«Анкабут» сүресінің соңғы аятының түсінігі

Categories: Жиһад

Мейірімді, Рахымды Аллаһтың атымен

Аллаһ Тағала: «Ал Біз үшін соғысатындарды Біз міндетті түрде Біздің жолдарымызбен жүргіземіз. Ақиқатында, Аллаһ ізгілік жасаушылармен бірге!» (әл-Анкабут 29: 69), деді.

Біріншіден, бұл аят Меккеде түскен. Бұл жөнінде имам әс-Судди былай деп айтқан: «Бұл аят шайқасу парыз етілгенге дейін түсті».  Қз.: “Тафсир әл-Мухаррар әл-уажжиз” 4/326.

Және бірде-бір муфассирдің оның бұл сөздеріне қарсы болғандығы жайлы белгісіз! Демек, осының өзі біздің бауырларымыз «Бұл аятта дәл кәпірлермен жихад туралы  айтылып жатыр» дегенге бас иетін түсінікті жоққа шығарады, өйткені кәпірлермен жихад хижрадан кейін, мадиналық кезеңде бұйырылған еді.

Екіншіден, саләфтар бұл аятты тек кәпірлермен шайқасумен ғана нақты айқындаған жоқ, онда Аллаһтың дінінде жалпы тырысу (ыждағаттылық), Аллаһтың әмірлерін орындау және нәпсінің құмарлығына қарсы күресу туралы айтылады дейтін!

Ибн ‘Аббас бұл аятқа қатысты былай деген: “Яғни Аллаһқа бағыну үшін өзінің нәпсісімен соғысқандар, оларға берілген нығметтерге шүкіршілік еткендер және бастарына түскен қайғыларға сабырлық танытқандар!” Қараңыз “Тафсир әл-Бахр әл-мухит” 7/155.

Раби’а бұл аятқа қатысты: “Жер бетінде өзінің Раббысына мойынсұнатын, Оған шақыратын және Ол тыйым салған нәрселерден тыйылатын, және (сонысымен) ол Аллаһтың разылығы үшін соғысушы болып табылмайтын Аллаһтың құлы жоқ!” – деді.  Қараңыз “Тафсир Ибн Әби Хатим” № 17450.

Имам әс-Судди былай деді: “Иманның жолында төтеп беру үшін «Біз үшін соғысатындарды» — Жәннатқа — «Біз міндетті түрде Біздің жолдарымызбен жүргіземіз»!” Қараңыз “Тафсир әл-Бахр әл-мухит” 7/155.

Абу Сулейман әд-Дарани: “«Соғысты» — яғни өздері білетіндеріне сәйкес амал жасады. «Біздің жолдарымызбен жүргіземіз» — яғни олар білмеген нәрсесіне оқытып-үйретеміз!” – деп айтты. Қараңыз “Тафсир әл-Бахр әл-мухит” 7/155.

Имам Ибн Әби Заманин былай деп айтты: “«Біз үшін соғысатындарды»яғни Біз үшін амал жасаушыларды. «Біз міндетті түрде Біздің жолдарымызбен жүргіземіз» яғни тура жолмен жүргіземіз!” Қараңыз “Тафсир Ибн Әби Заманин” 3/353.

Имам Ибн ‘Атыйя бұл аятқа қатысты былай дейтін: “Әс-Судди: «Бұл аят шайқасу парыз етілгенге  дейін түсті!» — деді.  Бұл аят жихадтың белгілі түсінігіне  дейін түсірілді. Ақиқатында, бұл – жихадтың жалпы түсінігіндегі, Аллаһтың дінінде тырысудағы және Оның разылығына жетудегі жихад! Әл-Хасан ибн Абиль-Хасан былай деді: «Бұл аятта ғибадат етушілер туралы айтылған». Имам Әбу Сулейман әд-Дарани: «Бұл аяттағы жихад тек дұшпанмен соғысумен ғана шектелмейді! Керісінше, мұнда дінге көмектесуге, адасушыларды әшкерелеуге, жәбірлеушілерді басып жаншуға және осылардың ішіндегі ең маңыздысы – жақсылыққа бұйырып, жамандықтан қайтаруға жөн сілтенген! Бұған сондай-ақ жихадтың ең ұлы түрі – Аллаһқа мойынсұнуда нәпсімен күресу де жатады!»  Суфьян ибн ‘Уяйна Ибн әл-Мубаракқа былай деп айтқан: «Егер адамдардың келіспеушілікке түскенін көрсең, мужахидтерден ұстан, өйткені Аллаһ: «Ал Біз үшін  соғысатындарды Біз міндетті түрде Біздің жолдарымызбен жүргіземіз!» — деді». Имам әд-Даххак былай деп айтты: ««Біз үшін соғысатындарды» аятының мағынасы – яғни хижра жасаушыларды; «Біздің жолдарымызбен жүргіземіз» — оларды иманның жолында бекем етеміз».  Юнус ибн Асбат: «Сөз амалдардағы ниеттерді тазарту жөнінде болып тұр!»” Қараңыз “Тафсир әл-Мухаррар әл-уажиз” 4/326.

Шейх Ибн әл-Қайим бұл аятқа қатысты былай деді: “Ұлы Аллаһ тура жолды жихадпен байланыстырды. Және кімнің жихады маңыздырақ (дұрыс) болса, сол тура жолмен толық жүрген болады. Ал жихад өз-өзіңмен, құмарлығыңмен, шайтанмен және бұл дүниемен болу керек. Және жихадтың осы төрт түрін Аллаһ үшін орындайтын адамды Ол Жәннатқа апаратын тура жолмен жүргізеді. Кім бұл жихадты тастаса, ол жихадтан қаншалықты айырылып қалған болса, соншалықты басшылықтан да айырылып қалады.  Әл-Жунайд (бұл аяттың мағынасы жөнінде) былай деді: «Тәубеге келу арқылы Біз үшін күресетіндерді, Біз туралық жолымен жүргіземіз».  Осы ішкі (жасырын) дұшпандармен күреспей, сыртқы дұшпандармен соғысу мүмкін болмайды. Кім осы ішкі дұшпандарын (құмарлық, шайтан, нәпсі) жеңсе, сол сыртқы жауларды да жеңеді!” Қараңыз “әл-Фауаид” 58.

Имам әш-Шаукани бұл аятқа қатысты былай деді : “Яғни Аллаһтың разылығына жетуді көздеп және Аллаһтағы бар нәрсені қалап, Аллаһ үшін тырысқандар (ыждағат еткендер). Біз мұндай адамдарды Бізге алып келетін жолға саламыз!” Қараңыз “Фатх әл-Қадир” 2/108.

Сөйтіп, біз бұл аяттың мағынасы жалпылама екендігін көріп тұрмыз, және муфассирлердің көпшілігі оның мағынасын тек кәпірлермен соғысумен шектеген жоқ!

Саләфтардан тек Ибн Зәйд бұл аятта дұшпандармен соғысу жайлы сөз болып тұр деген. Ибн Уахб: “Мен Ибн Зәйдтен бұл аят жөнінде: «Соғысқандар жайлы сөз болуда ма?» — деп сұрадым. Ол: «Иә», — деп жауап берді”, — деп баяндайды. Қараңыз “Тафсир ат-Табари” № 21215.

Сондай-ақ, бұл аят жөніндегі имам әл-Қуртубидің: «Яғни Біздің разылығымызға жету үшін Біз үшін кәпірлермен соғысатындарды», — деген сөздерін немесе имам әл-Бағауидің: «Біздің дінімізді ұлықтау үшін мушриктермен (көпқұдайшылармен) соғысқандарды!» — дегенін келтіретін бауырлар олардың сөздерінің жалғасын айтпай қалдырады! Мысалы, имам әл-Қуртуби өзінің: «Яғни Біздің разылығымызға жету үшін Біз үшін кәпірлермен соғысатындарды», — сөздерінен кейін бірден әс-Судди мен  Ибн ‘Атыйяның бұл аят кәпірлермен соғысу бұйырылғаннан бұрын түсті деп айтқандарын келтіреді!  Қараңыз “Тафсир әл-Қуртуби” 13/242.

Сондай-ақ, имам әл-Бағауи да өзінің сөздерінен кейін былай дейді: “«Бұл аяттағы «соғысу» – жүктелген міндеттерді орындаудағы сабырлық таныту» деп те айтылған! Хасан әл-Басри: «Ең жақсы жихад – өз нәпсіңе қарсы тұру!» — деді.  Әл-Фудайль ибн ‘Ийяд: «Кім білім алу жолында күрескен болса, Біз оны осы білімдерге сәйкес амал істеу жолымен жүргіземіз!» — деп айтты. Сахль ибн Абдуллаһ: «Кім Сүннетті ұстанып соғысқан болса, Біз оны Жәннатқа апарамыз!» — деген.  Сондай-ақ, Ибн Аббастан: «Бізге бағынуда күш жұмсағанды, Біз сый (сауап) жолдарымен жүргіземіз!”- деп айтқаны жеткізіледі. Қараңыз “Тафсир әл-Бағауи” 5/210.

Оның үстіне, Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, сахабаларынан бұл аятты тек Ибн ‘Аббастың тәпсірлегені жеткен, және ол былай деді: “Яғни Аллаһқа бағыну үшін өздерінің құмарлықтарымен күрескендер, оларға көрсетілген нығметтерге алғыс білдіргендер (оларға берілген нығметтерге шүкіршілік еткендер) және бастарына келген қайғы-қасіреттерге сабыр еткендер!” Қараңыз “Тафсир әл-Бахр әл-мухит” 7/155.

Ендеше, қалайша біз өзге біреудікін оның бұл аятты тәпсірлеуінен және түсінудіруінен артық көре аламыз?!

Бірақ бұл аятты біздің бауырларымыз айтып жатқандарындай етіп қабылдасақ та, яғни бұл аятта сөз дәл кәпірлермен соғыс туралы болып жатыр десек, онда «Егер адамдар бір нәрселерде келіспеушілікте болса, онда шекаралас аудандардың тұрғындары (ахль ас-суғур) қандай пікірде екеніне қараңдар», — деген сөз бәрібір жихад жүргізіп жатқан діни білімі жоқ адамдарға қатысты айтылмаған! «Ахль әс-суғур» деген сөздердің астарында жихадта жүрген, немесе соғыс орындарына жақын аудандарда тұратын және болып жатқан жағдай туралы жақсырақ хабары бар білім иелері туралы айтылуда. Ал жихад мәселелерін мужахидтерден зерттеп сұрау қажет дегенге келер болсақ, бұл мәлімдеме Аллаһ Тағаланың: «Егер өздерің білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар!» — деп мужахидтерден емес, ғалымдардан сұрауды бұйырған сөздеріне қайшы келеді.  (ән-Нахль /Нақыл 16: 43).

Сондай-ақ, олардың осы аяттан алған жихад жүргізуші ешқашан тура жолдан ауытқымайды деген дәлелдері де қателік болып табылады! Дүние жүзінде қаншама адам әл-Фатиха сүресін оқиды?! Алайда олардың қаншасы – адасқандар?! Бірақ әл-Бухари мен Муслимнен жеткен сахих хадисте Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын былай деп айтты ғой: «Құдіретті және Ұлы Аллаһ: «Мен намазды Өзім мен Өзімнің құлымның арасында тең бөлдім, және Менің құлыма оның сұрағаны тиеді», — деді». Содан соң Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Оқыңдар! Егер де Аллаһтың құлы: «Саған ғана құлшылық етеміз және Сенен ғана көмек тілейміз» — десе, Аллаһ: «Бұл – Мені мен Менің құлымның арамызда, және Менің құлыма оның сұрағаны тиеді!» — дейді».

Алайда бұл уәдеге қарамастан, біз дүние жүзінде миллиондаған адасқан мұсылмандарды көрудеміз!

Мұсылман адам белгілі бір амал үшін белгілі бір сый әзірленгені туралы Құран мен Сүннеттің мұндай мәтіндерін дұрыс түсінуі қажеттігін атап өту керек. Адам күнәлардың кешірілуі уәде етілген нәрсені орындап болып, енді күнәсіз болдым деп немесе тура жол уәде етілген нәрсені орындап болып, енді 100 пайыз тура жолдамын деп сенім артуына болмайды.

Өйткені ешкім Аллаһ одан істеген белгілі бір амалын қабыл еткеніне толыққанды сенімде бола алмайды. Аллаһтың әмірлерін орындаушы мұсылман «Аллаһ одан қабыл етеді деп үміттенуі керек, бірақ бұған шешімді түрде «ол амал қабыл болды» деген сенімде болмауы керек. Ибн Малик әл-Муқри былай деп айтатын: “Мен Әбу ад-Дарданың былай дегенін естігенмін: «Аллаһ менен бір намазымды болса да қабыл еткеніне нық сенімде болу мен үшін бұл дүниенің барлығы мен ондағы барлық нәрседен абзал болар еді. Өйткені Аллаһ: «Ақиқатында, Аллаһ тек тақуалардан ғана қабыл етеді!» — дейді»”. Ибн Әби Хатим 1/327.

Сондықтан да, біз Аллаһтың уәде еткеніне тек үміт ете аламыз, бірақ бұл бізге бірден берілді деп сенуімізге болмайды! Өйткені Ислам тарихында жихад жүргізіп жүрміз деген қаншама адасушылар болды?! Және қаншама адасушылар күніне 20 рет әл-Фатиханы намаз уақытысында оқи тұра, өз адасушылықтарында қала береді?! Адамның белгілі бір әрекеті Аллаһтың оған басқа белгілі бір амалы үшін уәде еткен сыйын беруіне кедергі болуы да мүмкін!

Және мен өзімді және барлық мұсылмандарды Құран мен Сүннетті әлдебіреулердің кейін бұлжымас ақиқатқа айналып кететін пікірлері мен тұжырымдарымен шектелуге тырыспай, олардың жалпылама (толық) мағынасында түсінуге шақырамын!

Аллаһтан қорқу керек және Аллаһтың дінінен еш нәрсені жасырып қалмау керек.

www.salaf-forum.ru