Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің күпірлікте айыптау мәселесі бойынша мәлімдемесі

Аллаһқа мадақ, Аллаһтың Елшісіне, оның отбасына, барлық сахабаларына және оның жолына ілескендердің барлығына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.

Таиф қаласында хижраның 02.04.1419 жылы (26.07.1998 ж.) өткен Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің 49-сессиясында бұл ұйымның Кеңесі күпірлікте айыптау және көптеген мұсылман және мұсылман емес мемлекеттерінде орын алған, әрі қантөгіс пен қирауларға әкелген жарылыстар туралы мәселені қарап шықты.

Салдары жазықсыз адамдардың опат болуына, мал-мүліктің жойылуына, бейбіт тұрғындардың қорқытылуына және қоғамдық қауіпсіздіктің бұзылуына әкелетін мұндай келеңсіз оқиғалар маңызды болғандықтан, Кеңес бұл мәселе бойынша шешімнің түсіндірмесі жасалатын осы мәлімдемені жариялауды қажетті деп санайды. Бұл мәлімдеменің мақсаты – Аллаһтың құлдарына игі насихат беру, өз парызымызды орындау және мәселе әлі түсінікті болмағандардың түсінігіндегі былықты жою.

Аллаһтан көмек сұрап, біз төмендегіні мәлімдейміз:

1. Күпірлікте айыптау, белгілі бір істердің рұқсат етілгендігі, тыйым салынғандығы немесе міндетті екендігі туралы шешімдер сияқты,   Құран мен Сүннеттің негізінде  қабылданатын шешім болып табылады.

Күпірліктің көрінісі болып танылатын кез келген сөзді немесе істі адамды діннен шығаратын үлкен күпірліктің көрінісі деп есептеуге болмайды.

Күпірлікте айыптау Құранның немесе Сүннеттің анық нұсқауларына негізделуі керек болғандықтан, біз адамды осындай нұсқау бар болған жағдайда ғана кәпір деп есептей аламыз, алайда ешбір күмәнді немесе болжалды нәрсе бұған негіз бола алмайды, өйткені мұндай айыптаулардың салдары өте салмақты.

Күмәнді жағдайларда (тіпті) шариғат бекіткен жазалар қолданылмайды, оларды қолданудың салдарының ауырлығы күпірлікте айыптаудан жеңілдеу болса да. Бұл дегеніміз – егер іс күмән тудырса, күпірлікте айыптаудан тіпті тыйылу керек.

Міне, сондықтан Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, кәпір емес адамға кәпір деген үкім шығарудан сақ болу керектігін ескерткен. Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Егер адам өзінің (Исламдағы) бауырына: «Әй, кәпір!», — десе, бұл олардың біреуіне қайта оралады[1]: ол (адам)[2] ол туралы айтылғандай болса (ол соған лайықты), ал керісінше болған жағдайда (айтылған нәрсе айтқан адамға) қайтады. әл-Бухари «Сахих», №6104 хадис; Муслим «Сахих», №60 хадис.

Кейде сондай Құран аяттары мен хадистер кездеседі, олардың мазмұнынан белгілі бір сөз, амал немесе сенім күпірліктің көрінісі болатынын түсүсінуге болады, бірақ, дегенмен, мұндай сөздерді айтатын, мұндай амалдарды жасайтын немесе мұндай сенімдерді ұстанатын адамдарды, белгілі кедергілер болғандықтан, күпірлікте айыптауға болмайды.

Мұндай шешімді шығару үшін белгілі себептердің және шарттардың болуы және белгілі кедергілердің болмауы қажет, ал бұл басқа да жағдайларға қатысты. Мысалы, егер өлген мұсылманның ағайыны басқа дінді ұстанса, бұл оларға оның (өлген туысқанының) мирасын иемденуіне кедергі болатыныны сияқты.  Ал күпірліктің кейбір көріністері туралы айтар болсақ, иман келтірген адам олар үшін  сөгіске лайықты болады, бірақ мұның негізінде оны күпірлікте айыптамау керек.

Қатты қуаныштың, ашу-ызаның немесе басқа сезімнің ықпалымен мұсылман адам ашық түрде күпірлікке айғақ болатын нәрселерді еріксіз айтып қоюы мүмкін, бұл жөнінде хадистердің бірінде былай деп айтылғандай: «…сөйтіп ол: «Уа, Аллаһ, Сен – менің құлымсың, ал мен – Сенің Раббыңмын!» — деп, (өзін баулап алған)  қатты қуаныштың себебінен қателікке жол беріп,  дауыстай салды». Муслим «Сахих», №2747 хадис.  Алайда мұндай жағдайларда оны күпірлікте айыптамау керек.

Бұл жерде асығыстыққа жол беруге болмайды, өйткені күпірлікте айыпталған адам діннен шыққан адам алатын жазаны алуы мүмкін, ендеше, иман келтірген адамды азғантай ғана күдікке бола қалайша мұнымен (күпірлікпен) айыптауға болмақ?! Бұл мәселеге әсіресе әмірлер (ел басшылары) туралы сөз болатын кезде ерекше абайлықпен келу керек, өйткені әмірді (ел басшысын) күпірлікте айыптау қарулы көтеріліске, анархияның таралуына, қантөгіске және басқа да апаттарға әкеп соғуы мүмкін.

Дәл осы үшін де Пайғамбар және оның сахабалары әмірлерге (ел басшыларына) қарсы шығуға тыйым салатын, ал  Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Тек қана (оның) айқын күпірлікке түскенін көрмесеңдер, бұл жөнінде сендерде Аллаһтан дәлелдер болса», — деді.   Әл-Бухари «Сахих», № 7056 хадис; Муслим «Сахих», № 1709 хадис.

«Тек қана… көрмесеңдер» деген сөздер жалғыз күдіктер мен ел ішінде жүрген әңгімелер жеткіліксіз екенін білдіреді; күпірлік туралы айту, тіпті әмір (ел басшысы) зұлымдық көрсететін, шарап ішетін, құмар ойнайтын және құқығы болмаған нәрселерді иемденіп алатын пасық болса да, бұлар оны күпірлікте айыптауға жеткіліксіз екенін білдіреді; «айқын» деген сөз ашық және еш нәрсемен бүркелмеген күпірліктің меңзеліп тұрғанына нұсқайды; «бұл жөнінде сендерде Аллаһтан дәлелдер болса» деген сөздер толық сенімді көзден алынған айдан анық нұсқау болуы керектігін білдіреді, ал толық айқын емес нұсқау жеткіліксіз болып табылады; «Аллаһтан» деген сөздер бір ғана діндардың сөзі, ол қаншалықты білімдар болса да және қаншалықты сенімге ие болса да, егер ол Құран немесе Сүннеттен айқын және сенімді нұсқаумен бекемделмеген болса, есепке алынбайтынын білдіреді.

Жоғарыда аталған барлық шарттар мұндай мәселеге қаншалықты маңыз беріп қарау керектігін көрсетеді.

Күпірлікте айыптаудағы асығыстық едәуір қауіпті, өйткені Аллаһ Тағала былай деді: «Күдіксіз Раббым арсыздықтарды ғана, олардың көрнеу, көмесін, және (барлық) күнәны, орынсыз озбырлықты, және сендер Аллаһ оған байланысты ешбір дәлел түсірмеген нәрсеге Онымен қатар ғибадат етулеріңді және Аллаһ туралы білмейтін нәрселерді сөйлеулеріңді арам қылды», — деп айт!» (әл-Ағраф сүресі, 33-аят).

2. Күпірлікте айыптаумен байланысты қате көзқарастардың салдары кейбір адамдардың өздері үшін басқа адамдарды өлтіру және қорлау, жеке және қоғамдық мүлікті тәркілеу, үйлер мен көлік құралдарын жару және түрлі кәсіпорындар мен мекемелерді қирату рұқсат етілген деп есептей бастайтыны болып табылады. Ислам ғалымдарының бірауызды пікірінше, мұндай және осыған ұқсас әрекеттерге шариғат тыйым салады, өйткені олар жеке тұлғаға және мал-мүлікке қол сұғылмаушылыққа қатысты озбырлық болып табылады және қоғамдық қауіпсіздік пен жазықсыз адамдардың өміріне қауіп төндіреді.

Ислам мұсылмандардың мал-мүлкіне, ар-намысына және жеке тұлғасына қол сұғылмашулықты бұзуға тыйым салады және бұл Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, қоштасу қажылығында өзінің үмметіне жеткізген ең соңғы өсиеті еді. Пайғамбарымыздың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқаны жеткізіледі: «Ақиқатында, сендердің өмірлерің, мал-мүліктерің және ар-намыстарың тура осы айдағы, тура осы қаладағы, тура осы күндей қасиетті (болуы керек). Мен (осыны сендерге) жеткіздім бе?»

Бұған сахабалар былай деп жауап берді: «Сен жеткіздің, және (өзіңе жүктелгенді) орындадың, және (үмметіңе) игі насихат бердің  деп куәлік береміз».

Содан соң Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Уа, Аллаһ, куә бол, уа, Аллаһ, куә бол!», — деп қайта-қайта айтып, саусағымен бірде аспанға, бірде жерге көрсете берді. Әл-Бухари «Сахих», №1741 хадис; Муслим «Сахих», №1679 хадис.

Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Әрбір мұсылман үшін басқа мұсылманның ар-намысы, мал-мүлкі және өмірі мызғымайтын (болуы керек)», — деді. Муслим «Сахих», №2564.

Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, сондай-ақ былай дегені жеткізіледі: «Зұлымдықтан қорқыңдар, өйткені, ақиқатында, Ақырет Күні зұлымдық (қою) қараңғылыққа[3] (айналады)». Муслим «Сахих», № 2578.

Аллаһ Тағала иман келтірген адамды қасақана өлтіру туралы: «Кім бір мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы ішінде мүлде қалатын Тозақ болады. Сондай-ақ, оған Аллаһтың ашуы, қарғысы болып және зор қинау әзірлеп қойылған!» (ән-Ниса сүресі, 93-аят)  — деп, адамды қақысыз өлтіретіндерге ең қорқынышты сеспен ескерту білдірді.

Ал мұсылмандардың қорғауында болған кәпірді қателікпен өлтіруге келер болсақ, бұл жөнінде Құранда былай делінген: «Ал егер ол[4] (өлтірілген) сендермен олардың арасында келісім болған бір елден болса, өлгеннің иесіне құн тапсырып, әрі бір мүмін құл азат етуі керек» (ән-Ниса сүресі, 92-аят).

Ал егер қорғау астында болған адамды білместікпен өлтіргені үшін құн төлеп, айыпты өтеу амалдарын жасау қажет болса, онда мұндай адамды қасақана өлтіру туралы не айтуға болады?  Мұндай адамды өлтіру едәуір ауыр қылмыс және едәуір салмақты күнә болып табылады, ал сахих хадистердің бірінде Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Муахадты[5] өлтірген (адам) хош иісі қырық жылдық алшақтықтан сезілетін Жәннаттың иісін де сезбейді» — дегені хабарланады. әл-Бухари «Сахих», №3166 хадис.

3. Кеңес адамдарды дәлелсіз айыптау мәселесі бойынша шешімнің және мұндай айыптаулар ауыр теріс салдарымен өте қауіпті болатындығының мәнін түсіндіреді және әлемге мыналарды жариялайды:

Исламның мұндай қате көзқарастармен ортақтығы жоқ. Ал кейбір елдерде орын алып жатқан жазықсыз адамдарды өлтіру, тұрғын үйлерді, көлік құралдарын, мемелекеттік және жеке мекемелерді жару туралы айтар болсақ, бұл әрекеттер қылмыс болып табылады, әрі Исламның олармен еш ортақтығы жоқ. Тура сол сияқты, Аллаһқа және Қиямет күнге иман келтірген кез келген мұсылманның да онымен ешқандай ортақтығы жоқ. Мұндай іс-әрекеттерді тек қана бұрмаланған көзқарасқа және бұзылған сенімге ие адам ғана жасай алады. Ол өзінің күнәсына және өзінің қылмысына жауапкершілік тартады және оның әрекеттерін Исламмен де, іс жүзінде Исламның бекіткен ережелерін басшылыққа алып Құран мен Сүннеттің нұсқауларын ұстанатын мұсылмандармен де байланыстыруға болмайды, өйткені мұндай іс-әрекеттер — нағыз пасықтық және қылмыс болып табылады, әрі шариғатпен де, адамның табиғатының өзімен де тәрк етіледі.  Міне, сондықтан да Құран мен Сүннет мұндай әрекеттерге үзілді-кесілді тыйым салады және оларды жасап жүргендермен байланыста болудан сақтану керектігі туралы қатаң ескертеді. Мысалы,  Аллаһ Тағала былай деді:   «Адамдардан кейбіреулерінің дүние тіршілігіндегі сөзі өзіңді таңарқатады да, (ол) Аллаһты жүрегіндегісіне айғақ қылады. Ол — өте сотқар қаскүнем. Қашан беті бұрылса, жер жүзінде сотқарлық істеуге, сондай-ақ егінді, малды жоқ етуге тырысады, ал Аллаһ жауыздықты жақсы көрмейді» (әл-Бақара сүресі, 204-205-аяттар).

Барлық мұсылмандар, олар қай жерде өмір сүрсе де, ақиқатты ұстануы, бір-біріне игі насихат беруі, әзгілік пен тақуалық амалдарында бір-біріне көмектесуі, адамдардарды  даналықпен және игі сөздермен жақсылыққа үндеп және жамандықтан қайтаруы, сондай-ақ пікірталасты ең көркем нәрселер арқылы жүргізуі керек. Бұл жөнінде Аллаһ Тағала былай дейді: «Жақсылыққа, тақуалыққа бір біріңе жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа бір-біріңе жәрдемдеспеңдер» (әл-Мәида сүресі, 2-аят).

 Аллаһ Тағала сондай-ақ: «Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер — бір-біріне қамқоршы: олар дұрыстыққа талпындырып, бұрыстықтан тосады. Сондай-ақ, олар намаздарын толық орындап, зекет беріп, Аллаһқа, Елшісіне бой ұсынады. Соларды Аллаһ рахымына бөлейді. Расында, Аллаһ – тым Үстем, аса Дана» (әт-Тауба сүресі, 71-аят), — деді.

Аллаһ тағала сондай-ақ былай деді: «Заманға серт. Негізінен адам баласы зиянда. Бірақ сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне хақты үгіттесіп, сабырды үгіттескендер; олар зиянға ұшырамайды» (әл-Аср сүресі, 1-3-аяттар).

Абу Рукәйә Тамим бин Аус әд-Даридің, Аллаһ оған разы болсын, былай дегені хабарланады: «(Бірде) Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Дін – бұл ықыластылық  таныту», — деді. Біз одан: «Кімге қатысты ықыластылық таныту?» — деп сұрадық. Ол: «Аллаһқа[6], оның Кітабына[7], және оның Елшісіне[8], және мұсылмандардың басшыларына[9], және жалпы барлық мұсылмандарға[10]», — деп жауап берді. Муслим «Сахих». Аллаһтың Елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай дегені хабарланады: «Бір-біріне деген сүйіспеншілікте, мейірімділікте және жанашырлықта мүміндер (біртұтас) дене секілді: оның (бір) бөлігіне сырқат тисе, барлық дене бұған ұйқысыздық және қызумен жауап қатады». Әл-Бухари «Сахих», №6011 хадис; Муслим «Сахих», №2586 хадис.

Бұл туралы айтылатын басқа да көптеген аяттар мен хадистер мәлім.

Сондай-ақ, біз Аллаһтан барлық мұсылмандардан жамандықтың бетін аулақ етуін, барлық мұсылман әмірлеріне елдер мен Аллаһтың құлдарына пайда әкелетін істерді орындауға, бұзақылық пен бұзықыларды басып тастауға көмектесуін, олар арқылы Оның дініне көмектесуін, Оның сөзін ұлықтап-биіктетуін және барша мұсылмандардың, олар қай жерде өмір сүрсе де, істерін ретке келтіруін, сондай-ақ ақиқатты қолдауын жалбарынып сұраймыз, өйткені бұл Оған ғана тәуелді және Ол мұны істей алады.

Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына және оның сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.

Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің Кеңесі



[1] Яғни осы сөздерді айтқан адамға, немесе іс ол айтқандай болса, сол туралы айтылған адамға.

[2] Осы сөздер кімге айтылған болса, сол адам.

[3] Тәпсірлерде бұл жерде не қара түнек қараңғылық, не әртүрлі қиындықтар, не азаптар мен жазалар айтылады деп нұсқалады.

[4] Яғни өлтірілген адам.

[5] «Муахад» — Исламды қабылдамаған, бірақ мұсылман елінде келісім бойынша өмір сүріп, жизья (жеке басына төленетін салық) төлеп тұратын адам.

[6] Бұл – Аллаһқа иман келтіруде, Оның әмірлеріне мойынсұнуда, Ол тыйым салған барлық нәрседен тыйылуда, көпқұдайшылықтың кез келген түрінен бас тартуда және тағы да басқа сол сияқты амалдарда көрінеді.

[7] Бұл Құран – Аллаһтың сөзі екендігіне шын ықыласпен сенуді тұспалдайды.

[8] Аллаһтын Елшісіне деген,  оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, ықыласты қатынастың көрінісі оның алып келген жолдауы ақиқат екендігіне кәміл сену, оның әмірлерінің барлығына мойынсұну және оны ардақтап сүю болып табылады.

[9] Бұл мыналарда көрініс табу керек: әмірлерге игі нәрселердің барлығында болысу; оларға шариғатқа қайшы келмейтін нәрселердің барлығында бағыну; және қажет болған жағдайда оларды барлық жамандықтан тосып қалуға талпыныс жасау.

[10] Мұсылмандарға деген ықыласты қатынас олармен бауырлық қарым-қатынас жасауға, оларға көмектесуге, игі кеңестер беруге ұмтылуда, тағы да басқаларда көріну керек.

You may also like...