әкеп соқтырады. Сөйтіп, бұл операциялар соғыста қойылатын мақсаттарға қол жеткізуді де қамтамасыз етпейді және көптеген жағдайда кесірлі зардаптарға соқтырып, жағдайды одан сайын қиындата түседі.

Осы орайда пайда мен зиянды өлшеу туралы ереже жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыюға қатысты ұйғарымға ұқсас келеді. Бұл ұйғарымның мағынасы – егер бір жамандықты жою одан да үлкен жамандыққа әкелетін болса, мұндай іс-әрекетке тыйым салынады. Ал егер жамандықты жою (әрекеті) соған теңдес жамандыққа келтіретін болса, онда мұндай жағдай бір мағыналы бағалауға ие емес[2].

Көрнекті ғалым Абд әл-Ләтиф ибн Абд әр-Рахмән Әл әш-Шейх былай деп жазған: «Аллаһтың қандай да бір заң-ережелерін орнатуының мақсаты мүмкіндігінше пайдаға қол жеткізу және зиянды жою болып табылады. Кейде зиянды тек қана одан зияны аздау болған іс-әрекетпен жою мүмкін болады. Және, керісінше, кейде пайдалы іс-әрекеттен бас тарту арқылы  пайдаға қол жеткізуге болады. Кез келген жағдайда уақытты, жағдайларды және тұлғаларды есепке алу қажет. Кім осыларды елемесе немесе назарынан тыс қалдырса, дінге және адамдарға қатысты ең үлкен күнәлардың бірін жасайды». Қз.: «әд-Дурар әс-Сәнийя» (8/65).

Әскери қимылдарды және жиһадты жүргізумен байланысты мәселелер едәуір маңызды және нәзік болып табылады, өйткені олар мұсылман үмметінің сақталып қалуының өзіне қатысты. Соғыс не адамдарға құтылу әкеледі, не оларды опат етеді. Бір жағынан, мұндай мәселелердегі қателіктер адамдардың қаза болуының және олардың мал-мүлкінің жойылуының себебі болады, ал басқа жағынан олар үшін абыройсыздық пен қорлануға айналады. Тарих соғыстарды ұмытпайды, оларды ұрпақтар есте сақтайды. Сондықтан да, осындай маңызды мәселелер бойынша сөз айтатын кез келген біреу тәжірибеге және Құран мен Сүннет, сондай-ақ, мұсылмандардың алғашқы үмметтен болған ізгі алдыңғы дін өкілдеріміздің мұрасы бойынша терең білімге ие болуы қажет. Бұдан тыс, мұндай үкімдерді шығарғанда білімдері жалпы тарапынан мойындалған ғалымдармен кеңес құрып, әуес-қалаулардан және эмоциялардан бас тарту керек.

Дәл осы нәрсе Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларымен мирас етілген еді. Мысалы, Сәхл ибн Хунәйф, Аллаһ одан разы болсын, былай деген: «Уа, адамдар! Өзіндік пікір-пайымдардан аулақ болыңдар! Мен Абу Жәндәл Күні, егер соны жасай алғанымда, Пайғамбарға мойынсунудан бас тартуға әзір болғанымды еске аламын». әл-Бухари.

Ал Умар ибн әл-Хаттаб, Аллаһ оған разы болсын, былай деді: «Уа, адамдар! Дінде өзіндік пайымдаулардан аулақ болыңдар! Мен, өзімнің пікіріме сүйеніп, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйрығын қайтарғанымды еске аламын. Аллаһпен ант етемін, мен өз наразылықтарымда қателескен едім. Бұл Абу Жәндәл Күні орын алған еді».[3]

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) күрделі әскери жағдайларда өзінің сахабаларымен кеңескендігінде таң қаларлық жайт жоқ. Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Бадр шайқасы күні кеңес сұрап оларға жүгінгенде, Хаббаб (Аллаһ оған разы болсын), су мұсылмандардың тылында қалуы үшін, әскери лагерьді кұдықтардың төменгі жағына құруға кеңес берді. Осының арқасында олар шөлін қандыру және дәрет алу мүмкіндігіне ие болды, ал мүшриктер бұл мүмкіндіктен айырылып қалды. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сол шайқаста тұтқынға алынған көпқұдайшылдардың тағдырын шешу үшін де сахабалармен кеңесті. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрайштықтар Бадр шайқасында өлтірілгендеріне өш алу үшін мұсылмандарға қарсы жорыққа шыққанын естіп, Мәдинада қорғаныс құрғысы келгенде де олардан кеңес сұрады. Сонда сахабалар Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көпқұдайшылдардың алдынан шығуға кеңес береді, ал бұл, өз кезегінде, атақты Ухуд соғысына алып келді. Бұдан тыс, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көпқұдайшылдардың тайпалары мұсылмандарға қарсы біріккенде сахабаларынан кеңес сұраған еді және Салмән әл Фарси (Аллаһ оған разы болсын) Мәдинаға кіруді бөгейтін ор қазу туралы кеңес берді[4].

Жорамалды жетістектермен соқыр болғандардың кейбіреулері: «Палестинадағы «жанкештілік» актілердің оң жақтары көп: олар күрестегі батылдықты және Аллаһтың жолында мерт болуға деген дайындықты көрсетеді, мұсылман жерлерінде жиһадтың басылып қалуына жол бермейді, еврей келімсектерінің Палестинаға ағылуының азаюына ықпал етеді және езгіге ұшыраған Палестинаның дауысын қалған әлемге жеткізеді», — деп айтуы мүмкін.[5]

Біз бұған: «Ешкім және ешқашан кейбір оң нәтижелерді жоққа шығармайды, алайда, өкінішке орай, бұл нәтижелер үлкен шөл далада жасалынған шыжыған күннің астындағы хауызға ұқсайды», — деп айтуымыз қажет. Бұл хауыз суға толып үлгермей-ақ суы буланып, ешкімге пайдасы тимей-ақ қайта құрғап қалады!

Бұдан тыс «жиһадтың басылып қалуына жол бермейді» деген сөздер нені білдіреді?

Жиһадтың дауысы ешқашан өшпеген. Аллаһтың Кітабы күндіз-түні оқылып, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннеті сақталып тұрғанда жиһадтың дауысы өшпейді. Бірақ жанкештілік актілерді жиһадқа жатқызу дұрыс емес, өйткені олар Қасиетті Құранға және Сүннетке қайшы келеді. Бұл әрекеттерді жиһадқа жатқызу жиһад деген ұғымның өзін қаралау болады.

Түрлі ұлттағы әйелдер мен балаларға толы театрды басып алуды қалайша жиһад деп айтуға болады?! Балалар мектебін басып алуды, ондағы жүздеген балаларды кепілдікке алуды және өлтіруді қалайша жиһад деуге болады?! Жарылғыш заттарға толтырылған жүк көліктерін Найробидағы (Кения) және Дар-әс-Сәләмдағы (Танзания) Америка елшіліктерінің алдына қоюды, соның нәтижесінде жүздеген жазықсыз адамдардың қаза болуын қалайша жиһад деп атауға болады?! Сөзге орай айта кететін жайт — олар (қаза тапқандар) сол операцияның нысанасы болған американдықтар да емес еді, сол жарылыстардың құрбандары түрлі мұсылман және мұсылман емес елдерінің жазықсыз азаматтары болды.

Айқын және баршаға жария түрде мынаны мәлімдеу қажет: Жиһадтың бұл актілерге ешқандай қатысы жоқ және ол (жиһад) осы сияқты нәрселерден түпсіз алшақ!

Сондықтан да, ешқандай сылтаумен мұндай әрекеттерді жиһад деп айтуға болмайді. Өзінің күш-қуаты жауыздықты жоюға, көзқарастер мен ұстанымдарды, отан мен арды қорғауға бағытталғанына сенетін бірде-бір солдат, бірде-бір қолбасшы мұндай актілерді орынды деп есептемейді.

Әскери жиһад – бұл дұшпанмен соғыс майданында бетпе-бет кездесу кезінде адамдардың табандылық танытуы, қолбасшыға бағынуы, алға жүріп, артқа қашпауы. Солдат ақиқаттың үстем болуы үшін ыждағаттылық танытады. Ол Аллаһқа мойынсұнудан бас тартпайды, зұлымдық жасамайды, жәбір тигізбейді, қанамайды және опасыздық жасамайды.  Құдайдың заңдарымен келген ақиқат – осы. Аллаһ Тағала былай деген: «Негізінде, Аллаһ әділдікті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Және де арсыздықтан, қарсылықтан және жүгенсіздіктен тыяды. Сендерге насихат береді. Әрине түсінерсіңдер» (ән-Нәһл; 90);

«Расында елшілерімізді ашық мүғжизаларымызбен жібердік. Және елшілермен бірге адам баласының әділ тұруы үшін Кітап пен Мизанды (әр нәрсенің өлшеуін) жібердік» (әл-Хадид; 25);

«Әй, мүминдер! Аллаһ үшін куәлікте туралық үстінде мықты тұрыңдар. Және бір елдің өшпенділігі сендерді әділсіздікке тартпасын. Әділдік істеңдер. Сол тақуалыққа жақынырақ. Және Аллаһтан қорқыңдар. Күдіксіз, Аллаһ не істегендеріңнен толық хабар алушы» (әл-Мәидә; 8).

Бұл жанкештілік актілердің барлығы ешқашан палестиналықтарға және басқа да халықтарға жасалып жатқан зұлымдықтар мен жәбірлеулерді тоқтата алмайды. Палестиналықтардың дауысы (олар арқылы) әлемге жетпейді, әлемге түрлі елдердегі адамдарды саңырау етіп үлгерген олардың өткізіп жатқан операцияларының жаңғырығы жетіп барады. Олар наразылық пен ыза тұғызды және барлық жерде ең алдымен осындай актілерді тоқтатуды талап етушілердің дауыстары шығуда. Барша тіпті қорғану мақсатында және отанды азат ету үшін осындай актілерді қолдану — орынсыз екендігіне бірауызды келіседі.

Жауыздық пен зұлымдық жауыздықпен және зұлымдықпен жойылмайды. Оларды тек әділдікпен және сабырмен жоюға болады. Бүлік пен бұзықтықты одан да жаман нәрсемен жою мүмкін емес. Оларды тек олардан жақсырақ нәрсемен жоюға болады. Дәл сол үшін де шейхуль-Ислам ибн Таймийя былай деді: «Ақиқатында Аллаһ әділетті мемлекетке, тіпті ол кәпір болса да, көмектеседі және әділетсіз мемлекетті, тіпті ол мүмін болса да, көмексіз қалдырады». «Мәжму әл-Фатауа» (28/63).

Әрине, түрлі орындарда және түрлі уақытта өткізіліп жатқан операциялардың нәтижелері бірдей емес. Алайда оларға қарсы ең күшті және көрнекі дәйек бұл –нақты фактілер және олардың көрнекі нәтижелері.  Сондықтан да, Палестина халқы Интифада кезінде басынан өткізген қасіреттер туралы сандарды келтіруді жөн көрдім, оқырман оларды «жанкештілік» актілердің дұшпанға тигізген зиянымен салыстыруы үшін және оларды жақтаушылардың тұжырымдарының негізсіз екенін түсінуі үшін. [6]

«Білгірлер» деп аталатындардың кейбіреуі біз дұшпандарымызды олар жанкештілік актілерге жауап ретінде өз қылмыстарын жасап жатыр деп ақтайды деп бізге айып тағады. Бұл айыптауға жауап беріп, біз “Жанкештілік актілер қаналғандардың дауысын қалған әлемге жеткізіп жатыр“ деген тұжырымдаманы ғана теріске шығаратынымызды айтамыз. Керісінше, біз дәл осыған қарама-қарсы нәрсе болуда деп есептейміз.

Жанкештілік актілерді палестиналықтардың дұшпандары олардың үстінен өте аяусыз жазалауларды өткізуіне, құрбандары екі жақтың азаматтық тұрғындары болған, күш тең болмаған соғыста олардың балаларын және мал-мүліктерін жоюына сылтау ретінде пайдалануда.

Көрнекті ғалым Ибн әл-Қаййим былай деген: “Адамдарға тек кітаптарда келтірілгеннің негізінде, олардың әдет ғұрыптарын, уақытты, орнын және жағдайларын ескермей, пәтуа беретін адам өзі адасып, өзгелерді де адастырады. Мұндай муфтидің дінге қарсы жасап жатқан қылмысы барлық адамдарды бірыңғай медициналық кітап бойынша өмір сүріп жатқан жер мен уақытты, темперамент пен әдеттегі ерекшіліктерді ескермей емдейтін дәрігердің қылмысынан жаман. Мұндай надан дәрігерлер мен муфтилер дінге және адамдардың денсаулығына ең үлкен зиян тигізеді. Ал біз тек Аллаһқа ғана көмек сұрап жүгінеміз”. Қз.: «Иләм әл-Мууәқиин ән Рабб әл-Аләмин» (3/89).

Жанкештілік актілердің пайдалы нәтижелерін олардың зиянды салдарымен салыстыру олардың спонтандық сипатымен, сондай-ақ, бүкіл дүние олардың нәтижелері туралы ақпаратты өздеріне пайдалы етіп беруге мүмкіндігі бар тек палестиналықтардың жауларынан еститінімен күрделенеді. Олар өздерінің ұйғарымы бойынша не олардың нәтижелері туралы айтпай қояды, не, керісінше, жасалған актілердің шынайы көлемін өздерінің мүдделеріне ыңғайлы етіп бұрмалап, қосып айтады. Бұдан тыс, палестиналықтардың дұшпандары, не өздерінің қолдарында, не олармен ынтымақтастықта болған бұқаралық ақпарат құралдары арқылы  қоғамдық пікірді манипуляциялап отыру мүмкіндігіне ие.

Екінші ереже: Игі ниеттің болуы амалдың ізгі болуы үшін жеткіліксіз

Жанкештілік актілерді жасауға барушы адамдар сол арқылы өзінің халқының жағдайын жақсартуды және дін үшін шәһид болғандардың сыйын алу үшін өзінің жанын құрбан етуді ниеттенетініне күмән жоқ. Олар суицид (өзін-өзі өлтіру) туралы жоспарлар құрмайды және өзін-өзі өлтіруге құмар емес, өйткені оны орындау үшін басқа да жолдар жетіп асады. Олар, ешбір күмәнсіз, болашақ өмірлеріндегі жағдайына әсер ететін ізгі ниетке ие. Шейх-уль-ислам Ибн Таймийя өзін-өзі өлтіру Құранмен, Сүннетпен және ислам ғалымдарының бірауызды келісімімен (ижмәъ) харам етілгендігін айтқан соң, былай деді: «Аллаһ тыйым салған өзін-өзі өлтіру мен Аллаһ әмір еткен жанды және мал-мүлікті саудаға салудың арасын ажырата білу қажет. Аллаһ Тағала былай деді: «Ақиқатында, Аллаһ мүміндерден олардың жандары мен мал-мүлкін Жәннатқа айырбастап сатып алды» (әт-Таубә; 111). Қз.: «Мәжму әл-Фатауа» (25/272).

Басқа да мәселелердегідей, бұл мәселеде де критерий адамның өзі дұрыс деп есептеген нәрсесі емес, Құран мен Сүннеттің заң-ережелері болып табылады, өйткені (бірінші аталған жағдайда) ол ізгі халифа Умар ибн Абд әл-Азиз оларды: «Аллаһқа айқын білімге сүйенбей ғибадат етуші адамдар пайда келтіретін нәрсенің басым бөлігін бүлдіреді», — деп  сипаттаған адамдардың қатарына кіріп кетуі мүмкін ғой.

Өзінің әуестері мен қалауларына бағынып, дұшпанға қарсы, ол қай жерде болса да, осындай ойсыз әрекеттерді жасауға шақыратын адасушылар дәл осындай жағдайда. Бұған қоса, олар өздерінің әрекеттері іс жүзінде Исламның әлсіреуіне, оның жақтаушыларының опат болуына және елден айдалуына әкеп соқтыратындығы туралы ойланбайды да. Планетамыздың түкпір-түкпірінде мұсылмандардың бастарынан кешіп жатқан нәрселер осындай ойсыз іс-әрекеттердің салдары болып табылады, ал бұл тағы да бір рет олардың кесірлі және бұзақы екендігін дәлелдейді.

«Аллаһтың разылығы мен махабатына өз-өзіңе азап тигізіп, қиындықтарға ұмтылу арқылы жетуге болмайтынын білу керек. Кейбір надандар амал қаншалықты қиын болса, ол соншалықты жақсы болады, сауаптың мөлшері қиындықтың дәрежесіне байланысты деп есептейді. Жоқ! Бұл – толығымен қате сенім! Амал үшін берілетін сауаптың мөлшері оның келтіретін пайдасына байланысты». Ибн Таймийя, «Мәжму әл-Фатауа» (25/281).

Аллаһ Тағала былай деді: «Бүкіл әкімшілік қолында болған АллаҺ — аса Ұлы, Ол — әр нәрсеге күші толық Жетуші. Ол — сендерді сынау үшін және кімнің амалдары жақсы болатынын көру үшін өлім мен өмірді Жаратқан» (әл-Мульк; 1-2). Сөйтіп, бізден қалауларымызға ұнайтын емес,  ізгі, салиқалы және Аллаһқа ұнамды амалдарды орындау талап етіледі. Амалдар басқа адамдардың әрекеттеріне және болмыстың екпініне жауап (реакция) болмауы қажет.

Әл-Фудәйль ибн Ийәд, Аллаһ Тағаланың «…кімнің амалдары жақсы болатынын» деген сөздеріне тафсир жасап, былай деді: “Бұл — кімнің амалдары дұрыс және ықыласты болады дегенді білдіреді». Одан: «Уа, Абу Али! Ал ықыласты және дұрыс деген нені білдіреді?», — деп сұрағанда, ол: «Ақиқатында, егер амалдар ықыласты болып, бірақ дұрыс болмаса — олар қабыл болмайды және егер амалдар дұрыс болып, бірақ ықыласты болмаса — олар ықыласты және дұрыс болмайынша, қабыл болмайды. Ықыластысы – Аллаһ үшін орындалатыны, ал дұрысы – Сүннетке сәйкес орындалатыны. Бұл жөнінде Аллаһ Тағаланың мына аятында айтылған: «Сондай-ақ кім Раббысына жолығуды үміт етсе, сонда дұрыс амалдар істеп,  Раббысымен бірге ешкімге құлшылық етпесін (әл-Кәһф; 110)», — деп жауап берді. Абу Ну’айм  “әл-Хилья” 8/95.

Мүміндердің әмірі Умар ибн әл-Хаттаб, Аллаһ оған разы болсын, Аллаһқа мынандай дұғамен жалбарынатын: «Уа, Аллаһ! Менің амалдарымның барлығын салиқалы әрі шын ықыласпен Сенің Дидарың үшін орындалған ет, ол істерде өзге біреу үшін үлес болмайтындай». Қз.: «Мәжму әл-Фатауа» (1-том/334-бет), Ибн Таймийя.

Шейх әл-Әлбани, Аллаһ оны рахым етсін, былай деген: «Жиһад Аллаһ Тағала әмір еткен салиқалы амалдарға жататындығына күмән жоқ. Ол кейде жеке міндет (фард айн)[7], кейде — қоғамдық міндет (фард кифая)[8]  болып табылады. Мұсылман үмметінің ұлылығы жиһадпен байланысты, ал егер мұсылмандар оны елемесе (оған мән бермесе), міндетті түрде ұлылықтан айырылады және сонда «Аллаһ оларға қорлық жібереді де, олар дініне қайта оралмайынша, одан оларды құтқармайды»». Бұл хадисті Абу Дауд, әт-Тирмизи және басқа да мухаддистер жеткізген. Шейх әл-Әлбани бұл хадисті сахих деген. «Сахих «Сунан» Аби Дауд» (2956), «Сахих әл-Жәми’» (423), «Силсиләт әл-Ахадис әс-Сахиха» (11).

Жиһад Аллаһқа құлшылық жасау болып табылатындығын және бұл құлшылық өте маңызды екендігін дәлелдеудің қажеті жоқ. Алайда құлшылық партияның мүддесі, немесе туған жерді қорғау үшін емес, шын ықыласпен Аллаһ үшін болса ғана — қабыл болады. Жер түгелілімен Аллаһтың иелігінде және Ол оның үстінен білік жүргізуді   Өзінің қалаған құлына сыйлайды.

Шейх әл-Әлбани сондай-ақ былай деді: «Егер адам шын ықыласымен Аллаһ үшін жиһад жасауды ниет етсе, ол осы үшін лайықты сыйын алатынына күмән жоқ. Алайда біз сөз етіп тұрған жиһад  Аллаһ жүргізуді бұйырған жиһад болып табылмайды.  Мен ниеттің өздігінше өте жақсы екенін айтып тұрмын, өйткені адам жиһад жасағысы келіп тұр ғой, алайда жиһадты жүргізу үшін міндетті түрде, Аллаһ Тағала көпке белгілі мына аятта айтқанындай, дайындық қажет: «Сендер оларға қарсы шамаларың келгенше әр түрлі күш әрі ат байлаумен әзірлік көріңдер. Аллаһтың дұшпанын және өз дұшпаңдарыңды қорқыту үшін» (әл-Әнфәл; 60).

Жиһад тек жарияланған кезде және оны жүргізуге дайындық болған жағдайда ғана жиһад болады. Осы шарттар орындалғанда, жиһадтан бас тартуға болмайды.

Ал жеке біреулер, мейлі өзінің жерін қорғау мақсатымен болса да, көтеріп жүрген көтерілістерге келер болсақ, олар жиһад болып табылмайды. Әрине, дұшпан шабуыл жасағанда мұсылман жерлерін қорғау міндетті болып табылады, бірақ пайдаға қарағанда көбірек зиян әкелетін шабуылдаулар – барлық мұсылмандар шығуға міндетті болған жиһад емес.   Мұндай жиһад туралы Аллаһ Тағала былай деген: «Егер олар шығуды қаласа, осыған дайындалар еді» (әт-Таубә 9: 46).

Сондықтан да, біз бұған бірнеше рет нұсқағанымыздай, мұсылмандар ақыл тоқтатып, Шариғатты дұрыс түсініп, Аллаһтың заңына және дініне сәйкес келетін ықыласты және дұрыс амалдар жасауы керек. Міне сонда мүміндер Аллаһ Тағаланың көмегімен қуанады».  Тыңдаңыз “әт-Тахарри филь-Фәтуә” 2-аудиотаспа, Мәшһүр бин Хасан бин Салмәнның «Әс-Саләфиййун уә Қадийят Филистин» кітабының негізінде (67-бет).

Сөйтіп, Аллаһқа ұнамды әрекетті жасау үшін жалғыз ниеттің өзі ғана жеткіліксіз. Шариғаттың басқа да заң-ережелерін орындау қажет. Нақтырақ айтқанда, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Кім өзін-өзі қандай да бір затпен өлтірген болса, Қиямет Күні сонысымен жазаланады». Бұл хадисті Абу Хурайрадан және Саббит әд-Даххактан әл-Бухари және Муслим жеткізген. Дәл осыны Абу Ауана да келтіреді.

Бұл хадис өзін-өзі қасақана өлтіргеннің барлығына, ешқандай ерекшелеусіз және себептер (сылтаулар) мен мақсаттарды есепке алусыз, қатысты. Ол қателікпен және мәжбүрлеумен емес, саналы түрде осындай таңдау жасап, өзін-өзі өлтіргенің барлығына қатысты қолданылады. Бұл хадисте қолданылатын арабтың «мән» (кім) сөзі, оған жалпыға бірдей маңыз береді, яғни хадис өзін-өзі өлтірген кез келген адамды қамтиды. Бұдан тыс, хадистегі қорқыту әрекеттің себептеріне және мақсаттарына емес, әрекеттің өзіне байланысты болып тұр. Сөйтіп, өз еркімен өзін-өзі өлтірген әрбір адам күнә жасаған және рұқсат етілгеннің шегінен бұзып шыққан болады. Раббымыз: «Өздеріңді өздерің өлтірмеңдер» (ән-Ниса; 29), — деді.  Ерікті түрде өзін-өзі өлтіруге баратын адамға жоғарыда келтірілген хадистегі қорқыту таралады, алайда өзін-өзі құрбан ету актісін оның рұқсат етілгендігіне сеніп жасаған адам жазалаудан құтылады деген үміт қала береді.

Салиқалы ниет және болжамды пайда харам етілген нәрсені халәл етпейді және діндегі жаңалықтарды (биъаттарды) ақтамайды.  Ал күнә өзін-өзі өлтіруге оқталған адамды адасушылыққа салған және оған осындай «өзін-өзі құрбан етуді» халәл деп пәтуа шығарып берген адамның мойнына (да) түседі.

 Үшінші ереже: Мұсылмандарға қарсы соғыспайтын адамдарды өлтіруге тыйым салынады

 Құран мен Сүннет, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), оның сахабаларының өмірбаяны туралы кітаптар, мұсылман ғалымдарының еңбектері және діни-құқықтық мектептердің (мазһабтардың) трактаттары соғыс әрекеттеріне қатысы жоқ адамдарды өлтіруге болмайтындығы туралы хабарларға толы. Бұған әйелдер, қарттар, балалар, яғни бүгінгі күні «азаматтық тұрғындар» деп аталатындар, сондай-ақ, мұсылман жерлеріне қауіпсіздік кепілдігін (қазір бұл «кіру визасы» деп аталады) алып кірген мұсылман еместер[9] жатады. Мұсылмандарға жоғарыда аталған тұлғалардың санатына жататындардың өміріне қастандық жасауға тыйым салынады.

Төменде біз Сауд Арабиясы Корольдігі ірі ғалымдарының Кеңесі 13.03.1424 х.ж. (15.05.2003) әр-Рияд қаласында өткен отырысында шығарған пәтуасын келтіреміз. Онда қиратулардың, сондай-ақ,көптеген мұсылмандар мен мұсылман еместердің жарақаттануына және қаза болуына себеп болған әр-Рияд қаласында 11.03.1424 х.ж. орын алған жарылыстармен байланысты оқиғалар талқыланғын еді.

Кеңес, Шариғат дәлелдеріне сүйеніп, өміріне қол сұғуға болмайтындардың өміріне қастандық жасаудың тыйым салынғандығына мұсылмандар бірауызды келіскендігі туралы қорытынды шығарды. Олардың қатарына мына адамдар жатады: өміріне белгілі құқықсыз қастандық жасау тыйым салынған мұсылмандар;  мұсылман мемлекетінде өмір сүріп жатқан және оның қорғауындағы зиммилер; мұсылмандармен бейбіт келісім-шарты бар мемлекеттердің азаматтары — муахадтар; сондай-ақ мұсылман еліне кіруге рұқсат және қауіпсіздік кепілдігін алған мустамандар.

Абдуллаһ  ибн Амр Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім муахадты өлтірсе, Жәннаттың хош иісін сезбейді, ал ол қырық жылдық жолдың ұзақтығына дейін сезіледі», — деп айтқанын баяндаған.  Әл-Бухари.

Мұсылман әмірі қауіпсіздік кепілдігін беріп, мұсылман еліне кіруге рұқсат еткен адамның өмірі мен мал-мүлкіне  қол сұғылмайды және оған қастандық жасау рұқсат етілмейді. Кім осындай адамды өлтірсе, бұл жөнінде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтқандай, Жәннаттың хош иісін де сезбейді. Ақиқатында, бұл — муахадтардың өміріне қастандық жасаушыларға айтылған ап-айқын қорқыту. Егер қандай да бір мұсылман қандай да бір кәпірді өзінің қорғауына алып, оған қауіпсіздік кепілдігін берген болса, бұл кепілдік үшін барша мұсылмандар жауап береді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Барша мұсылмандардың қаны тең дәрежеде құнды, ал олардың ең ықпалсызы берген кепілдік олардың барлығының тарапынан орындалуы қажет». Бұл хадисті Абу Дауд, әт-Тирмизи және Ибн Мәжаһ жеткізген. Шейх әл-Әлбани хадисті хасан деген. «Сахих «Сунан» Аби Дауд» (2751), «Сахих әл-Жәми’» (6712), «Сахих «Сунан» Ибн Мәжаһ» (2172, 2173, 2174).

Бұдан тыс, өзін-өзі жарып, жанкештілік актілерді жасаушылар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын):  «Кім өз-өзін қандай да бір затпен өлтірген болса, Қиямет Күні сонысымен жазаланады», — деп, сипаттаған адамдарының қатарына жатады. Бұл хадисті Абу Хурайрадан және Саббит әд-Даххактан әл-Бухари және Муслим жеткізген. Дәл осыны Абу Ауана да келтіреді.

Бұл пәтуаның соңында мұндай қылмыстарды жасау Исламның және мұсылмандардың мүддесіне қайшы келетіндігі түсіндіріледі. Онда, сондай-ақ, былай деп айтылады:  «Мұсылман халықтары бүгінгі күні жан-жақтан қолдарын сұғып жатқан дұшпандардан зардап шегіп жатқанын және осы дұшпандар мұсылмандарға жасайтын шабуылдарын, мүміндерді қорлауды және оларға тиісті болған игіліктерді пайдалануды ақтайтын сылтаудың пайда болғанына қуанатынын барша біледі. Дұшпандарға мұсылмандарға қарсы әрекет жасауына сылтау жасап беріп, олардың мақсаттарын жүзеге асыруға көмектесетіндер мұсылмандарға айтуға келмейтін ұлы шығын тигізіп, олардың жеріне шабуыл жасауына ықпал етуде. Бұл — ең қорқынышты қылмыстардың бірі».

Өз тарапымнан мен қақысыз адамды ғана емес, тіпті құсты да өлтіруге болмайтындығын ескерткім келеді.  Абдуллаһ ибн Амр, Аллаһ оған разы болсын, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндайды: «Аллаһ Тағала құсты немесе содан үлкен нәрсені қақысыз  өлтіргеннің әрбірін жауапқа тартады«. Адамдар: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Оның хақысы неде?», — деп сұрады. Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Оның қақысы — оны дұрыс сойып жеу, бірақ басын жұлып тастау емес«, — деп жауап берді. Бұл хадисті ән-Нәса`и және әл-Хаким жеткізген. Ибн Касир  «Иршад әл-Фақиһ» (1/368) және әл-Әлбани «әт-Тарғиб уә әт-Тархиб» (2266) кітаптарында бұл хадисті хасан деп атаған.

 Төртінші ереже: Мұсылман адамға дұшпандардың аймағында оларға қатысты қиянат жасауға тыйым салынады, егер олар оған қауіпсіздік берген болса.[10]

  Мұсылман емес елге кіруге ресми рұқсат және қауіпсіздік кепілдігін алып кіретін мұсылманға оның тұрғындарының өмірі мен мал-мүлкіне қол сұғуына және оларға қатысты қиянатшылдық танытуына рұқсат етілмейді, өйткені кіруге рұқсат және қауіпсіздік кепілдігі оған осы елдің тұрғындарының өміріне, мал-мүлкіне және ар-намысына оның тарапынан еш нәрсе қауіп төндірмейді деген шартпен беріледі. Бұл ережемен барлық мұсылман ғалымдары келіседі, өйткені қауіпсіздік берілген адамға деген кез келген қол сұғушылық — қиянат және сатқындық. Келісім-шарттарды орындауға шақыратын және оларды бұзуға тыйым салатын барлық аяттар мен хадистертердің осы мәселеге қатысы бар. Кейбір ислам ғалымдарының осы мәселе бойынша айтқан сөздерін келтіреміз.

Имам әш-Шәфи’и былай деген: «Егер мұсылмандардың тобы (дұшпан аймағына) қауіпсіздік кепілдігін беріп және алып, бейбітшілікпен кірген болса, олар оның жерінен шығып кетпейінше немесе өзара қауіпсіздік туралы келісім-шарттың мерзімі бітпейінше, дұшпанды мазалауға болмайды. Баяндалған жағдайда мұсылмандар оларға жамандық тигізуге және оларға қиянат жасауға құқықты емес. Ал егер дұшпан олардың аймағында  өзара қауіпсіздік кепілдігімен кірген қайдай да бір мұсылманның балалары мен әйелдерін тұтқындаған болса, мен сатқындық жасауды дұрыс деп есептемеймін, алайда бұл жағдайда мұсылмандар олардан кепілдікті қайтарып беруін және кепілдіктен бас тартуын талап етуі керек деп пайымдаймын. Осыны істеп болып, олар мұсылман әйелдері мен балаларын азат ету үшін соғысқа кірісуі қажет». Қз.: «Әл-Умм», «Дұшпан елінде қауіпсіздік кепілдігін алған адам туралы» тарау.

Имам Ибн Қудама әл-Ханбали Әл-Харакидің “Кім дұшпан жеріне қауіпсіздік кепілдігін алып кірген болса, олардың мал-мүлкіне қиянатшылдықпен қол сұғуына немесе олармен өсімқорлықпен айналысуына  құқығы болмайды“ деген сөздеріне қатысты былай деген: “Олардың өздеріне қатысты қиянат пен сатқындық туралы айтар болсақ, оған тыйым салынған, өйткені олардың берген қауіпсіздік кепілдігі оларға қатысты сатқындық жасалмауын білдіреді.  Тіпті бұл шарттар сөзбе-сөз келісілмеген болса да, мұның мәні әрекеттің өзінен айқын болып тұр. Сондықтан мұсылман еместерден біреу бізден қауіпсіздік кепілдігін алып, бізге келіп, бізге қатысты қиянат жасаса, бұл олармен болған келісім-шарттың тоқтауын және бұзылуын білдіреді. Сөйтіп, мұсылмандарға қауіпсіздік кепілдігін ала отырып, олардың еліне кіріп баратын мұсылман еместерге қатысты қиянат жасауға тыйым салынады, өйткені бұл сатқындық болады, ал сатқындыққа біздің дінімізде орын жоқ. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Мұсылмандар (келісім-шарттың) шарттарын адал орындаулары қажет»”. Қз.: “әл-Муғни” 13/152. «Китаб әл-Жиһад»(1674).

Ибн Жәзи әл-Малики былай деген: “Қауіпсіздік кепілдігін бұзу мен әскери қулықтың арасындағы айырмашылық қауіпсіздік кепілдігі дұшпандарға қауіпсіздікке деген сенімділік ұсынатынында. Ал әскери қулық әскери құпияларды жасыруға арналған шаралар болып табылады. Бұл шаралар дұшпанды жаңылыстырады және оны қарсыласы шегініп жатыр немесе соғысқысы келмей жатыр деген қате ойға салады.  Бұл – дұшпанды абайсызда қалдырып, оның үстіне кенеттен түсу үшін жасалады. Әскери қулықтың түрлеріне (қарсыластың) назарын негізгі мақсаттан басқа жаққа аударып алып кету мақсатында (белгілі бір іс-әрекетті) симуляциялау, дұшпанның қатарына бөлінушілік салу, торуылдар ұйымдастыру, ұрыс барысындағы тактикалық шегіну т.б. жатады. Оған (әскери қулыққа) өзіңді солардың бірі деп көрсету, дұшпанның дінін өтіріктен ұстану, дұшпан алдында ықыласты кеңесші рөлін ойнап, сол арқылы дұшпанның сенімін пайдаланып, қиянатшылдықпен оны жәбірге ұшырату жатпайды. Бұл тәсілдерді қолдануға болмайды және олар сатқындық болып табылады”. Қз.: «Әл-Қауанин әл-Фиқһийя».

Имам Абу Ханифаның серігі имам Мухаммад бин әл-Хасан әш-Шайбани былай деген: “Егер мұсылмандардың тобы олармен соғысушы кәпірлерге келіп: «Біз – халифаның елшілеріміз», — десе және  қандай да бір қағазды халифаның хаты деп шығарып көрсетсе немесе ешнәрсені шығарып көрсетпесе де, онда бұл көпқұдайшылдарға қатысты сатқындық болады! Ал егер оларға: «Кіре беріңдер!» — деп айтылса, және олар дұшпан аймағына кірсе, онда олар олардың жерінде болған кезінде дұшпандардан ешкімді өлтірулеріне және олардың мал-мүлкінен қандай да бір затты алуға  рұқсат етілмейді!” Қз.: “әс-Сияр” 2/66.

Имам әс-Сархаси бұл сөздерге түсіндірме жасап, былай деген: «Мұндай жүріс-тұрыстың қажеттілігі, егер бұл адамдар шындығында да өздерін солар деп көрсеткендерден (халифаның адамдарынан) болғанда, оларға дұшпан тарапынан қауіпсіздік берілуге тиіс болатындығынан туындайды, дұшпанға да олардың тарапынан қауіпсіздік берілуі сияқты. Оларға дұшпандардарға қандай да бір жолмен қастандық жасауына рұқсат етілмейді. Біз жоғарыда нұсқағанымыздай, дұшпандардың еліне кіріп барған елшілерге қатысты жүретін заң осындай».

Қауіпсіздікті алуға қандай да бір нұсқаулар болған жағдайда да осылай болмақ.

«Егер олар дұшпандарды қиянатшылдықпен өлтіруді қалап, бірақ өздерін сауда жасау үшін келген саудагерлер деп таныстырғанда да, іс осылай болуға тиіс еді. Бұл жағдайда қарсыластың өміріне қастандық жасауға болмайды, өйткені егер осы мұсылмандар шындығында да саудагер болғанда, оларға қарсыласқа қатысты қиянат жасауға рұқсат етілмес еді. Сондықтан да олар өздерін саудагер деп көрсеткен кезде де бұлай істеуі айыпталады». Әс-Сархасидің Мухаммад ибн әл-Хасанның «әс-Сайр әл-Кабир» кітабына жазған түсіндірмесін қараңыз («Дұшпандардың еліне кірушілердің және тұтқындардың тарапынан қауіпсіздік кепілдігі не екендігі және не нәрсе бұлай болып табылмайтындығы туралы» тарау).

Имам әл-Марғинани әл-Ханафи “әл-Хидая” кітабында былай деген: “Егер мұсылман (адам) дұшпан аймағына саудагер ретінде кірсе, ол онда қауіпсіздік кепілдігін алған мұсылман сияқты болады. Оған олардың мал-мүлкіне және өміріне қастандық жасауына болмайды, өйткені ол өзіне берілген қауіпсіздік үшін оларға қарсы еш нәрсе жасамауға кепілдік берді. Осыдан кейін олардың мал-мүлкіне және өміріне қастандық жасау дінде тыйым салынған қиянат және сатқындық болып табылады”.

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Әрбір сатқынға (ғадирге)[11] Қиямет Күні ту тігіледі. Ал оның сатқындығы қаншалықты күшті болған болса, оның туы да соншалықты биік болады». Бұл хадисті әл-Бухари және Муслим жеткізген. Хадистің мәтіні имам Муслимнің нұсқасынан келтірілген.

Дұшпандар өздеріне зиян тигізбеу кепілдігімен азаттық берген тұтқын мұсылманға оларға қатысты қиянат жасауына рұқсат етілмейді дегенге ғалымдар бірауызды келіскен. Имам әш-Шәфи’и былай деген: “Егер дұшпандар мұсылмандардан біреуді тұтқынға алып, кейін оны азаттыққа жіберсе және оны қауіпсіздікпен қамтамасыз еткен болса, онда олардың берген қауіпсіздік кепілдігі өздеріне берілген қауіпсіздік кепілдігі де болып табылады және оның оларды қиянатшылдықпен өлтіруіне және оларға сатқындық жасауына құқығы болмайды”. Қз.: «Әл-Умм» («Жиһад пен жизия мәселелері», «Дұшпандар өз мал-мүлкін тапсырған тұтқын туралы» тарау).

Егер тіпті мұсылмандарға қарсы соғысып жатқан елге зорлап әкелінген тұтқын қиянат жасамауы қажет болса, онда өз еркімен және сұранысымен мұсылмандармен келісім-шарты болған елге қауіпсіздік кепілдігін және ресми рұқсат алып кіргендер туралы не айтуға болады?! Кейбір мұсылмандар бүгінгі күні жасап жатқан ұшақтарды басып алу және адам өлтірулер қиянат, сатқындық, ұлы жауыздық және айыпты қылмыс болып табылады. Ал егер олар дін үшін жасалып, Аллаһтың жолындағы жиһад деп аталса – бұл қылмыстардың ауырлығы өтірікпен және жаламен ұлғайып, одан сайын көбейе түседі.

Күмәнсіз, мұндай қылмыстың ауырлығы, біріншіден, мұсылмандармен келісім-шарты барларға, демек қанына, мал-мүлкіне және ар-намысына қол сұғылмайтын адамдарға қарсы жасалғандықтан, еселеніп өседі. Екіншіден, ол осыны жасайтын мұсылманға оның тарапынан берілетін қауіпсіздіктің орнына қауіпсіздік кепілдігін беретіндерге қарсы бағытталғандықтан, ал бұл олардың қол сұғылмаушылығын одан сайын күшейтеді.  Үшіншіден, осындай жиіркенішті әрекеттерді жасайтын адамдар оларды «жиһад және Манхеттенге, Нью-Йоркке және Вашингтонға жасалған діни жорықтар» деп атайтындықтан, бұл қылмыс одан сайын ауырлай түседі.

Сөйтіп, мұсылмандармен келісім-шарты бар мұсылман емес елге немесе қауіпсіздік кепілдігін берген елге кіріп баратын мұсылман адамның бұл елде кімге болсын, олар осы елдің азаматтары, не өзге елдердің азаматтары болса да, қол сұғуына шариғи рұқсаты болмайды, өйткені ол осы елге, оның тұрғындарына және онда болғандардың барлығына мазасыздық және зиян тигізбеу шартымен кіреді.

 Бесінші ереже: Ержүрек адамға, егер ол қажетті шарттарды орындаса, дұшпанның қатарларына өзін тастауға рұқсат етіледі

 Мұсылмандардың шағын тобы немесе олардың біреуі шайқас кезінде соғысып жатқан дұшпанның қатарларына тереңдеп енуіне болады, осы опат болуға әкелетіндігі ықтимал болса (да). Ғалымдардың арасында мұндай әрекеттердің Шариғат тұрғысынан заңды болып табылатындығына келіспеушіліктер жоқ. Мұндай ерліктердің заңды екендігін сахабалардың және олардың ізбасарларының, сондай-ақ, олардан кейінірек өмір сүрген салиқалы мұсылмандардың өмірлерінен алынған көптеген мысалдар дәлелдейді.[12]

Мұндай әрекеттер олар жайында ғалымдардың арасында келіспеушіліктер болған және тіпті олар тыйым салатын әлгі амалдарға жатпайды. Керісінше, мұндай ерлік адамды Аллаһтың разылығына жақындататын ең жақсы амалдардан болып саналады, бұл жөнінде мына аятта айтылғандай: «Адамдардың арасында Аллаһтың разылығын алуды үміттеніп, өз жанын сататын да бар» (әл-Бақара; 207). Алайда бұл жердегі мәселе басқа нәрседе болып тұр: мұндай ерліктердің рұқсат етілгендігі «жанкештілік» деп аталатын актілерді рұқсат ететіндер тарапынан негізгі дәлел ретінде қолданылады.

Шейх-уль-ислам Ибн Таймийя былай деген: ”Муслим өзінің «әс-Сахихында»[13]  Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен, жасөспірім дін салтанат құруы үшін өзін өлтіруге рұқсат еткендігі туралы баяндалатын «ор адамдары» туралы деректі келтіреді. Осыған негізделіп, төрт имамның барлығы дұшпан қатарларына[14] тереңдеп ену мұсылмандардың мүддесіне жауап беретін кезде мүмін адам осыны істеуіне рұқсат етіледі деп есептеген, тіпті ол өзінің өлтірілетіндігі туралы ойға шомып тұрса да“. Қз.: «Мәджму әл-Фатауа» (28/540).

Абу Хамид әл-Ғазали былай деген: «Мұсылман адам жалғыз өзі дұшпанның қатарларына өзін тастап, олармен соғысуына рұқсат етіледі дегенге ешқандай келіспеушіліктер жоқ, тіпті ол өзінің қаза болуы ықтимал екендігін білсе де. Мұсылман адамға, сондай-ақ, өлтірілгеніне дейін дұшпандармен соғысуына да рұқсат етіледі. Мұның барлығы жақсылыққа үндеп, жамандақтан қайтару ұғымына кіреді. Бірақ егер адам өзінің шабуылы дұшпанға ешқандай зиян тигізбейтінін (мысалы, дұшпандарға зағип немесе мүгедек адам өзін тастаса) білсе, мұндай нәрсені істеуге тыйым салынады. Бұл жағдайда дұшпандарға шабуылдау өзін өлім қаупіне лақтыруға тыйым салатын аяттың[15] жалпы мағынасының астына кіреді. Дегенмен, егер адам өзгені өлтірмей жатып өлтірілмейтінін және оның ержүректігі дұшпандардың жүректеріне үрей салатынын, мұсылмандардың қайратты екендігіне және Аллаһтың жолында өлуді жақсы көретіндігіне оларды сендіретінін және соның нәтижесіне олар құлайтынын білсе, дұшпанға қарай өзін тастауына болады». Қз.: «Ихья Улюм әд-Дин» әз-Зубайдидің «Итхаф әс-Садат әл-Муттақиин» шархымен (7/26).

Абу Хамид әл-Ғазалидің айтқанында сөз шайқас майданында өзін-өзі құрбан ету туралы болып тұр.  Ал қоржынынан құрмасын алып жей бастаған және: «Мен осы құрмаларды жеп болғаныма дейін тірі қалсам, бұл  ұзақ өмір болады», — деп, құрмаларын тастай салып, шайқасқа өзін тастап, қаза тапқан[16].Умайр ибн әл-Хуммам туралы дерекке келер болсақ, ол жөнінде имам ән-Науауи былай деген: «Бұл оқиға шайқас кезінде дұшпанның қатарына енуге және дін үшін шәһид болуға ұмтылуға рұқсат етілгендігіне нұсқайды. Мұндай әрекет рұқсат етілген болып табылады және ғалымдардың басым бөлігі мұны айыпты нәрсе деп санамайды». «Шарх «Сахих» Муслим» (13/46).

Шейх әл-Әлбаниге, Аллаһ оған рахым етсін, «Коммандос» деп аталатын топтар қатысатын қазіргі заманның әскери операциялары туралы: «Мұсылмандарға екпін көрсетіп жатқан дұшпандарға қарсы бағытталған бұл операциялардың мәні — өлуге оқталғандардың арнайы тағайындалған топтары дұшпан танкілеріне жақындап барып, миналауды жасайды да, нәтижесінде өздері қаза табады. Бұл өзін-өзі өлтіру болып саналады ма?» — деген сұрақ қойылғанда, шейх былай деп жауап берді: «Бұл — өзін-өзі өлтіру емес, өйткені өзін-зі өлтіру дегеніміз — бұл мұсылман адамның өз бақытсыз өмірін тоқтатқысы келіп өзін-өзі өлтіруі. Ал бұл жағдайға келер болсақ, бұл жерде біз өзін-өзі өлтіруді емес, Аллаһтың жолындағы жиһадты көреміз. Алайда бір маңызды жайтқа назар аудару қажет: мұндай әрекеттерді кез келген біреу өзінің ұйғарымымен жасай алмайды. Олар тек қолбасшының бұйрығымен орындалуы қажет[17][41]. Егер қолбасшы қандай да бір сарбазсыз амалдай алатын болса және осы сарбазды ықтимал болған жоғалту  дұшпанның көп санының жойылуына әкеліп, үлкен пайдаға ұласады деп есептесе, ол осындай шешімді қабылдауына болады. Оған бағыну міндетті болады, тіпті сарбаздың өзі бұған наразы болса да».

Шейх әл-Әлбани әрі қарай былай деген: «Өзін-өзі өлтіру — Ислам қатаң тыйым салған іс-әрекеттердің бірі, өйткені оны тек Раббыға қарсы үн көтерген және Аллаһтың тағдырымен келіспейтін (адам) ғана жасайды. Ал қарастырып жатқан амал өзін-өзі өлтіру болып табылмайды. Мұндайды сахабалар істеген. Олардың біреуі қылышымен дұшпандардың тұтас тобына қарсы шабуыл жасап, өзі қаза тапқанынша дұшпандардың басын шапқан. Ол Аллаһтың сыйына үміт етіп төзімділік танытты, өйткені өзінің жолы Жәннатқа алып баратынын білді. Жиһадта осылайша өлетін (адам) мен өзін-өзі өлтіру арқылы өмірден құтылатынның немесе мұрнын шүйіріп, өз ой-тұжырымына сәйкес әрекет етушінің арасындағы айырмашылық өлшеуге келмейді. Екіншісі өзін опат етуге тастау дегенді дәл білдіреді». Қз.: «Силсиләт әл-Һуда уә ән-Нур», № 134 аудиотаспа.

Сөйтіп, аталған мысалдар ержүрек, батыл адамның шайқас майданында дұшпан қатарларына тереңдеп енуіне рұқсат етілгендігін дәлелдейді, бірақ олар өзін-өзі өлтірудің рұқсат етілгендігіне дәйек болып табылмайды. Бұдан тыс, ғалымдар мемлекет тарапынан тағайындалған қолбасшыға бағынудың қажеттілігіне нұсқайды.

жалғасы бар



[1] Атап айтқанда, бұл пікірді шейх Мәшһур бин Хасан бин Сәлман ұстанады. «Әл-Әсала» журналың, № 37 қараңыз.

[2] Мәшһур бин Хасан бин Сәлман «әс-Саләфиййун уа қадийят Филистин».

[3] Бұл хадисті Абу Йа’лә және әт-Табарани жеткізген. Абу Жәндәл Күні туралы дерек толығымен орыс тіліне аударылған мына кітаптарда келтіріледі: «Краткое изложение «Сахиха» аль-Бухари», 1134 (2731, 2732), толкование Священного Корана Абдуррахмана ас-Саади (комментарий к суре «Победа» №48) және «Жизнь Пророка, да благословит его Аллах и да приветствует» (в оригинале «Ар-Рахиқ аль-Махтум») Сафи ар-Рахмана аль-Мубаракфури.

[4] Бұл оқиғалар туралы толығырақ Сафи әр-Рахман әл-Мубаракфуридің «Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өмірі» (түп нұсқасында «әр-Рахик әл-Мәхтум») және Ибн Хишамның «Мухаммад Пайғамбардың өмірбаяны» (түп нұсқасында «әс-Сира ән-Нәбауийя») атты кітаптарынан білсе болады. Бұл екі кітап та орыс тіліне аударылған, алайда олардың біріншісінде, екіншісімен салыстырғанда, сахих деректер көбірек.

[5] «Хамас» ұйымының сайтында «Палестина ғалымдары Одағының» ақпараттық бюллетенін қараңыз http://www.palestine-info.info.

[6]  29 қыркүйек 2000 ж. — 31 тамыз 2004 ж. аралығында израиль армиясының әрекеттерінің нәтижесінде 3529 палестиндық қаза тапты. Осыған сол мезетке тіркелмеген 151 адамның өлімін де қосу керек. Қаза тапқандардың арасында 18 жастан кіші 654 бала және 242 әйел бар. 115 адам бақылау өткізу пункттерінде өткізбей ұстаудың салдарынан аурудан өлді; олардың арасында балалар, әйелдер, қарт адамдар, жүрек және бүйрек ауруларымен, сондай-ақ қатерлі ісік ауыруымен ауыратындар бар.

32 адам бомбылаулардың салдарынан қаза болды. 274 адам арнайы жойылды, олардың 136-сы  қастандық ұйымдастыру нәтижесінде. 46 палестина азаматтары еврей қоныстанушыларының шабуылдары кезінде қаза тапты.

344 қаза тапқан — ұлттық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері, 31 – жедел медициналық жәрдем  және азаматтық қорғаныс қызметкерлері, 9-ы – журналисттер мен репортерлер, 220-сы – спортсмендер болды. Жарақат алғандардың саны 42022 адам болды, олардың  тек 8435-сіне алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

7400 қамауға және тұтқынға алынған палестиналықтар израиль түрмелерінде жатыр, олардың 1318 – студенттер мен мектеп оқушылары, ұсталғандардың 465 – кәмелетке толмаған балалар.  5874 адамның қамауға алынғаны және 25 түрмелерге және изоляторларға орналастырылғаны тұтқындар істері бойынша министрлік тарапынан расталған.

196 қамауға алынған адам мұғалім және білім беру саласының қызметкері болып табылады. Түрмеге отырғызылғандардың 900 созылмалы аурулармен ауырады. Қамауға алынғандардың 109 – әйелдер, олардың 41 – сотталған, 63 – уақытша ұсталған, бесеуі әкімшілік жауапкершілікке тартылумен ұақытша ұсталған.

Израиль агрессиясының нәтижесінде 583 қоғамдық ғимарат және қорғану құрылыстары қиратылды. 66095 үйлер толығымен немесе жартылай бұзылды. 12 мектеп және университеттер әскерилердің бұйрығымен жабылды, 1125 мектеп және жоғарғы оқу орындары жұмысын тоқтатты. 43 мектеп әскери казармаға айналдырылды. Оқ тиіп жарақаттанғаннан 697 оқушы және мұғалім, сондай-ақ 4689 студент және қызметшілер қаза тапты.

62.542.480 шаршы метр жер бульдозерлермен тегістелді, 1145145 ағаш тамырымен жұлынды, 568 ауыл аруашылығы қоймалары, 581 мал және құс асырайтын фермалар, сондай-ақ, ірі малға арналған қашалар бұзылды, 13866 бас қой мен ешкі өлтірілді, 299 құдық, 207 фермерлік үй, 1164 су қоймалары мен хауыздар бұзылды. Оккупацияның салдарынан 87 мың адам жұмысынан айырылды, ал бұл тұрғындардың 32,3 пайызын құрайды.

http://www.pnic.gov.ps/arabic/quds/arabic/ivid/ivid.htm1 Палестинаның ресми сайтын қараңыз.

[7] Жеке міндеттілік (фард ‘айн) – әрбір мұсылманға міндетті болған бұйрық. Оларға, мысалы, күн сайын намаз орындау немесе Рамазан айында ораза ұстау жатады.

[8] Ұжымдық міндеттілік (фард кифая) – жалпы мұсылмандарға міндетті болған бұйрық, егер мұсылмандардың жеткілікті болған саны оны орындаса, қалғандары бұл міндеттіліктен босатылады, алайда егер мұсылмандардан ешкім бұл міндеттілікті орындамаса, күнә барлық мұсылмандарға түседі. Мұндай бұрықтарға, мысалы, жаназа намазы жатады.

[9] Мұсылман еместер (غير المسلمين) төрт санатқа бөлінеді: зимми, му’ахид, мустаман, харби.

1. Зимми (الذمي) – мұсылман жерлерінде өмір сүруші кәпір. Ол жан басына төленетін жизия төлеуге міндетті және оған қатысты Исламның барлық заңдары жүреді. Жизия балалардан, әйелдерден, монахтардан, қарттардан, мүгедектерден және жұмыссыздардан алынбайды. Ол зиммилердің өздерінің медициналық және әлеуметтік қажеттіліктерін өтеуге және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге пайдаланылады. Зиммилерге әскери міндеттілік жүктелмейді.

2. Му’ахид (المعاهد) – оның мемлекеті мен мұсылман мемлекеті арасында белгілі мерзімге немесе мерзімсіз келісім-шарты бар кәпір. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрайштықтармен 10 жылға соғысты тоқтату туралы кейбір келісім-шарт жасағаны мәлім. Мұндай келісім-шарттардың қазіргі заманауи нұсқаларына мемлекеттің халықаралық немесе аймақтық ұйымдарға қатысуы жатады.

3. Мустаман (مستأمن) – мемлекеті мұсылмандармен соғыс жағдайында болған, қандай да бір мұсылманнан мұсылман еліне рұқсат және қауіпсіздік кепілдігін алып кірген кәпір. Қауіпсіздік кепілдігінің мұндай заманауи нұсқалары виза алу, кіруге рұқсат алу, кіру туралы штамп болып табылады.

Жоғарыда келтірілген осы үш санаттағы кәпірлердің өмірі қол сұғылмайтын болып табылады. Олар (жоғарыда аталған) мәртебелеріне ие болып тұрғанында олардың өміріне қастандық жасауға ешкім құқықты емес, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кім муахадты өлтірсе, Жәннаттың хош иісін сезбейді, ал ол қырық жылдық жолдың ұзақтығына дейін сезіледі», — деп айтқанын баяндаған.  әл-Бухари.

Бұл хадисті әл-Бухари жеткізген. Аллаһ Тағала былай деді: «Егер (өлтірілген) сендермен олардың арасында келісім болған бір елден болса, өлгеннің иесіне құн тапсырып, әрі бір мүмін құл азат етуі керек» (ән-Ниса; 92). Сөйтіп, тіпті қасақана жасалмаған қауіпсіздік кепілдігін алған кәпірді өлтіру үшін Аллаһ Тағала құн төлеу мен күнәні өтеуді тағайындаған. Онда қасақана өлтіру туралы не айтуға болады?! Мұндай жағдайда қылмыс едәуір ауырлау, ал күнә көбірек болады. Сондықтан да, шейх-уль-ислам Ибн Таймийя өзін қауіпсіздіктемін деп ойлаған зиммиді қиянатшылдықпен өлтірген мұсылман өлім жазасымен жазалануы қажет деп есептеген. Осы пікірді малики мазһабының ғалымдары да ұстанады. Имам Абу Ханифа мұсылман адам кез келген зиммиді өлтіргені үшін өлім жазасына кесіледі деп есептеген. Адам өлтіруге тыйым салатын Құранның барлық аяттары сондай-ақ зиммилерге, муахадтарға және мустамандарға де қатысты күшке ие болып табылады.

4. Харби (الحربي) (сөзбе-сөз »соғысқа қатысушы») – осы үш санатқа жатпайтын кәпір. Мұндай адам мұсылмандардың жеріне түсіп қалса, оның өмірі, мал-мүлкі және ар-намысы қол сұғылмайтын болып табылмайды, алайда оларға қол сұғу тек мұсылман әмірінің рұқсатымен ғана мүмкін болады. Балалар, әйелдер және мүгедек ерлер бұларға жатпайды, оларды өлтіруге болмайды.

[10] Бұл бөлімді жазуда мен Фәйсал бин Қазара әл-Жәсимнің «Кәшф әш-Шубухат фи мәсәил әл-Ахд уә әл-Жиһад» («Келісім-шарт және жиһад мәселесінде күмәндарды жою») кітабын қолдандым.

[11] Ғадир – сатқын, опасыз, қиянат жасаушы адам.

[12] Бұл мысалдар туралы «Мәшари’ әл-Ашуак» кітабында (24-тарау: «Ержүрек адамның немесе (мұсылман) тобының Аллаһтың жолында шәһидтік өлімге ұмтылып дұшпанның сан-алуан қатарларына тереңдеп енуі туралы».

[13] «Китаб әз-Зухд уә әр-Рака’ик» (»Зухд және жүректі жұмсарту туралы Кітап») (3005).

[14] Бұл жерде қарапайым халық емес, дұшпанның қаруланған қатары меңзеліп тұрғанына ерекше назар аударамын.

[15] «Аллаһтың жолында садақа жасаңдар да, өздеріңді опат етуге қимаңдар. Ізгілік жасаңдар, өйткені Аллаһ ізгілік жасаушыларды жақсы көреді» (әл-Бақара; 195).

[16] Имам Муслим Әнас ибн Мәликтен мынаны жеткізген: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Бусайсаны Абу Суфьянның керуені туралы дерек жинап келуге аттандырды. Бусайса қайта оралғанда, үйде менен және Аллаһтың Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзге ешкім жоқ еді. Ол Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) біліп келген нәрселері туралы баяндап берді. Сонда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шықты да: «Біз жорыққа шыққымыз келеді. Кімде дайын мінетін жануар болса, бізбен жүрсін!», — деді. Адамдар Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаның жоғары жағындағы жануарларын алып келуге рұқсат сұрады, бірақ ол: «Жоқ, тек кімнің мінетін жануарлары дайын болса, солар ғана», — деді. Кейін Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабалары сапарға аттанды. Олар көпқұдайшылдардан бұрын Бәдрға жетіп, оларды озды. Кейін көпкұдайшылдар келіп жетті. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Менің бұйрығымсыз еш нәрсе істемеңдер!», – деді. Мүшриктер жақындаған кезде, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кеңдігі көктер мен жердің кеңдігіне тең Жәннатқа барыңдар!», — деді. Умайр ибн әл-Хуммам атты ансар былай деді: «Уа, АллаһтыңЕлшісі, Жәннаттың кеңдігі көктер мен жердің кеңдігіндей ме?» «Иә», — деп жауап берді Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын). Умайр: «О-о!», — деп дауыстай салды. «Неге сен бұлай дедің?», — деді Пайғамбар. Умайр: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Аллаһпен ант етемін, мен бұлай деп тек осы Жәннаттың тұрғындарының арасында болуды аңсап тұрғанымнан айтып тұрмын!» — деді. «Сен – солардансың!», — деді Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын). Сонда Умайр қоржынынан құрмаларын алып, аздап жеп, кейін: «Мен осы құрмаларды жеп болғаныма дейін тірі қалсам, бұл  ұзақ өмір болады», — деп, құрмаларын тастай салып, шайқасқа өзін тастап, қаза тапты».

[17] Бүгінгі күні жасалып жатқан «жанкештілік» деп аталатын актілерде қолбасшы жоқ екендігі және олар әртүрлі ұйымдардың өкілдері тарапынан жеке түрде орындалатыны белгілі. Алайда бұл жөнінде ертерек айтылғандай, жиһадты жүргізудің негіз қалаушы ұстанымдарының бірі – әскери қолбасшының және үкіметтің болуы.

You may also like...